№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бір бағбан бір ауылды гүлдендіреді

Бір бағбан бір ауылды гүлдендіреді

Өңірімізді былай қойғанда  облыста тұңғыш тұқымбақтың тұғырын тіктеген Амантай Сарбасов биыл бесінші жыл Жаңақорғанның күншығысында, МАИ бекетінен арыдағы 130 гектар аумақты жасыл желекке айналдырып, ыждағатты еңбегімен жер-ананың ықыласты ырзығына  кенеліп келеді.
Бұл берекелі кәсіпке алғаш арна салған 2009 жылдардан бастап ол Қандөз бен Қаратөбенің ортасында 65 градуста ағып жатқан жылы суды пайдаланып, 70 соттық жерге жылыжай орналастырыпты. Мұның қабатында Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бой­ынша 149 бас мал алып, жеті жылда алған несиесін толық өтеп болыпты.Есесіне мал төлі есебінен ойда жүрген біраз тірліктің тетігі тарқатыла бергенге ұқсайды. Мына жайқалып тұрған тұқымбағы осы шаруақорлықтан түскен тиын-тебеннің жемісі екенін бұдан бұрын сұхбаттасып, газетімізге берген «Жылу көрген ағаш жылда гүлдейді» деген тақырыпта бүге-шігесіне дейін әңгімелеген болатынбыз.
Қазір жаэдың ортасы. Ерте көктемнен кіріскен кәсіптің жеміс берер шағында шаруашылықтың жай-күйін білмекке тұқымбағына екінші рет тағы келдік. Бірден көзімізге түскені, тұқымбақтың алаңқайында құрылысы жарым-жар­тылай біткен жылыжай қатты желде құлап қирап қалыпты. Бір тәуірі, әлі жеміс тігіліп үлгермеген, көшетке тапсы­рыс беріп, енді бір жетіде егуге кіріс­келі отырғанында шаңыра­ғы ортасына түскен көрінеді. Бірақ, жылыжайдың жұмысын жандандырып, нәтижеге қол жеткізуге болады деген үміт әлі үзіл­меген сыңайлы.Бұл жөнінде атаулы шаруашылық қожайынының қарамағында кәсіптің жайын бес саусағындай біліп алған кенже ұлы Нұркен Амантайұлы­ның (суретте) әңгімесінен аңғардық. Жұмыс жайы­мен қалаға кеткен әкесінің орнын жоқ­татпай, білгіміз келген сауалдарымызға толықтай жауап берген жас жігіттің шаруақорлығы бір бөлек, кеңінен ойлай білетін ой-өрісінің озықтығы, келешекке жоба-жоспары көңілімізді жылытты.
Өздері отбасында екі ұл, бір қыз, үлкен ағасы Өркен қазірде Алматы қаласында жеке кәсіппен айналысады екен. Жанұяның кенжесі – Нұркен Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің агротехника факультетінің екінші курсын тәмамдап­ты. Өзінің айтуынша, әкесінен көрген-түйгені мол, ендігі ретте практикалық тұрғыда көзі қанық өсімдіктер әлемінің  ботаникалық сыр-сипатын үйренсем дейді. Өсімдікті қалай жерсіндіру керек? Жердің құрамы қандай, қай кезде қандай химикаттар, қандай дәрумендер керек, қандай ауру түрлері бар, соны оқып, зерттеуге ден қойыпты.
Жас талап өзі толық меңгерген кәсіби білімін көппен бөлісіп, өлеуметтік желіде чат ашып, жас толқынды жер-анамен жұмыс жасауға қызықтырсам деген алдағы мақсатымен бөлісті. Сол кезде жастар желіде құр байланып, уақытты бос өткізіп, пайдасызды ермек еткеннен гөрі жаңа іске қызығып, көңіл қояр болса, олардың алғы өміріне де айрықша көмек болатын көптеген білімді бойға жинақтар еді деп армандайды.
Ол одан әрі шаруашылықтың жайы­мен таныстырды.
Қарауындағы иелікте бес жылда бой көтерген жеміс түрлеріне келейік.
Алманың 20 сорты бар екен. Өрік, шие, шабдалы сынды жеміс-жидектерден бөлек грек жаңғағы, миндаль, бамбук дегендерді өзге жақтан әкеліп, біздің топыраққа жерсіндіріпті. Американың «Аладар» деп аталатын жүзім сортын егіпті, ұзындығы шырпының шиіндей болады екен, кептіріп алса киш-миш мейізің сол. Миндальдың дәнегінің адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Бұдан өзге 25 градус суыққа төзімді, көмуді қажет етпейтін жүзім сортын тауып әкеп отырғызыпты. Павлония деген өсімдік бар екен, ағашын мебель жасауға, музыкалық аспаптың қабығын, қасық-тостақ, сейф материалына пайдаланады. Жеп-жеңіл. Осы ағашты біздің жерге жерсіндіріпті.
– Нақ қазір егістікте бәрі табиғи, дәрі қолдануға дендеп кірісе қой­ған жоқпыз, – деді ол. Тың жер бол­ғандықтан еккен өніміміз жақсы алып тұр. Бұрын бұл алқапта да қауын-қарбыз еккендер болған екен, одан соң тыңайып бос жатқан аумақты қамқорлыққа алып, жақсы нәтиже көрудеміз. Скважина қазып, әр жерге есептеп қойып, су шығарудамыз.
