№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жүрекке жылы жаңақорғандық ұстаздар

Жүрекке жылы жаңақорғандық ұстаздар

Кейінгі кезде «адами капитал» деген сөзді жиі қолданатын болдық. Оның себебі де түсінікті. Әлем біліммен қаруланып, инновацияға иек артып, ғылымды дамытып жатыр. Бізге де қарап қалуға әсте болмайды. Егер өркениет үнін дұрыс танып, сананы жаңғырта алмасақ көштің артында қаламыз.

Адами капиталды тағы да қозғап жатқаным, кыркүйектің келуімен білімге мән береміз. Расында күз келе мектептің есігі айқара ашылады. Ата-аналар үш айға созылған демалыстан кейін балаларымен бірге мектепке жиі-жиі барады. Сонда бағамдағаным, ала-жаздай ойынға ерік берген балалар дағдылы сабаққа ден қоюға дәрменсіз көрінді. Үйренісе алмай, үрпиіп тұр. Әрбірінің жүзінен әртүрлі ой түюге болады. Ойын баласының ойы сан-сақта. Шапаттап шапқылаған шылауы әлі бойында. Бір-екі күн байыпты берілсе сабаққа да сергіп, ықыласы жығылар. Тұла-бойы тап-таза, мейлінше жаңа киім ілген. Әке-шешеге рақмет, өзі кимесе де баласын жарқыратып киіндіруге тырысқан. Бұл да өмір мектебінің өнегесі болар.
Ұстаз қауымы мектептің жүрегі ғой, белінен шыққан баласынан кем көрмей, құшағына қысып, бүйрегі бұрып, оқушысын айналып-толғанып жүр. Осыдан-ақ білімге баулып, болашаққа дайындаудың борышы байқалды. Осындайда болмысымен, қасиет-қабілетімен аларсамайтын тұлғалардың өнегесі еске оралады.
Төменарықтың халқы Іскендір Құдияров пен Базарбай Жаманқұловты ұмыта қойған жоқ. Олардың тәжірибесі қызық. Қырық бес минутта созылатын сабақты бәсеке алаңына айналдырып, оқушыларды біліммен жарыстыруға мән береді. Олардың алдын көрген шәкірттері динамикасы жоғары, мейлінше мол ақпарат берілетін сабақтар көзді ашып-жұмғандай өткенін айтты. Содан болар Төменарықта кезінде әр оқу жылы ондаған «Алтын белгі» иелері шықты.
Білім саласының бәйтерегі бола білген Әбіләсан Әшірбеков, Мақсұт Ибрагимовтің жолы бір дара. Олардың білім саласына сіңірген еңбегі жайлы көлемді монография жазуға да болады. Ол алдағы күннің еншісіндегі шаруа.
Бір кездері «Шығыста Шермағамбетовтың мектебі» деген түсінікті қалыптастырған Зинабдин Шермағамбетовтың өнегесін қайда қоясыз?! «Жұмысың табысты да нәтижелі болу үшін жоғары шығармашылық әлеует, жұмысқа деген ынта-ықылас керек, бәрінен бұрын өз жұмысыңнан жаның рақаттанбаса, өз күшіңе өзің сенбесең, онда нәтиже күтудің өзі ақымақтық» дегенді қағида еткен ардагер ұстаздың шәкірттері өмірден өз орнын тауып, елдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Түгіскенде Ермағамбет Құлымбетов деген ардагер ұстаз бар. Отбасымен тіл маманы. Сондағы білім ордасында ұзақ жылдар басшылық етті. Сол кездері оқушыға сапалы білім, тәлімді тәрбие берудің үлгісін көрсетті, білім ордасын аудандағы маңдайалды мектебі етті. Оқушыға ұрысуды білмейтін ұстаздың әрбір сөзі жігерінді жанып, зейінінді аша түседі. Оның қадірін арттыратын да осы қасиеті болса керек-ті.
Қожакентте Мәрусия Құлахметова қазақ қыздарынан шыққан аудандағы алғашқы директор. Ол Өзбекстанда атақты мұғалім дәрежесіне жеткін саңлақ. Сол кісі: «мектепте ер адам көп болушы еді, бұл баланы намыс пен жігерлілікке тәрбиеледі» деген-ді. Бұл да ескеретін мәселе.
№168 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған Қатира Юнусованы балалар анасынан артық көрді. Мейірімі төгіліп тұратын мұғалім баланы бауырына басып, баурап алатын. Бәлкім, сол қасиетінен болар, бірде-бір бала сабақтан қалып, тіпті кешікпейді екен. Көп балалы ана ретінде 47 жасында еңбек зейнетіне шығу мүмкіндігі болып, сол күні-ақ демалыс алып кетті.
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген қағидаға қызмет еткен Фатима Тілеубаеваның өмірлік өнегісі, ұстаздық жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге. Оның әрбір сөзінен ізгілікті, кішілікті, қарапайымдылықты қапысыз танисыз.
Ұзақ жылдар №53 мектепте директорлық қызмет еткен Сәуле Ілиясова апайымның сабақ беру тәсілі қандай еді?! Күлдіріп отырып намысына тиеді. Содан еріксіз қолға кітап алып, ізденесің, ілім жолына түсесің...
Ұстаздар династиясының басында тұрған Жүніс Үпенов, Әбдіқадыр Қансейітов, Тұрабай Жалғасбаев, Әбдіхалық Әйтілеуов, Досыман Ахметов, Тұзақбай Тұртанов, Мамырай Үсенов және т.б жайлы тарқата жазуға да болады.
Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздық ұлағатымен танылған тұлғалардың еңбегін қашанда бағалай білеуіміз тиіс. Мектептер есігін ашқалы осындай ой қылаң беріп, қолға қалам алғаным да рас. Шәкірттер үшін шынайы үлгісін көрсеткен бұрынғының ұстаздары сөз арасында көрінбей қалған да болар. Өзіме белгілісін ғана сараладым. Қалғаны алдағы күннің еншісінде.
Бүгінде заманауи білім дағдыларын меңгеруге күш салып, кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, кешегі тағылымды бүгінгі тәжірибемен ұштастырып жүрген ұстаздар аз емес. Олардың жетістігі мен ұстаздық жолы жайлы газет тілшілері жазудан жалыққан емес...
Айтайын дегенім, ұстаз ұлағатымен қадірлі. Сондықтан ұстаздың қалқаны болатын кішілікті, қарапайымдылықты басшылыққа алайық...
14 қыркүйек 2019 ж. 991 0