№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Көршілері қаралы үйден хабарсыз болып шықты

Көршілері қаралы үйден хабарсыз болып шықты

«Бала – бауыр етің» деген мақал бар. Оның мәнісі ата-ана үшін баланың орны бөлек. Иә ізін басар ұрпағы үшін ата-ана қандай қиындықты болса да жеңуге әзір. Ғасырлармен сабақтасқан отбасылық құндылықтан осыны көруге болады. Бірақ нарыққа байланған бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіне баса мән бере алмай жүргеніміз шындық.
Өткенге ой жіберіп, кешегі мен бүгінді саралай қарағанда жастардың психологиясы, дүние-танамы өзгергенін аңғарасыз. Неге дейсіз ғой!? Соғыстан кейінгі жылдары дүниеге келіп, ақыл тоқтатқан біздер еңбек майданында шыңдалдық. Мектептен тыс уақытта үйдегі және түздегі жұмысты жауапкершілікпен атқардық.
Дастарқан басында әкеміз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, адалдық, адамгершілік тақырыбын арқау ететін. Үлкендердің бойына сондай қасиеттер ажар беретін. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, бір-біріне бауырмал болу құндылығын бойымызға сіңірді. Сөз жоқ, балалық шағын еске алмайтын адам жоқ. Біздің балалық шағымыз бірі жетіп, бірі жетпей жатқан кез болса да ағайынгершілік, туысқандық қарым-қатынасты еске аламыз.
Бір-біріне дем беру, асарлату секілді қайырлы істерге белсенді қатысатынбыз. Сол кездері асарлатып салынған үйлер көзге ыстық көрінеді. Өйткені ауылдастардың, ағайынның еңбегі сіңді. Шіркін-ай, ортақ жұмысқа ауылдастар түгел қатысатын. Әлдебір себептермен қатыса алмай қалғаны келесі жолы белсенді қатысып, «қарызын» өтегендей болатын. Жұрттың осы қаркетін көріп өскендіктен көпшіл, ағайыншыл болуға тырыстық. Ал қазір ше? Балаларымыз көптің ісіне ұйыса ала ма? Көрші-қолаң, ағайын-туыстың ортақ бастамасына қосыла ма?
Шүкір! Ел тыныш, жұрт аман. Алайда адами пиғыл өзгерді. Еңбекті тәрбие құралы ретінде қолдану жағы қалды. Мектепте сенбілікке шақырса, «балам мектепті тазалауға міндетті емес» дейтін ата-аналар табылады. Сонда қалай? Оқушы өзі оқитын мектепті тазаласа бір жері кеміп қала ма? Жоқ, қайта мектептегі мүлікке жанашырлықпен қарайтын еді ғой! Оны неге ескермейміз? Кезінде оқушылар мен студенттерден құрылған жасақтар масақ теруге, жүзім жинауға атсалысты. Солардың бірде-біреуі қоғамнан кеміп қалған жоқ. Достармен араласты, сыйласты, еңбек құндылығын түсінді. Әлемде Жапония озық экономикасымен ерекшеленеді. Оларда оқушыны мектеп жасынан еңбекке, тазалық, экологиялық сауаттылыққа баулиды. Сондықтан бәсекеге қабілетті болып отыр.
Жасыратыны жоқ, құрылыс жұмыстарына адам таппайсыз. Амал жоқ, өзге ұлт өкілін жалдайсыз. Олар біздің қомақты қаржымызды еліне тасуда. Маусымдық немесе құрылыс жұмысына өзіміздің ағайынды шақырсаңыз айдағы бағаны айтады, екі-үш күнде келіскен қаржының бір бөлігін сұрайды, сосын той-томалақ пен өлім-жітім көбейіп, жұмысты аяқсыз қалдырып жатады. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ қоғамдағы ортақ құбылыс осыған тән.  
Ең өкініштісі, көршінің қызықшылығына ортақтасып, қайғысын бөлісетіндер азайды. Жақында Шымкент қаласына бардық. Жаназаға. Құда-жекжатымыз азаматынан айырылғанына қайғырып жатса, көршілері қазалы үйден хабарсыз болып шықты. Бұл қалай болғаны?!
Ұялы телефонға күн ұзақ телмірген жастарды жөнге салмасақ ертең бәсекеге қабілетті дами алмайтынымыз анық. Ең болмағанда, жастарға үйдің тірлігі мен тіршілігіне қатысып, жауапкершілікпен атқаруын үйретпесек болмайды. Жұмысбасты ата-ана баланың тәрбиесін интернетке беріп қойды. Қадағалаусыз жүрген бала эгоист, менмен, жалқау болып қалыптасады.
Адамның ең үлкен байлығы – ұрпағы. Ұл-қызы еңбекқор, тәлімді өссе қоғамның байлығы. Сондықтан әрбір ата-ана баланың жақсы болып өсуіне уақыт бөліп, назарда ұстағаны абзал. Бала тәрбиесі – баршаға ортақ екенін ұмытпайық, ағайын!

                                                                                                                                                Жұман ӨТКЕЛБАЙ
17 қараша 2019 ж. 574 0