30-40 мыңдай көшетті тұқымбақ ашылғалы бері, ал биыл он бес мыңдай тұқымдық және көшеттер саттық. Тұқымбақтан ұрықтар сатып алуға еліміздің түкпір-түкпірінен ке­луде. Ақтөбе, Атырау жақтан да келді. Арасында келіп, апталап жатып, іс жүзінде үйреніп кететіндер де бар. Осындай кісілер үзбей хабарласып, тұрады, – дейді ол.
Өркен оқитын институттың жа­нында қосалқы шаруашылық бар екен. Ұлы оқып жатқан оқу орнының практикалық тәжірибе алаңымен же­те танысып қайтқан әкесінің атал­мыш  учаскеге жүзге жуық көшет алып барып, өз қолымен отырғызғанын айтты. Оның ішінде алма, алмұрт, сирень және шырша талдары бар екен. Тәжірибе алаңында негізінен екінші және үшінші курс студенттері жұмыс жасайды екен.
– Факультет тобымда он бала бар, – дейді Өркен. Мен мұның алдында Алматы қаласында аграрлы университетке түскенмін. Ондағы қатарластарым негізнен өзге оқу орнына балы жетпей, кездейсоқ түс­кен талапкерлер болды ма, сабақ­қа да құлықсыз, әшейін күн өткізуге келетіндей көрінетін. Ал мұнда ауы­сып келгенімде байқаға­ным, білім­герлердің талабы зор, ата-анасының және өз жүрек қалауымен кәсіпті шынайы меңгеріп алып, соның жемісін көруге ұмтылғандар. Талайының от­басында да болдым ғой, жеке шаруа­шылығында күріш егіп, жылқы баптаған жанұяның балалары. Ата­кәсіпті ардақтаған ниет басым. Сондықтан олар жақсы оқып, бәріне зер сала қарайды. Көбі Жаңақорған­ға келіп, біздің участокте қона жа­тып, жеміс өсірудің әдіс-тәсілдеріне зер сала қарап, басқа уақытта да білмегенін  звондап сұрап отырады.Күзге қарай жемістің басым көпшілі­гі піскен уақытта бау-бақшамызға шақырып отырмын.
Көп азаматтар таза ауа, табиғатқа келіп, көлге суға түседі, балық аулап,  демалып кетіп жатады. Бастысы, табиғатты ластап, көлге қоқыс тол­тырып, зиянын тигізбейтін болса игі­лігіне пайдалансын дейміз.
Институтта осы кәсіпке жан-тәні­­мен берілген ұстазым, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының канди­даты Раушан Дүйсенқызын қат­ты қадір­леймін, топырақтану пә­нінен дәріс береді. Ол кісінің өзі тәрбие­леген шәкірттері арасында әлемге онлайн арқылы танымал еткен тұлғалары да жетерлік. Ол кісі осы қысқы семес­тр­ден бастап осы институтқа ауы­сып келген мені қолдап, көшеттерді егуде ғылыми жағынан кеңес беріп, отырды. Менің практикалық жағынан жақсы білетін тәжірибемді ғалым апайымыз химиялық білім жағынан байытуда. Екеуіміз бір-бірімізбен жақсы тіл табыстық. Мен Қызылордада алма, павлония өсірдім. Павлония Қазақ­станда сирек, ол жеміс сал­майды, бірақ гүлдейді, ағашы аллю­миний сынды майысқақ келеді, бірақ оңайлықпен сынбайды, аспап істеуге таптырмайтын материал. Оны күзде егеміз, ары қарай дамытып, қыстың алдын бидайдың қыбығымен орап қоямыз. Бізде қыс құрғақ. Сол себепті тамыр аумағын көміп, жылы сақтай­мыз. Алдыңғы жылы ектік. Бойы 6-8 метрге, тіпті 12 метрге дейін барады. 
Тұқымбақта көшетті будандас­ты­­рамыз, қай жеміс азайып бара жатса, соны будандастыру арқылы, сапасы артады. Мәселен, миндаль мен шабдалыны будандастырамыз. Сонда тамыры аз жылдық шабдалы жемісі тамыры сапалы миндальдың қасиетін бойына сіңіріп, тыңая түседі. Он жыл және одан да ұзақ өмір жасын ұзартады. Тіпті салып тұрған өрікке алманы будандастырсақ бір жеміс талында екі жеміс те тұқым салатын жағдай да болады. Бірақ оған жеке адам, жеке жағдай, бап керек. Алдымен эксперимент жасап, сатылап әрекетке көшеміз. Шыршаның екі түрін осын­дай зерттеумен бастадық. Осылайша Қазақстандағы бүкіл бақшалықты егіп көреміз. Жылыжайды енді бастайтын кезде құлап қалды. Бірақ оны қайта қолға алу ойда бар. Екі жағына жүзім өсіріп, ортасын рамкамен жауып көлеңке аясында демалыс жайын орналастырармыз. Келушілер жеміс ортасында сәкіде шай ішіп, демалады. Орта Азия аймақтарының көбінде айнала қызанақ, қиярды аспалы стильде биікке қарай өсіру  технологиясы бар, – дейді жас бағбан.
Иә, көргенін көкейіне түйіп, әке жолын жалғаған жастың осы кәсіпке замандастарын да тартқысы келген талабы еріксіз сүйсіндірді. Осының барлығы әке тағылымының жемісі.

Баян ҮСЕЙІНОВА

23 шілде 2022 ж. 1 436 0