№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЭСТАФЕТА АБАЙТАНУДЫ ДӘРІПТЕЙДІ

ЭСТАФЕТА АБАЙТАНУДЫ ДӘРІПТЕЙДІ


Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының рухани-мәдени мұрасы адамдықты, адалдықты тәлім етеді, білім алып, ғылым игеріп, еңбек етіп, бәсекеге қабілетті болуға үндейді. Абайды бағдаршам етсек адаспаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыны ескеріп, Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге мән беріп, Жарлыққа қол қойды. Осыны естіген Шынар Сәкен (Shakenshynar) Instagram-да Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын бастап, достарына жолдайды. Мұны назарынан тыс қалдырмаған 9 жасар Ләйлім Шырақ «Әуелде бір суық мұз ақыл керек» өлеңін оқып, эстафетаны Президентке жолдайды. Мемлекет басшысы батыл қыздың ұсынысын қабыл алып, Абайдың «толық адам» ілімін насихаттайтын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқыды. Осылайша ақынның өлеңдерін оқу мемлекеттік деңгейде ұласты.


Челлендж қалай басталды? Идеяның туындауына не себеп? Осыны білмекке эстафетаны бастаған Шынар Сәкенмен байланыстық.
– Англияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алдым. Сыртта жүріп елдің қадір-қасиетін терең түсінеді екенсің. Туған жерге оралғалы Англияда бірге оқыған достарыммен патриоттық бағыттағы челендждер ұйымдастырудамыз. Бірақ Абай өлеңдерін насихаттауға арнаған эстафетаға Президентте атсалысатынын білмедім. Жаңалықтардан естігенде, қатты қуанып, елім үшін жасаған пайдалы бір ісіме баладым. Қазір Instagram-да @аbai175_ парақшасын ашып, желіде жүктелген ең үздік видеоларды топтастырудамын, – деді идеяның авторы.
Әлеуметтік желілерде формасы мен мұраты әртүрлі эстафеталар көптеп ұйымдастырылады. Алайда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған эстафетаның жөні бөлек.
Көпшілік Президентке эстафета жолдаған Ләйлім Шырақтың қайсарлығына тәнті. Қасым- Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және талантты әнші Димаш Құдайбергенге эстафетаны жалғастыруды ұсынды.
Бүгінде Димаштың дара болмысын әлем тұрғындары мойындайды. Оның әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап, қазақ тілін үйреніп жатқан шетелдіктер көп. Ол өз эстафетасын Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлына, ресейлік композитор Игорь Крутойға және барлық тыңдармандарына жолдады. Әлемдік деңгейде танылған әншінің әсерінен Абайдың өлеңдерін жаһан жұрты жаттай бастады. Димаштың өнерін құрметтейтін тыңдармандары эстафетаға үн қосып, қолдау білдіріп, ақынның қара сөздері мен өлеңдерін қазақшалап оқып, өзара сайысқа түсуде.
Белгілі композитор Игорь Крутой Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовке жолдады. Қазақтың сөз өнерін терең түсінетін халықшыл басшы Иманғали Нұрғалиұлы Абайдың «Алтыншы қара сөзін оқыды. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев та сөздің құнын түсінетін білімді азамат емес пе? Ақынның «Қырық екінші» қара сөзінің маңызын түсіндірді.
Абай өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең күрделі мәселелерін қозғап, ұлтты бәсекеге қабілетті ететін жолды көрсетті. Сондықтан уақыт өткен сайын ақын мұрасының маңызы артып, асылдана түсті. Мұны уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Жалпыұлттық сипат алған эстафетаға шығармашылық өкілдерінің үн қосуы заңдылық. «Хабар» арнасының ұжымы «Қазақстан» ұлттық арнасына эстафета жолдаса, ақын өлеңі мен қара сөзін тебірене жырлаған ұлттық арна журналистері бас басылым «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына эстафетаны тапсырды.
Әзірге Жаңақорғандықтардың Абайтану ілімін насихаттауға белсенділігі төмен. Сондықтан «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаевқа, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновке, полиция бөлімінің бастығы Ғани Түрсекеевке М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаеваға, аудандағы барлық мектеп директорларына және барша оқырманға жолдаймыз.

Р.S.: Қаршдай қыз Ләйлім Шырақтың ұтқыр ойының арқасында мемлекеттік деңгейде жалғасқан эстафетаға қатысушылардың ықылас-ниетінен ақын мұрасының өміршең екенін түсінесіз. Бұған біздің жерлестер де лайықты үлес қосатынына сенеміз.

Ханзада ДОШАН
20 шілде 2019 ж. 1 110 0