№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «АУЫЛЫМ – ҚАСИЕТТІ МЕКЕНІМ»

«АУЫЛЫМ – ҚАСИЕТТІ МЕКЕНІМ»



Ол – Бесарықтың бес салалы өзенінің суы мен саф ауасын бойына сіңіріп, дарабоз талантымен атақ, даңқ қумаған жан. Бала күнінен домбыраның үнімен саз әлемін шарлап, ұлттық өнерге жақын болып өсті. Ол өз атын шығаруға емес, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз. Бүгін біз сенбілік сұхбат төрінде күйші, композитор, «Әлшекей» атындағы халықтық ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бәден Айсыновпен тілдестік.

– Аға, қарапайым ауыл бала­сының өнер жолына түсуіне кім себепкер болды?
– Әрине әңгіменің әлқиссасын әрі­ден таратсақ ата-бабам өнерге етене жақын болған кісілер. Әкем Айсын мықты күйші болған. Әсіресе Әлшекей күйлерін сақтаушы әрі насихаттаушы ретінде ел жақсы біледі. Оның күйшілік дәстүрінен бөлек, домбыраның құлағында ойнайтын шеберлегі бізге де жұғысты болғанын яғни, қанмен тараған қасиет екенін айтқан жөн. Алғаш домбыра тартуды әкемнен үйрендім.
Кейіннен ауылдағы 7 жылдық мек­тепті бітірген кезім болатын. Газеттен «Шымкент музыкалық училищесіне талапкерлер қабылдаймыз» деген хабарландыруды көзім шалды. Сол жеті жылдық біліммен Шымкент шаһарына барып, музыкалық учи­ли­щеге оқуға түстім. Домбыра сыныбында 4 жыл оқып, «қызыл дипломмен» бітірдім. Одан әрі арман қуып, Алматы консерваториясының студенті атандым. Шыны керек, ол уақытта білімге қойылатын талап өтте қатаң болатын. Тек, домбыра емес, пианино, баян, оркестрмен жұмыс жасай білуің керек. Яғни, бес аспап болуың қажет. Міне, осындай өнер жолында қалыптасуымда Ахмет Жұбановтың орны бөлек.

– Осы арада сөзіңізді бөлсем. Сонда Қазақстанның халық әртісі Ахмет Қуанұлының қандай қолдауын сезіндіңіз?
– Әлгінде айттым. Консерваторияға оқуға түсіп, бітіріп шығу үлкен қажыр-қайратты талап ететін. Біз оқыған жылдары Ахмет Жұбанов ағамыз консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасында қазақ халық музыкасының тарихы, дирижерлік өнер мен аспаптану пәнінен дәріс берді. Не керек, бірінші курстың алғашқы мемлекеттік емтиханы да келіп жетті. Ахмет Қуанұлы мемлекеттік комиссияның төрағасы. Емтиханнан сынақ кітапшама домбыра пәнінен 4+ қойып берді. Бірақ, орыс тілінен кішкене шорқақтау едім. Несін жасырайын, диктанттан “2” деген баға алдым. Міне, осыны білген Ахаң жарықтық; «Ей, бала! Бері кел» деп шақырып алды. Сынақ кітапшасындағы екіні сызып тастап, Ахмет Жұбанов деп қол қойып берді. Сөйтті де: «Бар, қайтадан тапсырып кел!» деді. Содан орыс тілі пәні мұғалімі Татьяна апайға апарсам, «Осылай боларын біліп едім» деп шыр-пыр болып 3 қойып берді. Бұл жерде айтқым келгені, Ахаңның ауыл жастарына деген қолдауы ғана емес, өнерге деген өмірлік жол бағыттауындағы еңбегі зор еді. Кейіннен білдім, сырттай менің домбыраны жақсы тартанынымды бақылап жүреді екен ғой.

– Білуімше, сіздің ең алғашқы еңбек өтіліңіз сол студенттік шақта басталып кетіпті...
– Иә, училищеден алған төрт жылдық білімім бар. Консерваторияның алғашқы әліппесінде үйреніп алдық. Содан 2-курстан бастап, дәрістен тыс Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің әртісі болып қызмет жасадым. Қазақстанның халық әртісі, биші Шара Жиенқұлованың концерттік бригадасында сүйемелдеуші болып, ТМД елдеріне гастрольдық сапарға шықтық. Украинаның Бүкілодақтық жастар фестивалінде тұңғыш ғарышкерлер Юрий Гагарин мен Валентина Терешкованың қолтаңбасын алып, олардың қатысуымен концерттік қойылым жасадық. Шыны керек, студенттік шақ – ең бақытты кезеңдерден құралды. Өйткені, ол кезде қазақтың марқасқа мәдениет майталмандарының барлығы дерлік Алматы да тұратын. Өзім Қазақстанның халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ғарифолла Құрманғалиев, Ермек Серкебаев, Жүсіпбек Елебеков сынды сахна саңлақтарымен бірге гастрольдық сапарда сұхбаттас, табақтас болдым. Ол кісілердің болмыс бітімі мен бекзаттық өнеріне сүйсініп, оларды ұстаз тұттық.

