» » ОРАЛМАНҒА БАСПАНА СЫЙЛАҒАН ЖАЗУШЫ

ОРАЛМАНҒА БАСПАНА СЫЙЛАҒАН ЖАЗУШЫ

Дулат аға, шеттен көшіп келген қандасыңызға бір үйіңізді тегін беріпсіз, сол рас па?


– Үй болғанда, еңселі дача-саяжай ғой. Оны мен Мұхтар Шахановтан сатып алғанмын. Сонда өзіміз бірнеше жыл отырып, осында көшіп келдік. Бос тұрды.

Бір күні біздің үйге екі әйел келді де, «Үйіңізді әрең таптық, сіздің дачаңыздың қасында пәтер жалдап тұрамыз. Монғолиядан көшіп келгенбіз, жеті баламыз бар, қолымызда үлкен-кісілер бар, сіздің үйді сатып алсақ деп едік», – деп мені сол жаққа бастап барды.

Әлгі екі әйелдің бірінің күйеуі Сарыөзекте жол құрылысында жұмыс істейді екен. «Күйеуің айына қанша жалақы алады?», – деп сұрап едім, «500 доллар», – деді. «Мына үйімді қаншаға аламақсыңдар?», – дегенімде, «айына 500 доллардан беріп тұрайық, бізге беріңіз» деп жауап қатты. Балалары қуанып, біз осы үйді алатын болдық, қандай бақыттымыз!», – десіп үйді айналып, бірін-бірі қуалап жүгіре жөнелгені.

Әлгі сәтті көріп, жетім өскен менің көзімнен жас төгіліп кетті. «Япыр-ай, егер ана балалардың бақыты осы үй болса, онда неге тегін бере салмаймын» деп ойлап, «ендеше мына баламның қолына 500 доллар салыңыз, ырымы болсын, осы 7 балаға қосқаным болсын, осылар аман болса, бір жөні болар, сосын үйді тегін алыңыздар»,– дедім.

Олар сенбей тұрып қалды. Кейін бір айдан кейін әлгі бауырларым тағы 500 долларын алып үйге келіпті. Ол кез тамыздың аяғы еді.

«Биыл балаларың мектепке барады екен, бұл ақшаға осыларға киім алып беріңдер», – деп қайтардым.

Осы күнге дейін жеті баланың үйді айнала жүгіргені көз алдымда. Оларды қуантқан сәтімді ойласам, өзіме іштей разы боламын. Содан кейін екі отбасы жақын араласып кеттік.

«Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан сұхбатынан үзінді

02 ақпан 2020 ж. 544 0