» » » ЕСТЕЛІКТЕР СЫР ШЕРТЕДІ

ЕСТЕЛІКТЕР СЫР ШЕРТЕДІ


Шығармашылық ұжымдағы кезекті жиналыста маған Бибігүл Матенова жайлы жазу тапсырылды. «Бір дәуірдің би апасы» деген кітап қолыма тиді. Шығармашыл кісі жайында «не жазсам болады?» деген ой мазалады. Сосын тәжірибелі қаламгер Баян Үсейіноваға барып, Бибігүл Мәтенқызы жайында не білетінін сұрадым. Қаламгер Бибігүл апайды бала кезінде бір-ақ рет көргенін, ақжарқын, көрікті кісі болғанын айтып, бір естелікті есіне түсірді.
– Ол кезде мен оқушы едім. Анам мектеп директоры болатын. Бір күні кабинетіне кіріп барып едім, Алматыдан Бибігүл Матенова апай келіп отыр екен. Тез-ақ бауырына тарта шүйіркелесіп кетті. Келешек жоспарымды сұрады. Мен өскенде журналист боламын дегенде, маған «журналист деген қандай керемет мамандық, тілші болсаң ел көресің, жер көресің. Мен өзім іс-сапармен Мәскеуге жеті рет барғанмын», деген еді, – деді Баян Алаудинқызы.
Осы әңгімеден соң мен Бибігүл апайдың ақжарқын мінезін елестетіп, қиялымдағы образды естеліктермен толықтырдым. Ол жайында қазақтың күміс-көмей бұлбұлы, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова сағынышпен сыр шертіпті. Ол Бибігүлмен ойламаған жерден танысып, оның кішіпейілдігі мен бауырмалдығын, елгезектігін, әрдайым қасындағыларға көмек қолын созуға дайын тұратынын үлкен махаббатпен жеткізген. Қашанда айналасына қамқорлық танытып жүретін жомарт жүректі қазақ қызының қапыда бақилыққа аттанғаны өзі үшін күтпеген соққы болғанын, оның өмірден өткеніне көпке дейін сенбегенін айтады. Бибігүл Төлегенованың осы естелігінің өзі аттас сіңлісінің толық образын ашып тұрғандай болды. Ал, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі Рыскүл Әйменова «Қазақ қызының озық үлгісі» атты естелігінде Бибігүл апайдың жайдарлы, көпшілдігін былай жеткізіпті: «Алматы медицина институтында оқып жүрген кезім. Қызылордаға практикаға келдік. Бір топ қыздың арасынан суырылып шығып: «... ой, Ырыс апа ғой деп, жаным, күнім, айналайын» деп, елжіреп еміренген ол мені қасындағы қыздарға таныстырып жатыр. Қасымдағылар бұл кім, әпшең бе деп сұрады. Жоқ, сіңілім деймін. Қандай керемет қыз, көңілі неткен дария еді деді құрбыларым», деп еске алады.
Сондай-ақ, «Алтынсарин» медалінің иегері Сексенәлі Раханов ауданнан шыққан журналисті шоқ жұлдызға балап, ерте сөнгені жайында өкінішпен қалам тербепті. Ол «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты естелігінде журналистің артында қалдырған өнегелі істері мен ізгілікті қасиеттері жайында жазып, «Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Ол ақиқат. Бұл – философиялық тұжырым. Тау-тас та мүжіледі, өзен көлдер де тартылып, ағаш-шөптер де қурайды. Адам өмірі де солай. Бірақ өлмейтін, өшпейтін, жоғалмайтын бір нәрсе бар. Ол – адамның артында қалдырған өнегелі істері мен ізгілікті қасиеттері, ортасына жасаған жақсылықтары, халқына жасаған жүрек жылуы, артында қалып өмірін жалғастырар ұрпақтары болса керек», деп Би апаны есіне алады...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
07 наурыз 2018 ж. 1 860 0