№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АГРАРЛЫҚ САЛА: ӨНДІРІСТЕГІ БАСЫМ БАҒЫТТАР

АГРАРЛЫҚ САЛА: ӨНДІРІСТЕГІ БАСЫМ БАҒЫТТАР

Сырдың бойына күздің реңі кіре бастады. Әсіресе Сейхуннан нәр алатын тораңғыл, жиде, сәмбі талдар сары-қызыл түске боянып, далаға ерекше көрік беруде. Мұны күздің көңіл сергітер сәті дерсіз. Күз демекші, тауық пен балапанды, балық пен шабақты санайтын ырысты, берекелі мезгіл ғой. Яғни, диқан қауымы алажаздай жерге сіңірген еңбегін шашпай-төкпей жинауға күш салатын уақыт. Жиын-терім қызған шақта аудан басшысы Сұлтан Мақашовтың жол бастауымен жолға шықтық. Сапарластарымыз аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопыбеков пен ауылшаруашылығы саласына жауапты басшы Тұрған Базарбаев.

Жалпы жаңақорғандықтар аграрлы салаға бейім. Сондықтан аграрлы кешеннің қарқынды өсуін қамтамасыз етіп, тиімді бизнес көзіне айналдырып, тұрақты жұмыс көздерін ашу маңызды. Әкім осы бағыттағы жұмыстарды бағамдау. Алдымен «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС қырманына табан тіредік. Аудандағы инновациялық бағытта дамуға күш салып, ғылыммен байланыс орнатқан бірден-бір шаруашылық.
– Қамба дәнге толсын! – деді Сұлтан Ысқақұлы.
– Аумин! Қош келдіңіз! – деді серіктестік төрағасы Нәметулла Рүстемов.
– Өнімділік қалай?
– Шүкір! Қазір гектарынан 48-50 центнерден өнім жинаудамыз. Әзірге қамбаға 500 тонна дәнді дақыл құйылды. Оның 300 тоннасы тұқымдыққа жинадық.
– Егіс көлемі қанша?
– Серіктестіктің жалпы жер көлемі – 2040 гектар. Оның 1245 гектары егістік. Биыл 530 гектарға күріштің дәнін тастадық. Сондай-ақ бидай 143 гектар, ескі жоңышқа 600 гектарды құрайды.
– Техника жеткілікті ме?
– Күрішті шашпай-төкпей жинауға қажетті техника бар. Оның бесеуі комбайн (екі жатка). Оның ішінде германиялық «CLAAS», канадалық «MacDon», украиналық «Essil» маркалы комбайны күрішті шашпай жинап, өнімділікті арттыратынын айту керек. Тасымалға екі трактор тіркемесімен, екі жүк көлігі бар.
Сөзге ауылшаруашылығы саласын жетік білетін басшы Ғалымжан Жарқынбекұлы араласып:
– «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС заманауи технологияны өнімділікті арттыруда пайдаланып жатқан және агротехникалық ережелерді сақтайтын шаруашылық, – деді.
Бұл ойды Нәметулла Рүстемов қуаттап:
– Былтыр Қытайдан ауылшаруашылық жұмыстарын өңдейтін дрон алдық. Құрылғы арқылы егістіктің қай учаскесіне минералды тыңайтқыштар мен гербицид беру қажеттілігі анықтап, дәл мөлшерде бердік. Біріншіден шығынды азайтуға, екіншіден өнімділікті арттыруда септігі мол. Енді дрон санын көбейту ойда бар, – деді.
– Заманауи технологиясыз өнімділікті арттыру мүмкін емес. Жер тегістейтін лазерлік техника «Mara» бар ма? – деді әкім.
– Алдағы жылы алу ойда бар – деді төраға.
– «Mara-ны» алғаннан кейін өнімділікті артқанын бірден көресіз. Сондықтан заманауи техниканы алуға жұмыс жасау керек, – деді ауданның бірінші басшысы.
Одан кейін серіктестік төрағасы әкімге егіс даласына баруды ұсынып, жол бастады.
Бірер минуттан кейін шаң көтеріп жатқан жерге қарай беттедік. Нағыз еңбек қыза түскен екен. Екі комбайн бірімен-бірі жарысып, егістікте жатқан сары сабақты күрішті асыға, аптыға жұтып, артынан будақ-будақ шаң көтеруде. Ентіге зулаған комбайндар бірнеше рет айналғаннан кейін жүк көлікке келіп, алтын дәнді тиеп, қайтадан дәнді дақылды дарқан далаға сүмгіп кетеді. Табиғи көріністі тамашалап біраз тұрдық. Әкім қайта сөз бастады.
– Күріштің қандай тұқымдарын ектіңіздер?
– «Лидер», «АйКерім», «Маржан» тұқымын ектік.
– Дала жұмысы төзімділікті, білімділікті, ептілікті талап етеді. Бәрінен бұрын, өнімді дер кезінде өткізудің жолын табу маңызды. Яғни диқаншылық жұмыс егін егумен шектелмейді. Солай емес пе?
– Біз тұқымды сақтаймыз. Басты артықшылығымыз осы. Қазірдің өзінде тұқымдық күрішке сұраныс жоғары. Әсіресе селекциянер Керімхан Егізбаевтың сапалы өнім алуға толық мүмкіндік беретін «АйКерім» сортына сұраныс артып келеді.
Сабағы дәнге толып, басын көтере алмай тұрған күріш диқандардың ала жаздайғы еңбегінің көрінісі. Самалмен бірге теңселген күріштікке ұзақ көз тастап, келесі ауылға жолға шықтық. Бағыт – Қожакент ауылдық округі. Мақсат – «Нұрбол-И» шаруа қожалығының жұмысымен танысу.
