№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Айдархан БИБАСАРОВ: «Менің ұстазым – кітап»

Айдархан БИБАСАРОВ: «Менің ұстазым – кітап»

Жаңақорған ауданында қаламы жүйрік, ойы ұшқыр тұлғаның бірі – Айдархан Бибасаров еді. Алланың үкіміне шара бар ма, қарымды қаламгердің қара жермен қауышқанына да жыл айналды. Осы ретте, осыдан төрт жыл бұрын шежірелі қариямен сұхбаттасып, ішкі жан дүниесіне үңіліп, шығармашылық шеберханасын зерделеген едік. Сол сұхбатты ұсынамыз...

– Зейнеттегі қаламгер не бітіруде?
– Журналист өзін «зейнеттемін» демеуі тиіс. Қаламгер қашанда қоғамның бел ортасында жүріп, өзінің белсенділігімен ерекшеленіп, пайымды ойы, мазмұнды сөзімен елге қызмет жасауы керек. Қаламгер баспасөзге үнемі мақала жариялап тұрмаса да, өзінің ортасында елдің дамуы, Елбасының салихалы саясаты жайлы парасаты жеткенше әңгіме өзегіне айналдырып, насихаттау қажет. Бір сөзбен айтқанда, Бұқар жыраудың жолын ұстанғаны абзал.
– Бос уақытты қалай өткізесіз?
– Зейнетке шыққанға дейінгі саналы өмірімнің 40 жылын идеология саласына арнадым. Сол себепті мені елдің берекесі, тыныштығы бей-жай қалдырмайды. Осы тақырыпта қалам тербеп, өткен мен бүгінді саралап, 10-нан аса кітап жаздым.
– Кітаптағы негізгі көтерген мәселе мен тарқатар түйіні не жайлы?
– Бірі ХІХ-ХХ ғасырдың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, сол кездегі саяси ахуалды суреттейтін тарихи туындылар. Мәселен, пойыздың қалай келгендігі? Шойын жолдағы темір арбаны көрген кездегі халықтың сезімі, Күркіреуік (Байкенже ауылының үстіне өтетін канал) каналының қазылу кезеңі, оны жергілікті тұрғындардың пайдалануы және т.б. қамтылады.
Екіншісі, замандастарым жайлы ой-толғаулар.
– Сізді біреулер әуесқой шахматшы дейді. Тағы біреулер кәсіби шахматшының қатарына жатқызады. Қайсысы дұрыс...
– Әуесқой шахматшы дегені дұрыс (күліп).   
– Шахматқа әуестік қалай басталды?
– 4-сыныптан бастап реті келгенге (кардон, теріге) сызып, қызыл, ақ асықпен дойбы ойнадым. 1957 жылы колхозшы болып жүргенімде қатарластарыммен арасында дойбы ойнайтын-тұғынмын. Сонда үлкендерден: «дойбыға қарағанда шахмат – күрделі ойын. Адамның ойлау қабілетін арттырады», – дегенді еститінмін. 1964 жылы Әзімхан Нәлібеков деген жиен ағам үйде болды. Содан шахматты үйрендім. Шахмат фигурасының жүрісін үйренгеннен кейін, қалай болғанда да тереңірек меңгеруді ойладым. Осылайша Александр Котов, Эмануэль Ласкер, Владимир Савон, Александр Белявский сынды чемпиондардың шахмат жайлы кітаптарын оқып, ойлы ойынның мәдениетін үйрендім.
70-жылдары шахмат әлемінде аты мәшһүр болған Борис Спасский мен Роберт Фишердің ойынын «Правда» газеті үзбей жариялап тұратын. Сол материалдарды талдап, шахматтың қыры мен сырын меңгере бастадым.
– Шахматты ой қорыту үшін бе, әлде, рахаттану үшін ойнайсыз ба?
– В.Ленин «Шахмат – ақыл-ой гимнастикасы» демей ме? Шахматты ермек үшін емес, ой қорыту мақсатында күніне бір-екі сағат ойнаймын. 
