Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Агроаймақ: төменарықтағы тындырымды тірлік

Агроаймақ: төменарықтағы тындырымды тірлік


Елде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында алдыға батыл қадам жасап, Үшінші жаңғыруды бастауға пәрмен берді. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыруға баса маңыз берілді. Яғни ол өз кезегінде агралы саланың қарқынды өсуін және оны тиімді бизнес көзіне айналдырып, тұрақты жұмыс көздерінің ашылуына даңғыл жол ашады.
Осы орайда, бір ғана ауылшаруашылық саласы бағыты бойынша Жаңақорған ауданы аймақтың алдыңғы қатарлы көшбасшысына айналды. Оған қоса, аудан әкімі Ғалым Әміреевтің инициативасымен жарқын жобалар мен жаңашыл бастамалар жүзеге аса бастады. Соның айқын бір көрінісі ретінде аудан орталығынан бөлек, ауыл-аймақтан да агрозоналардың ашылуы. Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағытты одан әрі дамыта түсу мақсатында Төменарық ауылында агро-индустриялық аймақ ашылды.
Бүгінде 50 гектар аумақ қоршаланып, оның 20 гектарына бақша дақылдары егілді. Аяқсуы келіп тұр. Тек ерінбей еңбектеніп, маңдай терді төксе болғаны. Оған қоса, жұмыс көзі. Осы агро-аймақтан 31 ауыл тұрғынына жер телімі бөлініп берілген. Оның ішінде, әкімдік тұрмысы төмен 18 отбасына жерін аударып, арықтарын салып берген.
– Өздеріңізге белгілі, өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге асуда. Жалпы халық үшін жасалған құнды құжаттың діттегені – өңірлік кәсіпкерліктің қалыпты және теңдестірілген өсімін қамтамасыз ету. Сондай-ақ халықты нәтижелі жұмыспен қамту және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Осы мақсатта, төменарықтық тұрғындарды жұмысқа тартып, әрі атакәсіпті арқау етуге мол мүмкіндік ашылды. Қазіргі таңда қарекет жасап, бақша өнімдерін егіп, баптап жатырмыз, – дейді ауыл әкімі Найрахман Фазылов.
Иә, табыс табуға бастайтын аграрлы жобаның ауылда жүзеге асқанына тұрғындарда дән риза. Бүгіннің өзінде еңбекқор диқандар агро-аймаққа қауын-2 га, қарбыз-5 га, асқабақ-8 га, қызанақ-1,02 га, картоп-4 гектарға еккен. Осылайша, отыз отбасы диқаншылықты кәсіп етіп, тындырымды тірлік жасауда.
– Әзірге азғантай аумақ жерге бақша, көкөніс өнімдерін ектім. Енді уақтылы суарып, күтімін бақылау керек. Жалпы, ерінбей еңбек етсең, Жаратқан ризықсыз қалдырмайды. Келесі жылы жер көлемін ұлғайтып, молырақ өнім алуға жұмыс жасасақ деген жоспар бар. Ең бастысы, істі ұйымдастырып, агро-аймақтың ашылуына себепкер болған басшыларға алғысым зор, – дейді төменарықтық диқаншы Марат Қалдаров.
Иә, түйіндей айтқанда, ауданда агрокәсіп кешенінің келешегі кемел. Атакәсіпті дамытуға мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалған. Тек тұрғындар ерінбей еңбек етсе, жергілікті билік ұтымды істі ұйымдастыруға барын салуда. Жаңақорған ертеден аграрлы салаға бейім аудан. Ауылдық округтердің де орналасқан аймағына сай өзіндік шаруашылықтары бар. Ендігі кезекте, көрсетіліп жатқан қолдаудан нәтиже шығарып, өзге аймақтарға үлгі боларлық өнім алса игі. Бұл да болса, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының түзелуіне өзіндік үлесін қосары сөзсіз.

Әбдісамат ӘБДІШ.
02 маусым 2018 ж. 1 057 0