№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ӨНЕР АДАМЫ ӨЗІМШІЛ емес, ҚОҒАМШЫЛ

ӨНЕР АДАМЫ ӨЗІМШІЛ емес, ҚОҒАМШЫЛ

Жаңақорған үлкен жолдың бойында орналасқан соң ары-бері өткен жолаушы жиі аялдайды. Қырықтың бірі қыдыр деген, арасында ел ардақтылары да кездесіп қалады. Сондай бір шара шетелдік қонақтармен болды. Оларды қызықтырған меймандос мол дастархан емес, қарапайым қазақ жігіттерінің өнері еді. Аккордеон мен гиджак әуенімен классикалық шығармалар орындады. Мұндай мықтылықты күтпегенқонақтар ұзап кете алмай төңіректеп тұрып қалды. Бұл кәсіби маман Сырым Айсыновтың бір ғана шеберлігі емес, оның өнерін еліміздің қай өңірі де жақсы біледі. Ол талайды тамсандырған сахнаның серке өкілі, ұлағатты ұстаз ретіндеелдің сүйікті ұлына айналған азамат. Өнер адамы ғой, өте қарапайымдылығы бізді тонның ішкі бауындай жақындатып жіберді.
Тегінен талантты, қанынан қасиет дарыған Сырым Бәденұлын арнайы редакцияға шақыртып, сенбілік сұхбаттың кейіпкерін жаңа қырынан ашуға тырыстық. Сырым өзімен бірге асыл жары Жібек Сейтметованы ерте келген екен, әңгіме ә дегеннен қызып кетті.
– Сіздің әулетті өнерлі отбасы деп атайды. Мұның тарихы тереңде жатқан сыңайлы.
– Әрине тәмсілді таратсақ арғы атамыз Айсұлтан мен Нұрсұлтанның өнерге етене жақындығы бізге белгілі. Айсұлтан атамның (Айсын) мықты күйші болғаны, әсіресе Әлшекей күйлерін сақтаушы әрі насихаттаушы ретінде ел бағалады. Бертінде қарындасы Тоты атамның күйшілік дәстүрін, оның домбыра құлағында ойнайтын шеберлігін тамылжытып айтып отыратын. Бәлкім осындай ерекшелік бізге де жұғысты болғанын немесе қанмен тараған қасиет екенін айтқан жөн. Ал енді Бәден әкем туралы бүгінгі ұрпақ бес саусақтай біледі. Әлі есімде, 1982 жылы Алматыда «Халық-талант қайнары» телевизиялық түсірілімі жасалды. Ол кезде әрбір өңір өзінің халыққа белгілі талантты өкілдерін телевизиялық түсірілімге дайындайтын. Содан не керек, Жаңақорған ауданынан Манап Көкенов, Әбдірейім Өміров және Айсыновтар ансамблі барды. Бұл біздің отбасының республикалық деңгейге қанат қаққан алғашқы қарлығаш нышаны еді. Осы жерде бір айта кететіні, 1980 жылы әкем Бәден Бесарық ауылында өнер мектебінің ашылуына түрткі болды. Сол мектеп талай түлектің танылуына, олардың өмірлік жолын жалғауына арқау болғаны ақиқат. Қазір санамалап көрсем, олардың арасынан Еуразиялық ұлттық университетінде, Қазақ Түрік халықаралық университетте еңбек етіп жатқан өнер шеберлері, опера әншілері, Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің белді мүшелері шыққанын мақтанышпен атауға тұрарлық.
– Сырым, өзіңіз консерватория бітірген кәсіби мамансыз. Мұндай оқу орнын тәмамдаған мамандар жоғары жерде қызмет етуге талпынады. Сіздің туған жерде қалып, жерлестеріңізді өнер жолына баулуыңыздың себебі неде?
– Қай перзент болмасын туған жерге тағзым жасайды. Елге еңбек сіңсін деп мақсат қояды. Осындай ой менің де алдымда тұрды. Қазір Бесарық балалар өнер мектебінің директоры ретінде ғана емес, сол елдің азаматы ретінде балаларға өнер ілімін дарытуға барынша тырысып кеттім. Сонымен қатар өнер адамы үнемі ізденісте жүреді, шеберлікті шыңдап отыруы тиіс. Бұл бағытта «Жанкент» тобы құрылып, оның құрамында белгілі азамат Шерәлі Тұрсынметов өнер көрсетеді. Топтың репертуары негізінен виртуоздық саз, немесе классикалық шығармалар болып келеді. Мұны халық жақсы қабылдайды.
– Тау баласы тауға қарап өседі дегенді қалай түсінесің?
– Бұл биіктік өлшемі ғой. Басқасын былай қойғанда шығармашылықтың үлкен шоғыры осы тау баурайындағы ауылдардан шыққан. Жалпы әдебиет болсын, мәдениет болсын қазақтың біртуар азаматтары біздің елдің перзенттері десем жаңылмаймын. 
