№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қылмысты азайтудың жолы қандай?

Қылмысты азайтудың жолы қандай?

Биыл аудан көлемінде тіркелген қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 10 процентке азайған. Алайда аса ауыр қылмыс, сыбайластық, жол көлік оқиғасы мен ұры-қарылық тиылмай тұр. Әсіресе мал ұрлығының саны биыл екі еселенді. Оны қалай азайтуға болады? Алдын алудың жолы қандай? Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында осы сұрақтарға жауап іздедік.

Аудан әкімі Сұлтан Мақашов төрағалық еткен жиында алғашқы баяндаманы аудан прокурорының орынбасары Ақжолтай Мұқалым жасады. Баяндама мүдделі органдардың құқық бұзушылықпен күресте атқаратын жұмыстарын пысықтап, міндеттерін айқындау мақсатында аталған бағыттағы жұмыстар туралы болды.
– Жыл басынан бері аудан көлемінде 254 қылмыс тіркелген, оның ішінде аса ауыр қылмыс саны алтыға жетсе, үш дерек кісі өлтіру қылмысын көрсетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл ұрлық өсті, әсіресе мал ұрлығы 35-тен 55-ке жетті. 6 аса ауыр қылмыстың төртеуі алкагольдік масаң күйде жасалған. Мұндай қылмыстардың орын алуына бірінші кезекте мүдделі органдармен профилактикалық жұмыстардың өз дәрежесінде жүргізілмеуі себеп болғаны рас, – деді прокурор орынбасары.
Ақжолтай Мұқалым полиция бөлімі мен мемлекеттік кірістер басқармасының жұмысын сынға алды. Өйткені ағымдағы жылы алкоголь өнімдерін белгіленген уақыттан тыс кезде сатудың 2 ғана дерегі тіркеліпті. Жалпы ащы судың кесірінен өлім дерегіне тіркелген қылмыстың бірі Төменарық ауылында орын алғаны белгілі. Қылмыскер наркологиялық есепте тұратын азамат екен.
Прокурор келесі кезекте мал ұрлығын нақтылады. Жасыратыны жоқ барымташыларға тосқауыл болмай тұр. Жалпы 55 қылмыстан келтірілген шығын 17 млн. теңгеге жеткен. Осындай қылмысқа басты себеп паданың жоқтығынан дейді құзырлы орган өкілдері. Әсіресе аудан орталығында мал ұрлығы жиі орын алуда. Кейден ауылында да мал ұрлығының 11 дерегі тіркеліпті.
– Мал ұрлығы әдетте өрісте орын алатын болса, биыл қора мен жайылымдық жерден қолды болу дерегі өсті. Сондықтан қылмыстың алдын алу мақсатында прокуратураның бастамасымен жұмысшы топ құрылған болатын. Алайда жұмысшы топтың жұмысы жүйелі емес. Өйткені 2 жылдың ішінде бірде-бір қылмыс ашылмаған, – деді А.Мұқалым.
Үшіншіден, ауданда есірткі саудасы да белең алып тұр. Биыл есірткі алқабы бойынша бес дерек тіркелген. Шаруа қожалық, орман қорына тиесілі жерлердің босалқы жер учаскесіне заңсыз есірткі заты егілген. Міне осылардың алдын алу бағытында прокуратура әлі жұмысты күшейту керектігін жеткізді. Сондай-ақ, сексеуіл ағаштарын заңсыз тасымалдауға да тосқауылды күшейту керектігін көтерді.
Төртіншіден, аудан жолдарында қауіпсіздік жайы да мәз емес. Биыл 27 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 40 тұлға зардап шеккен. Олардың 31-і дене жарақатын алса, 7 адам қайтыс болған. Жол көлік оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Бұл көрсеткіш бойынша Жаңақорған ауданы қаладан кейінгі екінші орынға тұрақтаған. Жол көлік оқиғасының орын алуына көбіне масаң күйде көлік басқарған тұлғалар кінәлі. Наркологиялық орталықта есепте тұрған 19, психиатриялық есепте тұратын 26 науқастың жүргізу куәліктері бар екені анықталған.
– Жол көлік оқиғасына себеп жағдайдың бірі жол белгілерінің толық орнатылмағаны. Әсіресе мектеп жанындағы жол белгілерінің саны аз. 42 білім беру ошағының 16-сында ғана тиісті жол белгілері бар. Одан бөлек, жүргізушілердің көлік басқару құқығынсыз темір тұлпарды тізгіндеуі жиі орын алуда. Осы орайда, полиция бөлімінің жұмысын күшейту керек, – деді хабарламашы.
Бесіншіден, ауданда тағы бір етек жайған қылмыстың бірі – сыбайлас жемқорлық. Жергілікті және орталық атқарушы орган қызметкерлеріне қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген. Олардың қатарында кент әкімі, мектеп директоры, фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы аудандық филиалының басшысы және т.б. бар. Келесі кезекте аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев баяндама жасады.
– 2019 жылдың 8 айында аудан көлемінде 45 мал ұрлығы орын алса, соның 11 дерегі бойынша күдіктілер анықталып, сотқа жолданды. 27 қылмыстың мерзімі үзілсе, 7 қылмыстық іс өндірісте. Жалпы алғанда аудандық полиция бөлімі мал ұрлығының алдын-алу бағытында жұмысты күшейтті. Сенбі, жексенбі күндері көрші өңірлерге мал тасымалдауға 2 ауысымда бекет қойылып, тексеруді бақылауға алдық. Елді мекендерде «Сақшы-сарбаз» тобы жасақталып, учаскелік полиция инспекторлары мен ауыл тұрғындары біріге жұмыс жасауда, – деді полиция бастығы.
Жиын барысында мал ұрлығына тосқауыл қою бағытында атқарылып жатқан шаралар бойынша ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан Беркімбаев баяндама жасады. Одан соң биыл қылмысы өршіп тұрған Төменарық ауылдық округінің әкімі Н.Қошқарбеков, сыбайлас жемқорлыққа байланысты білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов пен жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Серік Өмірбек хабарлама жасады.
Сөз соңы. Кезекті комиссия отырысында құзырлы органдар қылмысты азайтудың жолын талқылады. Тоғыз айды қорытқан сала мамандары келер жылы білек сыбана кірісіп, мал ұрлығы, жол көлік оқиғасы мен сыбайлас жемқорлықты алдын алуды мейлінше күшейтуге кірісетін болады...

Әли ТЕМІРБЕК
08 қазан 2019 ж. 1 187 0