ЧЕЛЛЕНДЖДІ ИГІЛІККЕ ИКЕМДЕУГЕ БОЛА МА?
Бүгінде челлендж, эстафета ұғымы интернетпен бірге қоғамның бір бөлшегіне айналғандай. Бұрын шетелде бастау алған бұл интернет – науқанның лебі бізге де келіп жетті.
Қазір әлеуметтік желіге кірсең болғаны түрлі эстафеталық үндеулерді, жолдауларды қабылдап, қайта жолдап жатқан жандарды жиі кездестіресіз. Әу баста танымал болған челлендждің бірі – салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын шетелдік тұрғын үстіне мұздай су құйып, эстафетаны өзге таныстарына жолдайды. Тапсырманы орындауға міндет жүктелгендер 24 сағат ішінде оны жасамаса айып ретінде қайырымдылыққа үлес қосуы тиіс. Мұны бірқатар қазақстандық белгілі тұлғалар да қолдады. Алайда челлендждің бәрі мұндай пайдалы бастамаға негізделмегенін ұмытпаған жөн. Оған қоса, желіде желдей ескен шақырту түрі тек өнер жұлдыздарының бастамасымен ғана шектелмеуі тиіс секілді. Өзіміз куә болып жүрген түрлі тағылымды кештердің ұйымдастырушылары, жүргізушілері, ел алдында беделі биік ардагер қаламгерлер мен құрметті азаматтар бүгінгі жастарға неге үндеу тастап өз білігімен бөліспеске? Осындай игі бастаманы қолға алуға себепші болсақ деген ниет те жоқ емес.
Алдымен тақырыпқа арқау болған «челлендж» терминін тарқатсақ. Челлендж – ағылшын тілінен аударғанда біреуге үндеу тастау, белгілі бір әрекетке шақыру дегенді білдіреді. Челлендждер әдетте бір адам жасаған іс-әрекетін бейнероликке түсіріп әлеуметтік желіде көпшілік шоғырланған ортаға жүктеуі немесе сол ролик соңынан өз достарын сол әрекетті қайталауға шақыруы.
Тақырыпқа тұздық болсын. 2019 жылы жаздың ортасында «Kiki» деген атауға ие болған шекарасы жоқ интернет әлемінде шетелден келген виртуалды белсенділік түрі кеңінен таралды. Онда қазақстандық өнер жұлдыздарының жүріп бара жатқан көлікке ілесе отырып канадалық репердің әніне билеген бейнежазба көпшіліктің арасында қызу талқыға түсіп, сынға да ілікті. Өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп келтіретін бұл әрекет түріне құқық қорғау қызметкерлері шектеу қойды. Бұл бір ғана мысал. Мұндай ерсі көрінетін үндеулер жетерлік. Бірінен соң бірі, былай айтқанда «жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жүктеп жататын қисынсыз әрекеттер қанша.
Жалпы, қандай да бір дүниенің ақ-қарасы болатынын еске алсақ челленждің жақсы қырын да айтпай өтуге болмас. Мәселен, танымал инстаграм, фейзбук әлеуметтік желісінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында ақын шығармаларын насихаттау мақсатында бастау алған республикалық эстафедаға тіпті шет елдердегі студент жастар да өз үлесін қосып, жыл бойы жалғасын тапты. Әлі де тоқтаған жоқ.
Айта кету керек, аудандағы орталық кітапхана челлендж жолдаудың озық орталығына айналды. Интернетті игілігіне икемдей білген кітапхана қызметкерлері 2020 жылдың алғашқы күнінен-ақ ұлы ойшылдың қара сөздерінен челлендж жолдауды бастап кетті. Кітапхана ұжымының игі бастамасын ауылдық округтердегі кітапханашылар мен клуб үйлері қолдап, қатарында мектептер мен балабақшалар да белсенділік танытуда. Әсіресе балалар кітапханасының эстафетасы аудандағы балабақша арасында бәсекелестік тудырып, тәрбиенің алғашқы баспалдағы болар тәлім ордасында жалғасын табуда. Осы орайда Абай шығармашылығымен сусындаған ұл-қыз келешегі ел игілігіне қызмет ететін өрен болары сөзсіз.
Бұдан бөлек ауданда қайырымдылық эстафетасы да жастар арасында қызу қолдау тапты. 1988 жылғы жастардан бастау алған челленджді бүгінде 1993 жылғылар жалғастыруда. Кенттегі тұрмысы төмен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын қыстық киім, өзге қажеттіліктермен қамтамасыз етуді бастаған жастардың игі ісі құптарлық.
Түйіндей айтқанда, Жаңақорған топырағы небір текті тұлғаларды өмірге әкелген киелі жер. Еңбек жолын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар, еліміздің түкпір-түкпірінде әндері шырқалып жүрген сазгерлер, қалам тербеген жазушылар т.б. осы сынды белгілі тұлғалар бүгінгі буынға еңбек жолындағы өз білімі мен білігін бөліссе. Ол да бір тағылымды дүниеге айналмай ма? Осылай жалғасын тауып, игі жақсылар өз бойындағы пайдалы деп тапқан жағымды жаңалықтарын жалғастыруға ұмтылса, әрине жастарға үлгі.
.
Майра ӘБДУӘЛІ