– Аға, өзіңіз консерваторияны бітірген кәсіби мамансыз. Әсілі, мұндай оқу орнында білім алған мамандар жоғары жерде қызмет етуге талпынады. Ал, сіз ауылға келіп, өнер мектебін аштыңыз. Мұның сыры неде?
– Негізі оқу бітірген жылы Жетісай қаласындағы филормонияда домбырашы, дирижер ұстаз болып қызметімді бастадым. Ол тұста, Жетісай Өзбекстанның құрамында болатын. Үш жыл бойы осы төскейде еңбек еттім. Кейіннен Қызылорда қаласына Тәңірберген Қалауов ағамыз шақырды. Білесіздер, ол кісі біздің ауылдың тумасы. Елге танымал «Қызылорда» вальсының авторы. Сол тұста қаладан облыстық филормония ашылып, соған директор болып кетті де, маған қаладағы өнер мектебінің басшылық қызметін ұсынды. Осылайша, Сыр еліне келіп, өнер мектебін 10 жыл басқардым. Талай талантты жастардың талабын ұштап, өнер көкжиегіне қалықтауына аз да болса үлес қостық.
Десе де, қай перзент болмасын туған жерге тағзым жасайды. Елге еңбегім сіңсін деп мақсат қояды. Осындай ой менің де алдымда тұрды. Ауылым – қасиетті мекенім. 1980 жылы ауылға оралып, бүгінгі Бесарық өнер мектебін аштым. Өнер мектебінің директоры ретінде ғана емес, осы ауылдың азаматы ретінде балаларға өнер білімін дарытуға барынша жағдай жасадым. Шүкір, 20 жыл бойы ауыл-аймақтағы дарынды жастарды іздеп тауып, талай шәкірттің қанатын қатайттық. Бүгінде ол түлектердің барлығы дерлік өмірден өз орнын тапқан. Олардың арасында Еуразиялық ұлттық университетінде, Қазақ Түрік халықаралық университетінде еңбек етіп жатқан өнер шеберлері, опера әншілері, Құрманғазы атындағы ұлттық оркестердің белді мүшелері шыққанын мақтанышпен атауға тұрарлық.

– Жасыңыз жетпістің бел ортасына жақындады. Әлі де болса, шәкірт тәрбиелеп, өнер мектебінде ұстаздық етудесіз. Осы тұста, өміріңіздегі ең үлкен жетістігіңіз қайсы?
– Үнемі айтып жүретін 3 жетістігім бар. Бәлкім, елге еткен еңбегім десе де болар. Бірінші, ауданда алғашқылардың бірі болып, «Айсыновтар» отбасылық ансамбьлін құрып, оның халықтық атақ алуына себепкер болдым. Жеңгең Айымкүл Нәлтаева өлең айтса, ұлдарым ансамбльдің құрамында өз орны бар. Үлкен ұлым Сәкен училищеде пианино класын тәмамдаған. Сырым консерваторияда аккордеон сыныбын бітірген. Ал, Бәкенім училищеде сырнай сыныбында оқыған. Яғни, барлығы да музыка мектебін тәмамдаған кәсіби маман. Осы күнге дейін, «Айсыновтар» ансамблі қаншама республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанып, ауылдың ғана емес, ауданның абыройын асқақтатып жүрміз.
Екіншіден, облыста тұңғыш болып, «Әлшекей» халықтық ұлт аспаптар ансамблін құрдым. Әлі күнге осы оркестрдің жетекшісімін. Күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлының бірқатар күйлерін нотаға түсірдік. Өздеріңізге белгілі, күйші Әлшекей Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған көрнекті тұлға. Үшіншіден, елге келіп, өнер мектебін аштым. Міне, өмірімдегі ең үлкен үш жетістігім.

Рахмет, аға сұхбатыңызға.

Әбдісамат ӘБДІШ.
17 наурыз 2019 ж. 1 856 0