– Өнер адамы сезімтал келеді. Кейде арқырап, кейде көңілі пәс түсіп жабырқап жүреді. Осындай сәттерде кімнің ықпалы сізге ауадай қажет?
Бұл сұраққа мен жауап берейін деді жұбайы Жібек Сейтметова:
– Сырымның табиғаты қызық. Мен оны барынша түсінуге тиістімін. Өнер адамы болған соң кейде жалғыздықты сүйеді, өзімен өзі болғысы келеді. Мұндай сәттерде ол тауға кетіп, саятшылық жасайды, табиғатпен үндесуге тырысады. Ал, көңіл-күйінің көтеріңкі кезеңдерінде шығармашылыққа шыңдап кіріседі. Небір шытырман шығармалардың пернелерін басуға дендеп кетеді. Ол ауыр сөзді сүймейді, баладай мәпелеуді күтеді. Мұндай мүмкіндік жасалмаса өнердің өркен жаюы қиын ғой. Менде мамандығым басқа болғанмен өнерлі отбасының ортасында өстім. Сондықтан нәзік әрі сезімтал өнерді жүрекпен түсінуге үйренгенмін. Жақында облыс ортағында Айсыновтар әулетінің есеп беру концерті өтті. Мен келін бола тұрып жүргізуші ретінде атамның есімін айтып қоя беріппін. «Сахнаға Бәден Айсыновты шақырамыз» деген сөздеріме кейін қысылып та жүрдім. Мұны атамыз да түсінген шығар. Концерттің өте сапалы және көркемдік жағынан биік дәрежеде өткеніне қуанып жүрді. Жалпы өнер адамының артықшылығы майда-шүйдеге жоқ, – деді .
– Өнер мектебінің алар асуы жоғары. Оны аудан орталығындағы «Бесарық ән мен жырдың мекені» есепті концертінде байқадық. Дәл мұндай өнер ұжымдары ауданда жоқтың қасы. Сіз директор ретінде қандай маңызды мәселені көтердіңіз?
– Біріншіден, аудан әкімі Р.Рүстемовтың руханиятқа жаны жақындығы бізге үлкен демеу болды. Олай дейтінім, өнер мектебінің мәселесі бойынша қабылдауында болып, бірнеше ұсыныс білдірген болатынмын. Шынын айтайын бәрі де бірден қолдау тапты. Соның бірі өнер мектебінің Кеңес ауылында филиалы ашылды. Қазір онда 4 сынып жұмыс жасауда. Әлемге аты әйгілі Төлепберген Әбдірашевтың ауылынан алдағы уақытта да айтулы өнер адамы шығатынына ешкім шәк келтірмес. Екінші мәселе студия жасау еді. Оның құрылыс жұмыстарына «Аңсар Строй» ЖШС (Шархан Амзеев) қол ұшын созды. Міне, осындай қолдаулардың арқасында қанат жайып келеміз. Жалпы өз ойым алты алаштың ұлттық саз аспаптарынан ансамбль құрасам деген мақсатым бар. Туасы, пейіліміз таза, тек еңбекке жаралғанбыз. Сондықтан өнер адамы өзімшіл емеспіз, қоғамшылмыз ғой.
– Өмірде өкінішіңіз бар ма?
– Өкініш деуге болмас, ұсыныс деген дұрыс шығар. 1992 жылы Павлодар қаласында отбасылық ансамблдердің республикалық конкурсы ұйымдастырылды. Соған Айсыновтар әулетінің ансамблі қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жеңіс халықтық ансамбль атағын алуға түрткі болды. Осы жерде бір ұсынысым — халықтық ансамблге мемлекеттік қолдау көрсетіліп тұрса деп ойлаймын. Сонан соң ансамбльдің басшысы, әрі тірегі, бүгінге дейін өнерді серік еткен Бәден Айсыновтың еңбегі ескерілмей келеді. Осы мәселе толғандырады.
– Ал қуанышыңыз қаншалықты?
– Бүгінгі заман барлық мүмкіндіктердің арнасы бар сәтті уақыт. Мұндай шақта барынша ізденіс пен іскерлікті жүзеге асырған жөн. Бұл бірінші қуаныш. Екіншіден, Айсыновтар әулетінің ансамблінің 12 мүшесі бар. Яғни өнерді өгейсітпейтін ұрпақ жалғастығы келеді. Үшіншіден, төрт баланың әкесімін, төртеуі де өнерге бейім. Бесіншіден, айналаңда алқалаған елің барда, жаныңда сенің ішкі жан сарайыңды ұғатын достарың барда, үйде жаныңды түсінген жарың барда өмірдің қуанышы қашанда көп деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қаныбек ӘБДУОВ.
01 қазан 2018 ж. 3 344 0