№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мүдде біріккен жерде білім сапасы артады

Мүдде біріккен жерде білім сапасы артады


Баланың білімге қызығушылығын арттыру. Білім ордаларындағы бүгінгі таңдағы басты тақырып осы. ХХІ-ғасыр – ақпарат ғасырында жас өскін санасын жан-жақтан ынталаған алапат тасқыннан арашалап, жүйелі білімге баулуда ұстаз тәрбиесі мен ата-ана ұлағатына қандай бетбұрыс қажет?


Аудан орталығындағы №169 орта мектебінде белсенді ата-аналардың басын қосқан тағылымды шарада осы мәселенің түйіні тарқатылды.
Жиынды ашқан мектеп директоры Аллаберген Ахметов «Қазіргі қоғамның дамуы: Оқушының білімге ынтасы мен үлгерім сапасы, мінез-құлқы мен тәртібі, отбасы құндылығы, кәсіптік дағдысы, әлеуметтік қорғалуы» тақырыбында баяндама жасап, осы бағыттағы білім ошағының жай-күйімен таныстырды. Одан әрі білімгерлердің үйірмелерге қамтылуы жөнінде метеп тәрбие ісінің меңгерушілері Сәуле Балтабаева мен Шин Ольга Григорьевна баяндаса, үлгерім сапасы жөнінде метеп директоры оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғалым Рүстемов хабарлама жасады.
– Бүгінгі таңда мектепте 1440 бала білім алуда, – деді ол. Бас-аяғы 400-дей оқушыға лайықталған ғимаратта осыншама шәкіртті оқытып, білім сапасына қол жеткізуде қажырлықпен жұмыс жасаған ұстаз еңбегін айтуымыз керек. Кеше өткен аудандық олимпиадада 31 оқушымыз қатысқан еді, соның 18-і екінші кезеңге өтіп, 14-і жүлделі орындарды еншіледі. Дегенмен, жалпы білім көрсеткішіне тоқталсақ, 2-11 сынып аралығында 1136 оқушыдан 169 ғана үздік, 381-і екпінді, қалған 578-і орта деңгейден көрінуі, 8 екіліктің шығуы бізге әлі көп еңбектенуді, іс-тәжірибемізге тың әдіс-тәсілдерді ендіріп, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста сапаға бағытталған жанды жұмысқа көшуімізді талап етеді.
Тағы бір мәселе, мамандық таңдауда ата-ана баланың жүрек қалауымен санасса құба-құп болар еді. Менің бір шәкіртім болды, спортқа қатты құмартатын. Бірақ ата-анасы оның бұл таңдауына қарсы. Баланың көңіл-күйі түсіп, сабаққа ынтасы азайды. Мен ол баланың ата-анасымен сөйлесіп, бала жағдайын түсіндіруге тырыстым. Ата-ана айтқанымды құп алып, таңдауды баланың өз еркіне берді. Қазір сол оқушым маңдайалды спортсмен. жетістіктерімен аудан мерейін асырып жүр. Ата-анасы мені көрген сайын арнайы бұрылып келіп қолымды алады. Осындай түсіністікке баршамыз қол жеткізуде мектеп пен ата-ана біртұтас мүдделілікте болсақ ұтылмайды екенбіз.
Пятиков Вячеслав Григорьевич, мектеп «Әкелер Кеңесі» ұйымының жетекшісі.
– Осы мектеп қабырғасында оқып жатқан ұлдарымның тәрбиесін таңнан кешке дейін қалт жібермей өзіміз қадағалаймыз деп айта алмаймын. Өзім вахталық кезекте жұмыс жасаймын. Балаларым сабақтан тыс уақытта спорт секциясына жазылған. Мектеп, одан әрі үйірме, сабаққа дайындалуға әрең уақыт табады. Бос уақыты жоқ баланың бейбастық әрекетке баруға мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан балаларды жанына жақын үйірмелерге жаздырып, жан қалауына көңіл бөлсек тәртіпсіздік мәселесіне тосқауыл қоюға болады деп есептеймін.
Екінші мәселе, мектепке оқушының ұялы телефонды алып келуін мүлде тыйым салғандарыңыз дұрыс. Бұз бұны құптаймыз. Алдағы уақытта мектеп ата-аналары арасында ер-азаматтармен жиі бас қосып, бала тәрбиесіндегі шетін мәселелерді талқылап отыруға күш саламыз.
Жоғары сыныпта оқитын ер-азаматтармен ашық пікірталас мәселелері көп түйткілдің тарқатылып, түлектер арасында түсіністік пен ынтымаққа қол жеткізіп жатуына біз де хал-қадірімізше жұмыс жүргіземіз.
Мұхтар Өрғараев, меткеп ата-аналар комитеті төрағасы:
– Соңғы кезде балалардың білім көрсеткіші төмендеуі бізді де қатты толғандырады. Мектеп ұстаздар құрамы мықты. Өзім де осы мектептің түлегімін. Білім сапасы жөнінен алда саналатын ғасырлық тарихы бар білім ошағы осы мазмұнынан жаңылмауы тиіс. Ата-ана ретінде баламның сабағына жиі келіп қатысамын. Жаңартылған білім мазмұнындағы көп детальдар көңілімізден шықпай жүр. Мұғалімді тыңдау жоқ. Балалар бәрі жамырап жауап беруге дағдыланған екен.
Жалпы ұлт дәстүрінде қазақтың өзіне тән үлгі-өнегелері: «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без, ұстазды ұлық тұт» деген ұлы ұғымдар аяқасты болып жатқандай көрінді маған.
Ал есеп сабағына келсек, тақтаға шыққан екі оқушы бірдей теңдеу шешіп, үшінші оқушы жауап беріп жатыр. Балаға онсызда қиын тиетін арифметикалық амалдарды мұғалім өзі жекелеп талдап, баланың миына құйып бермегеннен кейін шаласауаттылық, бара-бара сабаққа қызықпау салдары содан тумай ма?
Бізге 28 жылдан бері әлі бір жүйеге келмеген реформаның талабынан бұрын баламыздың білімі қымбат. Оларға пәнді терең меңгертуде ұстаз бүгінгідей бақылаушы емес, жетекші бола білген маңызды. Журнал дегеннің жойылуы да бала ұмтылысын, сабаққа қызығушылығын кемітті. Баға алмаймын деген ой баланы босбелбеулікке, жайбарақаттыққа, селқостыққа соқтыруда. Бірыңғай жиынтық баға, тоқсандық жиынтық баға үшін аптасына, айына, тоқсанына бір дайындалып, қалған уақытта жағасы жайлауда жүретін жағдай қалыптасты. Меніңше, білім саласында кемшілік көзі осында жатыр.
Жиын соңында сөз алған мектеп басшысы А.Ахметов Абай айтқан «толық адам» деңгейіне жеткізу бағытында ата-анаға артылар міндетті «Аясаң аяма» деген даналық шеңберінде тиянақтады. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина», «Оқығанды айтпа, тоқығанды айт» деген ұлағатты нақылды негізге ала отырып, мұғалім біліктілігі деңгейін көтеруде барлық шаралардың қарастырылатынын жеткізді. Жиында айтылған әлеуметтің ұсыныс-пікірлері, сын-ескертпелердің педагогикалық ұжымның Қаулысына енгізілетінін жеткізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
18 қаңтар 2020 ж. 463 0