№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛА ТӘРБИЕСІ: ҚАЙ ЖЕРДЕН ҚАТЕЛЕСТІК?

БАЛА ТӘРБИЕСІ: ҚАЙ ЖЕРДЕН ҚАТЕЛЕСТІК?


Қазір осы сұрақтың төңірегінде пікір-талас көп. Оған мектеп оқушыларының бір-біріне пышақ ала жүгіріп, ауыр жарақаттауы себеп болуда. Мұндай жағдайдың жиілеп кеткенінен бе, тіпті, таңғалмайтын болдық. Жақында Жаңақорған кентінде осыған ұқсас жағдай орын алғандықтан №163 мектепте сала басшылары мен депутаттар, прокуратура мен ішкі істер бөлімінің басшылары, ұстаздар мен ата-аналар жиналып, тәртіпсіздіктің мән-жайын саралады.

Алқалы жиынды аудан прокурорының орынбасары Алмат Абдуллаев ашып, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыстылықтың алдын алуда және олардың топ-топқа бөліну оқиғаларын болдырмауда ата-ана мен ұстаздар қауымы бірлесе жұмысты жүйелей түсу қажеттілігін айтты.
Отбасы – қоғамның қозғаушы күші. Бала отбасында бала үлкендермен араласып, өмірді таниды. Жас шыбық қандай иілгіш болса, жастар да жақсы мен жаманға бірдей бейімделгіш келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл соның дәлелі. Яғни, ата-ана өзінің мінез-құлқымен, дағды-әрекетімен, іс-әрекетімен, жүріс-тұрысымен үлгі болады. Ең бастысы, баланың бос уақытына мән беріп, қандай сабаққа қызығатынын, қай спортқа бейім екенін анықтап, бағыт-бағдар беру маңызды. Шараның модераторы, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов осы ойды тереңірек қаузап, бала тәрбиесіне салғырт қарауды көтермейтін, аса күрделі әрі жауапкершілікті іс екенін назарға салды.
№163 мектептің полиция инспекторы Арыстанбек Төлешов:
– Жаңақорған кентіндегі қоғамдық орындар мен көшелерде, мейрамханалар мен кафелерде оқушылардың түнгі жүрістерін тыю және беймезгіл уақытта құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтке шығып, нәтижесінде мектептің 17 оқушысы сағат 23.00-ден кейін үй-жайдан тыс жерлерде ұсталып, ата-анасына әкімшілік шара көрілді. Жалпы, №163 мектепте 1497 оқушы оқыса, оның алтауы мектепішілік есепке алынса, бесеуі қолайсыз отбасының балалары. Олармен мектеп директоры, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, психолог, сынып жетекшісі жұмыс жасайды. Дегенмен, ата-анасы баласының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, мектептен кейінгі уақытта баланың білім мен тәрбие алуына бақылау жасауды ұмытпаса екен, – деп ахуалды баяндады.
Жиынға қатысқан аудан əкімінің əйелдер ісі, отбасы жəне гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Азия Қыстаубаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Әлібек Әкімбек, №163 мектептің директоры Күланда Жақыпбекова бала тәрбиесіне, ата-ананың жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігіне қатысты түйдек-түйдек ойларын ортаға салды.
Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын болмақ. «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесін әріден бастау керектігін бекерден айтпаған. Сол жастарды патриот ететін орта – отбасы болғандықтан «Отан – отбасынан басталады» демей ме?
Енді тақырыпқа қайта оралып, бала тәрбиесінде қай жерден қателестік? Соған кеңірек тоқталсақ...
Бүгінгі нарықтық қоғамдағы көрініс қандай? Ата-ана күйбең тіршілікке байланды. Баланың тәрбие құралына теледидар мен интернет айналды. Сондықтан, бақылаусыз, қараусыз қалған жастар ақпарат көздерінен керекті-керексіз ақпараттарды алып, батыстың менталитетін бойына сіңіріп, санасы улануда. Жастардың рухани құндылықтары әлеуметтік желілерде айтылған ойлар арқылы да қалыптасуда. Сондықтан, интернет және әлеуметтік желілердің атқаратын көпқырлы қызметін тиімді пайдалануды жолға қою қажет-ақ.
Екіншіден, отбасында әке рөлін күшейтпей, ұлдың тәрбиесі оңалмайды. «Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаған ғой. Ол үшін қоғамда әкенің қадірін арттырып, қасиетін биіктетіп көрсету керек. Яғни, әкенің қадірін қайтаруды – ұлттың қадірін қайтарумен пара-пар деп қарауымыз тиіс. Мектептерде де ер мұғалімнің үлесін арттыру да маңызды. Ердің тәлімін көрген ер мінезді келеді. Мұны психологтар мен әлеуметтанушылар да растап, ер мұғалімі басым мектептерде тәртіп бұзушылық аз болатынын алға тартады.
Үшіншіден, отбасындағы тәрбиенің ең абзалы – баланы еңбекке үйрету. Себебі, еңбек – тәрбиенің бастауы. Еңбек ете білмеген бала ортаға сіңісуі де қиын болады екен. Осыны түсінген ата-аналар баланы еңбекқорлыққа баулығаны абзал.
Жалпы, ұлдың тәрбиесі төңірегінде бұдан басқа мәселелер көп. Ал, қыздың тәрбиесі бөлек әңгіме. Ол жайында алдағы уақытта кеңірек тоқталатын боламыз...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
09 ақпан 2019 ж. 986 0