Келешекте жерасты қазба байлықтары сарқылады. Сол кезде мемлекеттiң негiзгi табыс көзі аграрлық сала болады. Қазірдің өзінде озық елдер саланы цифрландырудың салдарынан өнімділікті арттырып, әлем нарығын қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, Аустралияда астық дақылдарының өнімділігі бізге қарағанда 2 есе жоғары. Канада өсімдік шаруашылығының өнімділігі бізден 14 есе артық. Жер аумағы Қазақстаннан 66 есе кіші Голландияда ауылшаруашылық өнімінің жыл сайынғы экспорты 100 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл дегеніміз бізден 50 есе көп деген сөз. Біздің шаруашылықтарға да «ақылды суару», «ақылды басқару» секілді цифрландырудың игілігін икемдемесе көштің соңында жүретіні анық.
Изатулла Үсенов басшылық ететін шаруашылық жаңашыл жұмысқа әуес. Былтыр Қытай елінде құрастырылған шағын зауытты іске қосты. Зауыт тәулігіне 20-25 тонна ақ күрішті ақтауға қауқарлы. Аудан басшысы зауыттың жұмысымен танысты.
– 2012 жылы «Нұрбол-И» шаруа қожалығын құрып, егін және мал шаруашылығын қатар дамытуға білек сыбана кірістік. Бүгінде 200 гектар суармалы жері мен 500 гектар мал жайылымдық жерден ризық жинаймыз. Өзіңіз білесіз, бәсекеге қабілетті өнім шығара алсаң ғана, оны экспорттауға даңғыл жол ашылады. Бұл бағытта біздің күріш ақтау зауыты стандартқа сай. Оған қоса, жаңа элеватор орнаттық. Қазақстан қалаларынан бөлек, көршілес елдерге өнімді саудалауды бастадық. Әзірге Өзбекстан, Ауғанстан еліне ақталған күріш экспорттадық, – дейді Изатулла Ергешұлы.
Одан кейін 100 бастық мал бордақылау алаңын көрді.
– Қазір 20 жылқы, 15 мүйізді ірі қара жемделуде. Жалпы етке сұраныс жоғары, – деді төраға.
Қожакенттің әкімі Асылбек Айтжанов шаруашылықтың жұмысы жайлы ой қосып:
– Ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыру аса маңыз жұмыс. Яғни аграрлы саланың қарқынды өсуін қамтамасыз етіп, оны тиімді бизнес көзіне айналдыру керек. Изатулла Үсеновтің қаракетінен осыны бағамдайсыз. Ол 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ең бастысы, ауданға танымал меценат ретінде қадірлі. Біздің ауылдағы кез-келген шараға демеу көрсетіп, азаматтығын көрсетуден танған емес, – деді.
Ауданда ірі инвестиция тартқанның бірі – «Бекарыс-Агрофуд» ЖШС. Серіктестік «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып 300 млн. теңгенің жобасын жүзеге асыруда. Жобаның үлес салмағы бойынша корпорация 44,7 проценті, серіктестік үлесі 55,3 процентін құрайды. Жобаның мақсаты – ет экспорты бағытында жұмыс жасау.
– Негізі қалмақ тұқымы Сырдың табиғатына өте төзімді. Терісі қалың болғандықтан сона, маса, кенеден қорғаныш жоқ. Орта есеппен аналық бастың салмағы 450-550 келіге дейін жетеді. Бордақылау бағытындағы бұқалардың тірі салмағы 900 келі шамасында. Етінің ерекше дәмдік сапасын атап өту керек, себебі бұл ет бағытындағы малға тән «мәрмәрлігімен» ерекшеленеді. Оған қоса, шөпті қатты не жұмсақтығына байланысты талғамай, жей береді. Еті басқа тұқымдағы сиырлардың етіне қарағанда жұмсақ келеді. Қазір 350 қалмақ сиыры бар. Оның басын бірнеше есеге көбейтеміз, – деді серіктестік төрағасы Серік Әбдіжаппарұлы.
Серіктестік 1000 басқа арналған бордақылау алаңын құруда. Одан бөлек мал сою пункті дайын. Онда зертхана, сыйымдылығы 4 тонналық тоңазытқыш, малдың етін жіліктейтін арнайы бөлме, электронды таразы бар. Етті зертханада тексеретін арнайы медициналық персонал жұмыс жасайды.
– Егер малдың басы артты ма, шаруашылықтар арнайы ветеринар дәрігер ұстауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда бастамаларыңыз өте дұрыс, – деп бағасын берді ауданның бас менеджері.
2017 жылы құрылған серіктестік 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылықта 886 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 307 асыл тұқымды қалмақ сиыры, 515 бас жылқы, 87 бас түйе, 1048 бас қой бар. Алдағы уақытта 1000 бас уақ мал алуды жоспарлап отыр.
Жалпы аудан халқы аграрлы салаға бейім. Сондықтан аграрлы кешеннің қарқынды өсуін қамтамасыз етіп, тұрақты жұмыс көздерін ашу қажет-ақ. Ол үшін ауыл шаруашылық саласында заманауи техниканың үлесін арттырып, жоғары элиталық тұқымдарды аудандастыру, асыл тұқымды мал басын көбейтуді қолдау тиіс. Сапар барысында осының мән-жайын ұғындық. Әрі ұсақ шаруашылықтар да осыған ұмтылмаса нарыққа жұтылып, өміршең бола алмайтынын бағамдадық. Бір сөзбен айтқанда, аграрлық секторды өндірістің басым бағытына, яғни экономиканың жаңа драйверіне айналдыру керек. Одан басқа жол жоқ...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған-Түгіскен-Қожакент-
Қыркеңсе-Жаңақорған
14 қыркүйек 2019 ж. 512 0