№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Наубайханамның шырайы кіре бастады

Наубайханамның шырайы кіре бастады

 Бүгінгі таңда белсенді әрекет ететін шағын және орта бизнес субьектілері тұрғысынан Жаңақорған ауданы көш ілгері. Әсіресе нәзікжандылар бұл салада өзіндік белесін бағындыруда. Қаржылық институт тарапынан алынып жатқан несиенің басым бөлігі әйел кәсіпкерлерге тиесілі екен. Міне, сондай бағдарлама аясында бизнесін бастаған жанның бірі – Гүлнұр Шорабаева.

   Отбасында үш ұл, қызды тәрбиелеп отырған жас ана, үйде отырып тәттілер мен нан өнімдерін пісіреді. Әрине, әуелгіде ағайын-туыс пен жақын-жуыққа жасалған тәттілерге кейіннен тұрғындар тарапынан сұраныс арта түседі. Соңыра, білімін жетілдіріп, кәсіпкерлік саласына бет бұрмақ ниетте «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында Жаңақорған аграрлық техникалық колледжінде «Аспазшы» мамандығы бойынша қайта даярлық курсынан өтеді. Қолда бар құралын қажетіне жаратып нан жабумен айналыса бастайды. Өздеріңізге белгілі, тамақ өнімдері ішіндегі ең тиімдісі және кәсіпкерлік көшбасшысы – нан пісіру. Өйткені, тұтынушылар тарапынан нан өніміне деген сұраныс қашанда жоғары. Оған қоса, ас атасы кез келген азық-түлік дүкенінің сөресінен табылуы тиіс. Осыны ескерген Гүлнұр Кенжебекқызы бизнес-жобасын әзірлеп, аудандық жұмыспен қамту орталығына барады. Мамандардан кеңесін алып, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты: жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында мемлекеттік грантқа қатысады. Жолы болып, 240500 теңге қаржы алып, наубайхана ісін бастап кетеді.
– Қазіргі таңда «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі. Жастайымнан осы нан өнімдерін пісіру кәсібіне бейім болдым. Десе де, тұтынушы саны артқан сайын, кәсібімді кеңейту басты мақсат болатын. Мемлекеттік грантқа қатысып, қаржылай қолдау таптым. Одан әрі пеш сатып алып, наубайхана кәсібін бастап кеттік. Шүкір, қазір дамудың даңғыл жолына түсіп, наубайханамның шырайы кіре бастады. Бизнес бастауыма дем берген аудандық жұмыспен қамту орталығына алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер әйел.
«Әрекетке – берекет» демекші, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қомақты қаржыға қол жеткізген Гүлнұр бүгінде тұрғындар тарапынан түскен тапсырысты уақытылы орындап, сенім мен сапа талғамына сай қызмет етуде.
Расында, өңірде әйел кәсіпкерлердің қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, биыл Өңірлік инвестициялық орталық арқылы облыстық бюджеттен шағын несиеге 1 млрд теңге бөлініп, 258 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде 112 жоба әйел кәсіпкерлерге тиесілі екен. Ал, 2017-2018 жылдары «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан 2,4 млрд теңге несие 760 нәзікжанды кәсіпкерге берілген. Оған қоса, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының ІІ-бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» жобасы тағы бар. Осындай кең көлемді мемлекет қолдауының бірін пайдаланған жаңақорғандық кәсіпкер әйел Гүлнұр Шорабаева да өз кәсібін дөңгелетіп, халыққа қызмет көрсетуде.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
---
12 қаңтар 2020 ж. 697 0