№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДАҚЫЛДЫ ЕРТЕ ЕГУ – СУ ТАПШЫЛЫҒЫНАН ҚҰТҚАРАДЫ

ДАҚЫЛДЫ ЕРТЕ ЕГУ – СУ ТАПШЫЛЫҒЫНАН ҚҰТҚАРАДЫ


«Көктемнің бір күні – жылға азық». Тауып айтылған тапқыр сөз. Себебі, қазір дала жұмыстарында әр күнді сапалы жұмылдыру керек. Бұл – күздегі бітік егіннің кепілі. Мұндай қарбаласқан сәтте аудан басшылары да кабинетте қамалып отыра алмайтыны түсінікті-ақ. Көктемгі дала жұмыстарын көзбен көріп, көңілге түйіп қайту мақсатында аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаев дихандармен кездесіп қайтты. Біз сала басшысы Тұрған Сайымбайұлынан мән-жайды білдік.


– Қай шаруашылыққа бар­дың­ыздар?
– Аққорған ауылдық округіндегі «Түгіс­кен» тәжірибелі тұқым шаруа­шылығына барып, көктемгі дала жұмыстарының ба­рысын бағамдап қайттық. Биыл диқандар жылдағыдан ерте қимылдап, суды 20 күн бұрын бастырыпты.
«Түгіскен» мемлекеттік тәжірибелі тұ­қым шаруашылығы 1400 гектар жерге да­қыл егуді жоспарлаған. Оның ішінде негізгі дақыл күріш болғандықтан 500 гектарға егуді бастаған. 90 пайызы егілген. Қазір тыңайтқыштарын беріп, суға бастырып жатыр екен.
– Жаңа бірқатар шаруашылықтар дақыл егуді жылдағыдан ерте бастап кетті дедіңіз. Бұл қаншалықты ғылы­ми дәйектелген? Одан диқандар не ұтады? Өнімнің сапасы артып, түсімі молая ма?
– Биыл көктем былтырғыға қарағанда 15-20 күндей ерте шықты. Ауа райы 20-25 градус болғанда, жердің жылуы 12 градусқа жетеді. Сол кезде күріш дақылы егіледі. Былтыр көктем кеш шыққандықтан, күріш егуді мамырдың бесінде бастағанбыз. Соның салдарынан диқандар егіс пісуге жақындағанда судан тапшылық көрді.
Биыл сәуірдің ортасында бастап кетті. Себебі, су тапшылығының да алдын алу керек. Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титу­тынан шаруашылықтарға арнайы кесте жасатып, іске кірістік. Олар бізге сәуірдің 15-сінен бастап дақылдарды егуге кеңес берді. Сәуір-мамыр дақылдарға қолайлы мезгіл. Біз оңтүстік аудан болғандықтан ауа райы жылы, қолайлы. Осы мүмкіншілікті тиімді пайдалануымыз керек.
– 2017 жылдың қорытындысымен егін шаруашылығын дамытуда жоғар­ғы көрсеткіштерге қол жет­кізгені үшін «Үздік аудан» атандық. Ал, 2018 жылы «Озат аудан» аталымына ие болдық. Биылғы жоспарланған меже де жоғары. Мұндай көрсеткіштерге жетудің сыры неде?
– Ғалым Әміреев әкім болып келісімен ауыл шаруашылығы саласына мән бер­ді. Әсіресе, егін шаруашылығында бетбұ­рыстар жасады. Атап айтқанда, өнімділігі жоғары күріштің тұқымына қол жеткізуде іскерлік танытты. Яғни, өнімділігі жоғары «Лидер» мен «Фавориттің» тұқымын «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС арқылы төмен бағада алынды. Екіншіден, ауылшаруашылығы саласына қаржы келмей көсегесі көгермейді. Сондықтан шетелдік және отандық ірі компаниялардан қаржы тартып, ауылға жаңа технология келуіне жағдай жасалуы қажет. Бұл бағытта да тыңдырымды жұмыстар жасалды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық авто жолының бойында агро-индустриялық аймақ құрылды. Мұндай игілікті істер ауыл­дық округтерде де құрылды. Мұның бәрі ауылшаруашылығы саласына серпіліс бергені белгілі.
– Биылғы меже қандай?
– 6857 га жерге күріштің дәні себіледі. Оның ішінде, Аққорған ауылдық округі – 1364 га, Қожакент – 1337 га, Келінтөбе – 1166 га, Қыркеңсе – 868 га жерге дәнді дақыл егеді. Сондай-ақ, Жаңарық, Қаратөбе, Өзгент, М.Нәлібаев, Сунақата, Екпінді елді мекенінің шаруашылықтары күрішті суға бастыруда.
– Енді «Түгіскен» тәжірибелі тұқым шаруашылығы жайында кеңірек тоқ­тала кетсеңіз.
– «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС егіннің өнімділігін арттыруда заманауи технологияны сәтті қолданып келеді. Былтыр «Агро Дронның» мүмкіндіктерін пайдаланып, шығынның көлемін азайтты. Оның үстіне, аудандағы бірден-бір тұқым шаруашылығы. Мұнда соңғы жылдары күріштің «Маржан» сұрыбы өсірілген болатын. Қазіргі кезде күріштің жаңа сұрыптарын өндіріске енгізуде белсенділік танытуда. Ресейдің «Лидер» деген сұрыбы егілді. Одан кейін «Фаворит» және «Новатор» деген сұрыптарын тәжірибеден өткізді. Нәтижесінде «Лидер» сұрыбының біздің жерге қолайлы екені анықталды. Мұның басқаларынан артықшылығы пісіп жетілу мерзімі ертелеу әрі өнімі де жоғары, сапалы болатындықтан ауданда осыған бет бұрудамыз. Сондай-ақ, «Айгерім» деген қазақстандық сұрыпты тәжірибеден өткізілуде.
– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары дарияның деңгейі түсіп барады. Ауыл шаруашылығы мамандары мен ға­лым­дар суды көп қажет ететін күріш дақылынан гөрі суды аз қажет ететін дақылдарды егуге кеңес беруде. Бұл қаншалықты өміршең жобалар?
– Биыл су тапшылығы болады деген болжамға байланысты ауданда егілетін дақылдарды әртараптандыруға кірісудеміз. Ауданның суды аз қажет ететін дақылдар егуге арнайы бағдарламасы бар. Жылда сегіз-тоғыз мың гектар егіп жүрген аудан, алты мың сегіз жүз гектарға жоспарладық. Оның орнына мақсары, күздік бидай, жоңышқа алқабын ұлғайтудамыз. Жоңышқа дақылы былтыр 16 мың гектар болса, биыл 18 мың гектарға егудеміз. Былтыр күздік бидай бір мың бес жүз гектар болса, биыл екі мың жеті жүз отыз гектарға шашылады. Майлы дақыл екі мың бес жүз гектарға егіледі. Қазіргі таңда ерте егілетін арпа, бидай, жоңышқа, мақсары дақылдарын себу толығымен аяқталды. Жоңышқаның көп егілуі ол өзінің бойындағы азотпен жерді құнарландырады. Қалған дақылдар жерден өзіне қажетті қорегін алады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Иса БЕРКІМБАЙ.
07 мамыр 2019 ж. 1 347 0