№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ТАРИХИ ТАҚЫРЫП – АУЫР СЫНАҚ

ТАРИХИ ТАҚЫРЫП – АУЫР СЫНАҚ


ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Сталиндiк-голощекиндiк геноцидтен қазақ халқы жойылып кете жаздады. Бірақ, тағдырдың тәлкегіне түскен ұлттың көрер жарығы бар екен. Елдігін қайтарды. Тарихи жадысын жаңғырта бастады. Осы ретте, ұлттық тарихтың ақтандақ беттері жайлы зерттеп, зерделеп, құнды туындылар жазып жүрген жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлынан сұхбат алған едік.
– Сұлтанбек Қожанов жайлы көркем туынды жазғаныңыздан хабардармыз. Тарихи тұлғаны шығармашылық нысанға алуыңыздың себебі неде?
– Сұлтанбек Қожанов – өмірі өте күрделі, тағдыры тым тартысты қазақ ұлтының қайраткері. Оның өмір-жолына қызығушылығым Қызылордада, комсомол қызметінде жүрген кезден басталды. Бұл – өткен ғасырдың 80-жылдары болатын. С.Қожанов нендей ерекшеліктерімен қызықтырады? Ол қазақ елінің астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіруге тікелей атсалысқан тұлға. Тіпті сол ресми көшті өзі бастап алып келген. Поезбен. Ақмешітке жеткенше жол-жөнекей станцияларда еш тайсалмастан перронға шығып сөз сөйлеп, халқына жақын болып, елдің жүрегінің төрінен орын алған айтулы азамат. Бұл – бір жағы. Ал, екінші жағынан Сұлтанбек – 20-жылдарда Ташкентте халық-ағартунаркомы болып тұрған шағында М.Жұмабаевтың бір томдық өлеңдер жинағын бастыруға ықпал етіп, тіпті өзі алғысөз жазған.Анадай аласапыран уақытта мұны ұлы ерлік деуге әбден болмас па? Сосынғы елеп айтарлығы – ол қылышынан қан тамған Иосиф Сталинмен бетпе-бет кездескен. Сталин оны «Орта Азияның Шыңғысханы» деп атағаны да бар тарихта. Неге? Бұл енді бөлек әңгіме тақырыбы.
Міне, осындай қадау-қадау еңбектері мені өзіне тартты, кітап жазуға итермеледі. Пьеса жазуға жол ашты.
Сөз ретінде айта кетейін, Астанадағы Оқушылар сарайының жас театр ұжымы менің «Сталинмен бетпе-бет» атты тарихи драмамды 28 мамыр күні сахналады. Прьемерасы болып өтті. Міне, осы қойылымда Сұлтанбек бейнесі жан-жақты ашылған, мейлінше дараланып көрсетілген. Енді осы пьеса басқа театрларда да қойылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді деген қаламгерлік арман бар...
– Біз Қожановты қай тұрғыдан таныдық? Әлі зерттелмеген тұсы қандай? Жұрт оның білмейтін қыр-сыры жайлы тарқата айтсаңыз...
– Зерттелмей келе жатқан қыры – оның журналистігі, ақындығы. Әрине, осы сала бойынша ғылыми еңбек жазғандар бар, бірақ әлі де жетімсіз. Сұлтанбек өз дәуірінде тәп-тәуір ақын, жап-жақсы публицист бола білген қаламгер-қайраткер. Әттең, осы саланы бүге-шүгесіне дейін қазып, зерттеп, монографиялық еңбек жазса ғой дейсің! Ол күн де туар әлі...
– Сіздің «Күлкі мен көз жасы» романыңызда ұлт-азаттық көтеріліс, аштық пен қуғын-сүргінді арқау еттіңіз. Тарихи туындыны жазуда қандай дерек көздеріне сүйендіңіз?
– «Күлкі мен көз жасы» – 2007 жылы толық нұсқасында (дилогия деңгейінде) басылып шықты. Содан бері көптеген әдебиетші-зерттеушілер тарапынан жап-жақсы бағасын алып келеді. Бұл өзі осы Сыр бойы мен қарт Қаратау аралығында, ХХ ғасыр басында өткен күрделі оқиға. Тіпті, ашығына көшсем, біздің ата-бабаларымыздың бастан кешкен тағдыр-талайы. Әрине, көркем дүниеде жазушының фантазиясы қатар жүретіні бар ғой, онсыз бола ма! Жалпы, бұл роман-дилогия ХХ ғасыр ішіндегі ұлы сойқандар мен қырғындар туралы қайғылы әфсана! Жан сыздатар тарихы бар көркем еңбек.
– Зерттеуші, ғалым ретінде ашаршылықтың ақиқатын айтсаңыз. Себебі мен салдарына тоқталсаңыз...
– Ашаршылық ақиқаты әлі де толық ашылып біткен жоқ. Өйткені, бұл мәселені жәй, өз қиялымызбен жазып-айту ештеңе де бермейді, енді тарихи құжаттар сөйлеуі керек. Өкінішке орай, ондай аса құнды құжаттар әзірге қолға түспей отыр. Міне, сол кезде ғана ашаршылықтың себебі мен салдары туралы көп толғап әңгімелеуге болады деп ойлаймын.
– Зұлмат жылдарға саяси бағасын бере алдық па?
– Жоқ! Әлі толық баға бере алған жоқпыз! Менің ойымша, бұған толық баға беру бұл ғасырда да аяқталмайтын сияқты...
Жалпы, түйіндеп айтар болсам – тарихи тақырып, қай қырынан алғанда да, тарихшылардың еншісіндегі шаруа. Солар зерттеп-зерделегені абзал. Ал, сол тарихи оқиғаларды өзек етіп көркем дүние жазу – қаламгер үшін өте ауыр сынақ! Мұндай сынақтардан санаулы ғана жазушылар сүрінбей, аман-сау өте алған...
Осыдан кейін-ақ бұл саланың салмағын сезіне беріңіз...
– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
29 мамыр 2018 ж. 1 659 0