№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылу көрген ағаш жылда гүлдейді

Жылу көрген ағаш жылда гүлдейді


Нақ бүгінгі күндері еліміздің түкпір-түкпірінен әлеуметтік парақшасындағы жарнамасы арқылы құлақтанып, өзін іздеп келушілерді тәжірибелік аймақта будандастырған бақшалығының жаңа сортымен таңқалдырып келе жатқан бағбан әлеуметке баптап отырған тұқымдығын ботаникасымен қоса ұсынып, қалай егіп, өсіруді егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге даяр екендігін айтты.


Өңірімізді былай қойғанда облыста тұңғыш тұқымбақтың тұғырын тіктеген бұл азамат биыл бесінші жыл алған бетінен таймай, табысты нәтиже жо­лында табанды тер төгіп келеді.
Жаңақорғанның күншығысында МАИ бекетінен арыдағы 130 гектар аумақ­ты алып жатқан Амантай Бектайұлы­ның шаруашылығына сенбі күні жолы­мыз түсті. Біз барғанда Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласынан әдейілеп келген ағайын грек жаңғағы, миндаль, бамбук тұқымы бар дегенді естіп, сыр-сипатына терең үңілу үшін осында екі-үш күн аялдайтындарын білдік.
Хош, сұхбаттасымызбен әңгімеміз өзі таңдаған кәсібінің табиғатын зер­делеуден басталды. Кәсіпкер бұл салаға қашан, қалай бет бұрды?
Көктөбедегі ол кезде сегізжылдық мек­тепті бітірген ол аудан орталығын­дағы №17 кәсіптік-техникалық учили­щеде оқып, «Күріш өсіру маманы» болып шығыпты. Егінжай шаруашылығы бұдан бұрын, бала кезінен де жанына жақын екен. Бүкіл Көктөбеде ең үлкен апорт бұлардың бақшалығында өсті. Шие, өрік, алхорыдан анасы тәтті тосап дайындайтын.
Қордайдағы совхоз техникумында оқып, одан әрі әскер қатарына алынады. Еңбек жолын №56 мектепте еңбек пәнінен мұғалім болып бастайды. Қата­рында жас түлектерді спортқа шыңдауға белсене атсалысады. Он жылдай Шор­нақтағы мектеп интернатында шаруа­шылық жөнінде меңгеруші болып та жұмыс атқарыпты.

2009 жылдардан бастап туған жердің табиғатына үйлесетін үйреншікті кәсіпке көңілі ауып, Қандөз бен Қаратөбенің ортасында 65 градуста ағып жатқан жылы суды пайдаланып, 70 соттық жерге жылыжай орналастырыпты. Содан бері бір маусым да құрғамай, қияр мен помидордың жемісін жиып алып отыр екен. Бұның қабатында Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 149 бас мал алып, жеті жылда алған несиесін толық өтеп болыпты. Есесіне мал төлі есебінен ойда жүрген бірталай тірліктің тетігі тарқатыла бергенге ұқсайды.
Мына жайқалып тұрған тұқым бағы да, 1 гектар аумақта темір қадасы тікейтіліп, еңсе түзеген екінші жылыжай құрылысы да осы шаруақорлықтан түскен тиын-тебеннің жемісі екенін айтады кәсіп иесі. Бір әттегенайы, жарты миллиардқа жуық қаражатты қажет ететін тұтас жылыжай кешені құрылысы толығымен бітпей тұрғанына биыл үшінші жыл екен. Бұған өңірлік деңгейде инвестициялық қолдау қажет сынды.

2017 жылы ең алғаш тұқымбақты өсіруді қолға алып, құжатын рәсімдеу­ге кіріскенде ереже бойынша өсімдік зерт­теу институты мамандарымен келі­сімшартқа отыру міндеттеледі екен. Осы мақсатпен Алматыға Қазақ Ұлттық агротехникалық университетіне баруға тура келді. Жұмысын бітіріп береді деген проректор мұның сол кезде өздерінде болып жатқан семинарға қатысуын дұрыс көреді. Жан-жақтан 45-тей ғалым келіпті. Солардың алдында өзіне де сөз тиді. Мінберге көтеріліп, алдымен бүгін­ге дейін атқарып жатқан кәсібінің қам-қарекетімен таныстырды:
«Кәсіпкермін. Үйрек-қаз асыраймын, мал бағам, тұқымбағым бар, балық өсіремін» деді. «Соның барлығын бір мезгілде атқарасың ба? Балық та бар ма» деп таңқырқасты бәрі. «Балық та бар», – деді бұл, – Африканың лақасын бағып жатырмын. Өзбекстаннан әкел­генмін. Ұрық шашып, көбейген сайын питомниктегі судың тыңайтқыш ретінде пайдасы зор. Өсімдікке ағызып жіберемін. Қолдан тыңайтқыш төгіп әуре болмайсың. Өзі табиғатта барлық нәрсенің бірімен-бірі байланысты үрдісін үзбесек химияға жүгініп, топырақты аздырып-тоздырмас едік» деп экологиялық таза өнім алуда биологиялық сабақтастыққа өзіміз сына түсіріп отырған жағдайларымызға біраз мысалдар келтірді. Сөйтіп протокол бойынша кәсіби агрономия алқасынан ақыл-кеңес алмасқалы барған адамымыз ғалымдардың аузын аштырып қайтты.
Ал енді, қарауындағы иелікте бес жылда бой көтерген бақшалықтағы жеміс түрлеріне келейік:
Алманың 20 сорты бар екен. Өрік, шие, шабдалы сынды жеміс-жидектерден бөлек грек жаңғағы, миндаль, бамбук дегенді өзге жақтан әкеліп біздің топыраққа жерсіндіріпті. Американың «Аладар» деп аталатын жүзім сортын егіпті, ұзындығы шырпының шиіндей болады екен, кептіріп алса киш-миш мейізің сол. Миндальдың дәнегінің адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Бұдан өзге 25 градус суыққа төзімді, көмуді қажет етпейтін жүзім сортын тауып әкеп отырғызыпты. Павлония деген өсімдік бар екен, ағашын мебель жасауға, музыкалық аспаптың қабығын, қасық-тостақ, сейф материалына пайдаланады. Жеп-жеңіл, 450 градуста ғана жанады. Осы ағашты біздің жерімізге жерсіндіріпті. Шиповник, роза гүлінің 14 сорты будандастыру нәтижесінде қатар түзепті.

