№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СУДАН ҚАУІП ЖОҚ

СУДАН ҚАУІП ЖОҚ

2011-2017 жылдар тау беткейден су келіп, жұртты әбігерге салғанын ұмыта қойған жоқпыз. Биыл қалай болады деушілер де жоқ емес. Себебі, қаңтар айы жауын-шашынды болып тұр. Алдағы күндері қалай болатынын білмейміз. Егер Қаратауға мол жаңбыр жауса, таудағы бұлақ-өзендер кемеліне келіп, сауға қарай екпінін күшейте ағатыны белгілі. Сондықтан, сақтықта қорлық жоқ дегендей арнайы мамандармен хабарласып, мән-жайды білдік.

Аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбековтің айтуынша, Жаңақорған кентінен басқа Сырдария өзеніне жақын маңда орналасқан жеті елді мекен қауіпті аймаққа жатады екен. Осы аймақтарда тұратын тұрғындар мен төрт түлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмысшы топтың арнайы отырысы өткізілген. Онда су тасқынына ұшырау қауіпі бар ауылдардың ахуалы жан-жақты қаралып, пысықталып, қорғаныс шараларын күшейту жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, Бесарық, Жиделі су қоймалары мен Шұқырой табиғи су қоймасының жағдайы да бақылауға алыныпты.
Ал, аудан әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов:
– Тапсырмаға сәйкес Көктөбе, Қандөз, Қожакент, Өзгент, Кейден және Төменарық ауылдық округтеріне барып, қорғаныс бөгеттерінің ахуалын анықтап қайттық. Яғни, инертті материалдар қоры анықталып, суретке түсірілді. Тау беткейдегі өзендерді де көрдік... – дейді.
«Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің басшысы Абдімажит Ахметовтің сөзінше, «Бесарық» су қоймасында осы күнге 3,15 млн. текше метр су бар. Желтоқсан айында тауға қар түскенімен, оның қалыңдығы 4-5 сантиметрден аспаған. Ол ери қалған күннің өзінде қарғын қауіпі жоқ. Бесарық өзенінен төмен қарай секундына 0,30 текше метр су түсіп жатыр екен. «Жиделі» су қоймасында 2,0 млн. текше метр су жиналды. Мұнда да Жиделі өзенінен төмен қарай түсіп мардымсыз. Небәрі 0,45 текше метр су келуде.
Қайбір жылы Ақүйік өзенінің суы арнасына сыймай, қауіп төндіргенде Әскер Мұсаев етікпен су кешіп, халықты ортақ іске ұйыстырғанын көрдік. Халықшыл әкімнен де Ақүйік өзенінің су деңгейін сұрадық.
– «Шұқырой» табиғи су қоймасында 8,0 млн. текше метр су болса «Көлтоған» тоғанында 1,5 млн. текше метр су жиналды. Жоғарыдан Ақүйік өзені арқылы секундына 0,25 текше метр су түсуде. Сондықтан, тау өзенінен әзірге қауіпті көріп тұрған жоқпын, – деді әкім.
Қыраш ауылдық округінің әкімі Сәруар Биімбетовке де хабарласқан едік:
– Ауыл жанындағы Ақата тоғанында нақ осы мерзімге 900 мың текше метр су бар. Оған құятын Қайнар бұлақтан секундына 0,002 текше метр су түсуде, – деп жауап қатты.
Міне құзырлы орындардың басшыларының мәліметтеріне сенсек, қауіпсіздік шаралары толығымен жасалған. Кез келген жағдайға 6 ауылдық округке 10 мекеме бекітілсе, арнайы техника 32, жүк көлігі 31 және 130 адамнан тұратын арнайы жасақ даярлыққа алынған...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.

26 қаңтар 2019 ж. 1 030 0