№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Түгіскен" тұқым шаруашылығы ЖШС инновацияға мән берді

"Түгіскен" тұқым шаруашылығы ЖШС инновацияға мән берді

Сырдың бойына күздің реңі кіре бастады. Әсіресе Сейхуннан нәр алатын тораңғыл, жиде, сәмбі талдар сары-қызыл түске боянып, далаға ерекше көрік беруде. Мұны күздің көңіл сергітер сәті дерсіз. Күз демекші, тауық пен балапанды, балық пен шабақты санайтын ырысты, берекелі мезгіл ғой. Яғни, диқан қауымы алажаздай жерге сіңірген еңбегін шашпай-төкпей жинауға күш салатын уақыт. Жиын-терім қызған шақта аудан басшысы Сұлтан Мақашовтың жол бастауымен жолға шықтық. Сапарластарымыз аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопыбеков пен ауылшаруашылығы саласына жауапты басшы Тұрған Базарбаев.



Жалпы жаңақорғандықтар аграрлы салаға бейім. Сондықтан аграрлы кешеннің қарқынды өсуін қамтамасыз етіп, тиімді бизнес көзіне айналдырып, тұрақты жұмыс көздерін ашу маңызды. Әкім осы бағыттағы жұмыстарды бағамдау. Алдымен «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС қырманына табан тіредік. Аудандағы инновациялық бағытта дамуға күш салып, ғылыммен байланыс орнатқан бірден-бір шаруашылық.
– Қамба дәнге толсын! – деді Сұлтан Ысқақұлы.
– Аумин! Қош келдіңіз! – деді серіктестік төрағасы Нәметулла Рүстемов.
– Өнімділік қалай?
– Шүкір! Қазір гектарынан 48-50 центнерден өнім жинаудамыз. Әзірге қамбаға 500 тонна дәнді дақыл құйылды. Оның 300 тоннасы тұқымдыққа жинадық.
– Егіс көлемі қанша?
– Серіктестіктің жалпы жер көлемі – 2040 гектар. Оның 1245 гектары егістік. Биыл 530 гектарға күріштің дәнін тастадық. Сондай-ақ бидай 143 гектар, ескі жоңышқа 600 гектарды құрайды.
– Техника жеткілікті ме?
– Күрішті шашпай-төкпей жинауға қажетті техника бар. Оның бесеуі комбайн (екі жатка). Оның ішінде германиялық «CLAAS», канадалық «MacDon», украиналық «Essil» маркалы комбайны күрішті шашпай жинап, өнімділікті арттыратынын айту керек. Тасымалға екі трактор тіркемесімен, екі жүк көлігі бар.
Сөзге ауылшаруашылығы саласын жетік білетін басшы Ғалымжан Жарқынбекұлы араласып:
– «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС заманауи технологияны өнімділікті арттыруда пайдаланып жатқан және агротехникалық ережелерді сақтайтын шаруашылық, – деді.
Бұл ойды Нәметулла Рүстемов қуаттап:
– Былтыр Қытайдан ауылшаруашылық жұмыстарын өңдейтін дрон алдық. Құрылғы арқылы егістіктің қай учаскесіне минералды тыңайтқыштар мен гербицид беру қажеттілігі анықтап, дәл мөлшерде бердік. Біріншіден шығынды азайтуға, екіншіден өнімділікті арттыруда септігі мол. Енді дрон санын көбейту ойда бар, – деді.
– Заманауи технологиясыз өнімділікті арттыру мүмкін емес. Жер тегістейтін лазерлік техника «Mara» бар ма? – деді әкім.
– Алдағы жылы алу ойда бар – деді төраға.
– «Mara-ны» алғаннан кейін өнімділікті артқанын бірден көресіз. Сондықтан заманауи техниканы алуға жұмыс жасау керек, – деді ауданның бірінші басшысы.
Одан кейін серіктестік төрағасы әкімге егіс даласына баруды ұсынып, жол бастады.
Бірер минуттан кейін шаң көтеріп жатқан жерге қарай беттедік. Нағыз еңбек қыза түскен екен. Екі комбайн бірімен-бірі жарысып, егістікте жатқан сары сабақты күрішті асыға, аптыға жұтып, артынан будақ-будақ шаң көтеруде. Ентіге зулаған комбайндар бірнеше рет айналғаннан кейін жүк көлікке келіп, алтын дәнді тиеп, қайтадан дәнді дақылды дарқан далаға сүмгіп кетеді. Табиғи көріністі тамашалап біраз тұрдық. Әкім қайта сөз бастады.
– Күріштің қандай тұқымдарын ектіңіздер?
– «Лидер», «АйКерім», «Маржан» тұқымын ектік.
– Дала жұмысы төзімділікті, білімділікті, ептілікті талап етеді. Бәрінен бұрын, өнімді дер кезінде өткізудің жолын табу маңызды. Яғни диқаншылық жұмыс егін егумен шектелмейді. Солай емес пе?
– Біз тұқымды сақтаймыз. Басты артықшылығымыз осы. Қазірдің өзінде тұқымдық күрішке сұраныс жоғары. Әсіресе селекциянер Керімхан Егізбаевтың сапалы өнім алуға толық мүмкіндік беретін «АйКерім» сортына сұраныс артып келеді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
14 қыркүйек 2019 ж. 1 049 0