Біреулер шахматты спортқа жатқызады. Енді біреулер өнерге қосады. Мен екіншісін қолдаймын. Себебі он жүрістен кейін тақтай бетінде мыңдаған жүріске жол ашылады. Қарсыласының ойын оқып, жүретін жүрісін аңғармасаңыз, жолыңыз болмайды. Тек ұтылумен боласыз. Демек, шахмат – «ой өнері».
Шахмат ойыны – ой қосуға таптырмайтын ой жаттығуы. Кейде шахмат ойнап отырып тың ойлар алатынымды жасырмаймын.
– Көбіне қай бағыттағы кітаптарды оқисыз? Қолыңызға алғаш кітап ұстаған кезіңіз есіңізде ме?
– Әкем әңгімешіл, қисса-дастандарды жатқа білетін. Бір күні Қандарал (Қожамберді) колхозының кітапханашысы нағашы әпшем Айнагүл үйге келді. Әкем қонаққа:
– Кітап – қазына. Соның бел ортасында жүрсің. Адамның зейінін ашып, өрісін арттыратын тәуір кітап болса, оқысақ... – деді.
– Сіз кириллица қарпімен жазылған кітапты оқи алмайсыз ғой! – деді нағашым.
– Мына бала оқиды, – деп мені көрсетті.
Нағашы әпшем келесі келгенінде «Мың бір түн» кітабын алып келді. Бұл 1948 жыл болатын. Мектепте 3-сынапта оқитын кезім. Кітап оқуға құштарлығым осы кезден басталды-ау деймін... 
Одан кейін, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» және басқа да кітаптар қолыма тиді.
– Оқушы кезіңізден бастап Абайды оқудасыз. Абайды қаншалықты танып-білдіңіз?
– Абай – тұңғиық тұлға. Оны толық танып-білу қиынның қиыны. Ақынның мәдени мұрасын оқыған сайын, оның терең ойына, парасат көкжиегіне куә боласыз.
– Демек, Абаймен көп сырласасыз?
– «Абай жолы» эпопеясы жұмыс үстелімнен түскен емес. Онымен қоса, Абайдың өлеңдерін жиі қолыма аламын. Тіптен, кітап жазбас бұрын Хакімнің қара сөздерін оқып шығып, рухани нәр аламын.
– Абайды рухани ұстаз тұтасыз. Солай ма?
– Абай барша Алаштың рухани ұстазы. Оған қоса, жақсы кітаптарды ұстаз санаймын.
– Қолыңызға бірнеше рет ұстаған кітап бар ма?
– Мұхаңның «Абай жолы» мен Абайдың туындылары жұмыс үстелімнен түспейді дедім ғой, жаңа. Бір сөзбен айтқанда, Абайды оқудан жалықпаймын. М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, Бұқар жырау, Дулат, Шәймен және Құлан ақынның туындыларын мүмкіндігінше оқып отыруға тырысамын.
– Қазір қандай кітап жазудасыз?
– ХVІ ғасырда өмір сүріп, тарихи өтпелі кезеңде өзінің батырлығымен көзге түскен Қожамберді жайлы 300 беттік кітапты жазып, соңғы нүктесін қойдым.
– Бұл соңғы кітабыңыз емес шығар?
– Құдай бойға қуат берсе «Қожамберді батыр» шыққаннан кейін бір жыл дем алып, өмірдеректік туынды жазсам деген ойым бар. Туындының бірінші-екінші бөлімінде әкем мен анам жайлы жазылады. Сосын өзімнің жүріп өткен жолым қамтылады. Әзірге, бұл – жоспар қана.
– Кітап қорыңыз жайлы бөліссеңіз...
– Үйдегі бір бөлмені кітапханаға аййналдырдым. Онда түрлі бағыттағы, мән-мазмұны сан алуан 1000 астам кітап бар. Оның басым көпшілігі қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты дүниелер.
– Сізді білетіндер «құйма құлақ» дейді.
– Бір нәрсені жаттау үшін, есте сақтау үшін еңбектену қажет-ақ. Абайша айтқанда «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек...». Ақынның айтқанына сүйеніп, ойға, көңілге тоқу үшін қайталап отырамын.
