№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қалталының емес, білімдінің қолы ұзын

Қалталының емес, білімдінің қолы ұзын


Қазақ қашанда туған жердің топырағын кие тұтып, оны барынша қадірлеген. Ел арасында атамекеннің қасиетін түсініп, оның әр тасына дейін қастерлейтін қазыналы қарттарымыз бар. Елінің ертеңі үшін аянбай тер төгіп, халық тыныштығы жолында қажырын аямаған ардагер ұстаз Серікбай Сұлтанұлы «Сенбілік сұхбат» төрінде өмірлік тәжірибесімен бөлісті.


– Саналы ғұмырыңызды ағарту саласына арнапсыз. Сіздіңше, ұстаз қандай болу керек?
– Біріншіден, білімді болуы шарт. Оның біліміне ешкім күмәнмен қарамауы тиіс. Ол өз ісінің маманы екенін дәлелдеуі керек. Екінші, әр мұғалім бала тәрбиесінде үш кезеңді шатастырмаса жасаған еңбегі зая кетпейді. Бастауыш сыныбындағы баланы жұмсақ, жылы шыраймен тәрбиелеу керек. Өйткені, олардың ойын баласы екенін естен шығармағаны абзал. Одан кейін, 5-8 сыныпта әр қимылын қалт жібермей, қадағалап баққан дұрыс. Жоғарғы сыныпта құрдасындай сырлас болуы керек. Осы кезде өте білікті шәкірт тәрбиелеп шығаруға болады.
– Өмірден не түйдіңіз. Жастарға айтар ағалық ақылыңыз?
– Білімді болу – тренд. Себебі, білімі кемел жұрт бәрінен озады. Оны еуропаның даму жолынан көруге болады. Міне, өмірден осыны түйдім. Мына уақыт «білекті – бірді, білімді – мыңды жығатынның» нақ заманы. Ұрпақ өзіне керекті білімді алып, оны өміріне қалқан етіп, соның жемісін көре білгені абзал. Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос деген бар. Болар елдің баласы бір-біріне демеу болып, жігерлендірсе. Ел игілігі жолында еңбектеніп, болашаққа даңғыл жол салса. Жастарға айтарым осы.
– Елбасы рухани жаңғыруды ұсынды. Рухты қалай жаңғыртсақ болады? Рухани жаңғыру арқылы озық елге айнала аламыз ба?
– Рухани жаңғыру – жан дүниеңнің тазаруы. Жаңа бастамаларға қолдау көрсетіп, ескіні бүгінгі талаптарға сай жаңарту. Өшкенді қайта жағу, үзілгенді жалғау деп білемін. Халық сана-сезімін жаңғырту арқылы үлкен бастамаларға бет бұрмақ. Мұның түпкі астарында жаманнан ада болып, жақсыға қарай ұмтылу деген терең философия жатыр.
Рухани жаңғыру жолын Елбасы өзінің мақаласында нақты көрсетіп берді. Ал, екінші сұрағыңызға келетін болсақ, әлемде бәсеке алаңы қыза түсті. Қай ел уақыт ағымына сай қалыптаса алса, сол ел озады. Ендеше, ғасырлар бойы тұтынған салт-дәстүрді уақыт тынысына сай бейімдеп, дамудың жолын таба білу керек.
–Елбасы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың мүмкіндіктерін саралаған Жолдауын жариялады. Жаңа Жолдауға пікіріңізді білсек?
– Әрине оң пікірдемін. Мемлекет басшысының цифрлануды басты назарға ұстағаны құптарлық дүние. Мәселен, АҚШ, Нидерланды, Жапония, Сингапур, Дания елдері цифрланудың пайдасын әлдеқашан түсініп, сол жүйеге көшкен. Оның алғашқы игілігін өзіміз де көріп жүрміз. Соның бірі – қолымыздағы телефон. Бұрынғыдай ат терлетіп алысқа барудың қажеті жоқ. Бір түймені басу арқылы бірнеше мәселенің шешімін табуға болады. Әсіресе, жастар жағы бұл бастаманың шапағатын көруде. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске қолдау көрсеткені қазақстандықтарды қуантатын жаңалық. Халықтың жеке кәсібін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуы – дамудың негізгі көз.
– Сіз ақсақалдар кеңесіне төрағалық ететін Машбек ауылының берекесі артқан, бірлігі бекем, құт қонған жер. Ауыл халқының береке-бірлігін арттырудың жолын қалай таптыңыздар?
– Ең алдымен ауызбіршілік маңызды. Ал, оны ұстап тұру үшін халықтың керегін жоғарыға жеткізіп, шешімін таппаған мәселені ауылдың үлкендері ақылдаса отырып шешілу кілтін табу керек. Жалпы, іштегіні сыртқа жариялау ешқандай жақсылыққа апармайды. Сондықтан, кез-келген түйіннің түйіткілін ауыл халқымен бірге тарқатсақ, әр тұрғынның пікірімен санасып, ел игілігі үшін жұмыс істегенде ол ауылдан береке кетпейді.
– Халық сізді парасат пайымы мол ел ағасы, ауылдың ақылгөй қариясы деп біледі. Отбасында қандай адамсыз?
– Отбасында балаларыма тәлімді тәрбие беріп, солардың адам болып қалыптасу жолында еңбек етіп жүрген әкемін. Басты байлығымыз бала болғандықтан, солардың өсіп-жетілуі, өмірден өз орнын табуы өте маңызды. Бұл – әр әкенің алдындағы айнымас міндет деп ойлаймын.
– Ұрпақты жеткізу әкелік міндетім дедіңіз. Сіз үшін әке өсиеті, ана аманаты деген не?
– Негізі, әке өсиеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады. Мәселен, марқұм әкем Сұлтанның маған айтқан өсиетін бүгінде мен төрт балам мен 16 немереме айтып отырамын. Әкем маған әрдайым: «көпшіл бол, айналаңа қолыңнан келген көмекті аяма. Адам өзгеге үш көмек көрсете алады. Біріншісі, көз көмек. Екіншісі, тіл көмек. Үшіншісі, қол көмек» дейтін. Ал, ана аманатының орны бөлек. Анаңның әр жылы сөзі, мейірімділік пен жақсылыққа үйретуі, адам болып қал деуі аманаттың төресі. Бүгінгі күнге абыроймен жеткенім әке мен ана аманатын орындағаным деп білемін.
– 45 жылдан аса ұстаздық етіпсіз. Қызмет жолыңызға тоқтала кетсеңіз?
– Мен, 1942 жылы Өзбекстанда туылдым. Мектепті бітіргеннен кейін үш жыл мақта шаруашылығында тракторшы болдым. 1963 жылы Ташкенттегі пединституттың бастауыш сынып факультетін бітіріп, сол жақта ұстаздық еттім. Кейіннен 1966 жылы елге оралып, Ақжол ауылындағы №196 мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болдым. 1973-1976 жылдары Өзгент ауылдық советінің секретары, 1991 жылы халықтың ұсынысымен Ақжол ауылы бөлімше меңгерушісі қызметін атқардым. Бірақ 1996 жылы совхоз тарқап, қайтадан білім саласына оралып, 45 жыл ұрпақ тәрбиесі жолында жұмыс жасап, сол жерден зейнетке шықтым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
24 қараша 2020 ж. 12 191 0