– Шабдалы ағашы 7-8 жылда қурап, жеміс бермейді,– дейді ол. Осы ағашты жабайы миндальмен будандастырып, өмірін 35-40 жылға ұзартуға болады. Айва, алмұрт, алманы бір-бірімен будандастырдым. Өрікті жабайы өрікке, алшаға өрікті будандастырдым. 4-10 метрге дейін ылғалсыз құрғақ жерге миндаль мен алша ағашы төзімді келеді. Қандай жемісті бір-біріне будандастыруға болатынын ғылыми негізде зерттеп барып, іске кірісемін. Жылыжайдың 30 соттық – тай аумағын іске қоса алсам лимон жемісін өсіргелі отырмын» – дейді ол.

– Алған өніміңізі қай жерге өткі­зесіз?
– Жыл сайын өнімдерімізді Түркістан қаласына апарып, көтерме бағамен сауда орындарына жеткізіп беремін. Сол жерден ары қарай Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайды. Әрине, өз ауданымыздағы жекеменшішк және қо­ғамдық тамақтандыру орындарын тұтас қамтамасыз етуге де қауқарымыз жетеді. Бірақ, білесіздер ғой, тендер деген механизм бар, біз одан тыс қаламыз. Сөйтіп екі жаққа да тиімді, тасымалдау шығыны аз өндірісті жолға қоя алмай келеміз. Бұған аудан басшылығы, кәсіпкерлік бөлімі жанашыр көзқарас танытса деймін.
Кәсіп өрісін кеңейтіп, ойдағы жобаларымды жүйелі жолға қою өз алдына, менің мақсатым барша іс-тәжірибемді жас буынға үйретуге қатты ынтықпын. Сол бағытта үнемі ізденіп жүремін, – дейді тәжірибелі бағбан.

Бір бағбан бір ауылды гүлдендіреді

Өткенде Қызылорда қаласына жолы түскен Әбекең бір меценат жігітті кездестіріп қалыпты. Ол жігіт қаладағы 70 қамқоршысы жоқ балаға арналған «Атамекен» интернатына жылыжай салып беріпті. Мұны естіген Әбекең балалар қалашығына ауылдан 2500 көшет апарып, айналасына түгел отырғызып берді. Ересек балаларды қасына ертіп жүріп, кәсіптің көзін танытып, әр қатарына әрбірін еге етіп, үлкен сауапты іс атқарып келгенін айтады. Бұл әрі балалар мекенжайының болашақ ырзығына негіз қалайды. Әрі қанша көкөрімнің бағбандыққа көкірек көзі ашылып, қызығушылығы да оянып, еңбекке ынтасы артады. Айнала табиғатқа қамқорлыққа бейімделеді. Өзі осыған қуанулы.
Біз ойладық, жергілікті жерде ауылшаруашылық саласына оқытатын агроколледжіміз бар, орта мектептер бар, білімгерлерді осы тұқым баққа жиі әкеліп тұрса көп нәрсені үйреніп, шынайы тәжірибе алып маманданар еді-ау.
Амантай Сарбасов Қорқыт Ата атындағы университеттің өз ұлы оқып жатқан агрономия факультетімен келісімге отырып, өндірісте студенттерді іс-тәжірибеден өткізбек екен. Түлектер үшін бақшалық басына кең сарайдай үй салып қойыпты.
– Жиырма бес баланың бесеуі кәсіпті жетік біліп шықса да қуанар ем. Бір бағбан бір ауылды гүлдендіреді, – дейді ол.

Баян ҮСЕЙІНОВА
15 наурыз 2022 ж. 667 0