Бір де кенже ұлым Расул «М.Мақатаевтың өлеңдерін жаттап жарысайық. Мен бес рет оқып жаттап аламын», – деді. Ол бес рет дауыстап оқыды. Оның оқығанын көңілге тоқып отырып, дәлме-дәл қайталап айтып беріп, ұтқаным бар. Сол кезде балама өлең жаттау үшін назарды, көңілді толығымен бір нәрсеге бөлу керектігін айттым. 
Жалпы, Алпамыс, Қобыланды батыр жырын оқып, жаттаған емеспін. Әкемнің айтқанын көңілге тоқып өскендіктен, ойымда жаңғырады да жүреді. Ал, Абайдың:
– Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда,
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Кұйрығымен шылпылдап,
Арасында кұлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрыла басып ыңқылдап – деп жалғасып кете беретін өлең жолдарын жаттаудың не керегі бар? Төгіліп, құйылып тұрған сурет емес пе?
– Осы күні жұрт «шежіре тарқатқың келсе Айдакеңе бар дейді». Шынымен де қазақ руларының тарихын жетік білесіз бе?
– Хабарым бар екені рас. Алайда қазақ руларының бүге-шегесіне дейін білемін дей алмаймын. Мәселен, Кіші жүздің он екі ата Байұлы, Алты ата Әлім, жеті рулар бірлестігі жайлы хабарым бар. Олардың ішінен шыққан тарихи тұлғалары жайлы да айтып жүремін. Ұлы жүз рулары жайында да осылай дер едім. Біздікі білмейтіндердің алдындағы данышпандық қой!
– Жамбыл Жабаевқа журналист: «Жәке, сіз қазақтың арғы-бергі тарихын жақсы білесіз. Тарихи тұлға ретінде кімді мойындайсыз?», дейді. Сонда: – Құнанбай, – деп тіл қатыпты ақын. Әлгі қаламгер Мұхтар Әуезовке сол сұрақты қойған көрінеді. Мұхаң «Абай» депті. Сонда: Жекеңнің «Құнанбай», дегенін жеткізеді. Ойланып отырып қалған жазушы: «Жәкең біледі, біледі ғой!» депті. Сіздің де оқыған-тоқығаныңыз аз емес. Сіз кімді мойындайсыз?
– Бұл өте ауыр сұрақ екен. Қазақ халқының өтпелі кезеңінде ұлттың сақталып қалуына, рухани-мәдени өріс алуына жағдай жасаған тарихи тұлғаның қай қайсысының орны бөлек. Оларды бөліп жаруға болмайтындай.
Е.Бекмановты оқып, Кенесары ханды, І.Есенберлинді оқып қазақ тарихының кесек тұлғаларын таныдық. М.Жолдасбеков студент кезімізде лекция оқыды. Ғалым арқылы Күлтегін, Қапаған сынды тұлғаларды білдік. Геродоттың шығармасынан түркі халықтарының тегін пайымдадық.
– Дұрыс қой! Алайда көптің ішінен бөліп жарып айтуға лайықтысы болмай ма?
– Абайға жететіні жоқ. Ғалым, қайраткер ретінде Қ.Сәтбаевты мойындаймын. Қазақстанды өрге сүйреп келе жатқан Елбасы Н.Назарбаев – бүгінгінің де, ертеңгінің де тарихи тұлғасы.
Сондай-ақ, менің көзімді ашып, көкірегіме нұр құйған Бұқар жырау, Дулат пен Шәймен ақын, Махамбет пен Жамбыл, Иса Байзақовты қалайша осы қатарға қоспаймын?!
– Жаратушы иеміз Алланы қалай танисыз?
– Абай айтқандай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Аспан, жер, он сегіз мың ғаламды ой елегінен өткізсеңіз Алланы тануға жетіп артылады.
Өз басым бес парыздың бірі намазды үйде орындаймын. Садақа мен зекетті беруді де ұмыт қалдырмаймын.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
28 сәуір 2019 ж. 3 880 0