№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ЖАҢА ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛДЫ

ЖАҢА ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛДЫ

Қоғам белсендісі, ауданның «Құрметті азаматы» Серік Мұсабай редакцияға арнайы келіпті. Жүзінде қуаныш бар. Себебін сұрадым.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан арнайы «Алғыс хат» алдым», – деп жауап қатты ардагер ұстаз.
Әңгімені елдің тыныс-тіршілігі бағытына бұрып:
– Елмен етене жақынсыз. Жиын-тойларда көп боласыз. Халықты қазір не толғандырады? – дедім.
– Елді толғандырып жүрген мәселелерге мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында толық жауап берді. Озық елдер қатарына қосылудың жолын нұсқап, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптасудың бағдарын ұсынып келеді. Бұл жолғы Жолдауында жаңа талаптар қойылды. Әсіресе кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, жер мәселесі, медициналық қызмет, бюджет қаражатын ысырапсыз жұмсау, инфрақұрылымды дамыту, мәдениет саласын қолдау және т.б жөнінде нақты бағдар көрсетіп, халықтың әл-ауқатын арттырудың жолын айтты.
Стратегиялық құжатта халықтың тұрмыстық деңгейі ең алдымен еңбекке сүйенгенде және кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты екені де қозғалды. Ең бастысы Жолдаудағы «педагог мәртебесін» арттыруға бағытталған бастамаларын қолдаймын. «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі әрі саяси кеңесінің мүшесі ретінде Жолдауда көтерілген басымдықтардың толық орындалуы тиіс деп санаймын, – деді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі.
– Мемлекет басшысы Тамыз кеңесінде алдағы 4 жыл көлемінде педагогтардың жалақысы 2 есеге өсетінін мәлімдеді. Жалпы ұстаздың мәртебесін қалай арттыруға болады?
– Мұғалімдердің еңбекақысы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептелуіне байланысты елдегі 500 мың ұстаз айлығының елеулі мөлшерде өскенін сезіне алмай отырғандығы айтылды. Және ең бастысы Президент ұстаздардың табысына қатысты қазіргі төлемге көңілі толмайтынын жеткізді. «Мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын», – деді Президент. Өте орынды. Себебі әлеуметтік мәселесіне алаңдаған ұстаз сапалы білім бере алмайды.
Сондай-ақ ұстаздарды артық жүктемеден арылтудың жайы айтылды. Ұстаздың біліктілігін арттырып, заманауи білім дағдыларын игеруі де маңызды. Мұның бәрі ұстаздың абыройын асыратыны анық.
Одан кейін отбасы құндылығы турасында пікір алмастық.
– Отбасында әке тұлға болмай тәрбие процесі дұрыс жүрмейді. «Әке – сөзі – оқ», «Әкені көріп ұл өсер», «Әке көрген оқ жонар», «Әке асқар тау» және т.б ұлағатты сөздерден қазақ қоғамында әкенің орнын түсінесіз, – деді ол.
– Сонда әке қандай болуы тиіс?
– Отбасының тірегі қызметін атқаруы тиіс. Баланы еңбекке баулып, білімді, білікті етіп қалыптастыруға күш салуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, отбасындағы міндеттерін толық атқарып, өзінің шешімталдығымен, ақылымен ұрпағына үлгі-өнеге көрсеткені дұрыс.
– Еңбек құндылығын балаға үйретуде нені басшылыққа алған дұрыс?
– Қазір әрбір отбасының есік алдында 5-6 соттық жер бар. Көбі шаң-тозаңға айналған. Сондай жерлерді айналымға енгізіп, бау-бақшаға айналдырса жақсы ғой! Мәселен, менің есік алдымда жемістің онға тарта түрі бар. Жүзім, шабдалы, алмұрт, алма, өрік, жиде және т.б. сатып алған емеспіз. Қызанақ, қияр, қауын, қарбызды да өзім егіп аламын. Осы жұмыстарда немерелерім белсенділік танытады. Бір жағынан, еңбектің құнын біліп өседі, екінші жағынан экологиялық таза өнімді тұтынады.
– Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мұның себебі неден деп ойлайсыз?
– Жасыратын жоқ, ажырасулардың кесірінен толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны артып келеді. Қазіргі қоғамның басты дерті осы. Неге десеңіз, қаншама адамның тағдыры, қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар. Әкесіз тәрбиеленген ұл мен қыздың жарымжан тағдырына жалпы қоғам болып жауаптымыз. Осыны ұмытпау керек.
Енді салдарына тоқталар болсам, жастар жауапкершілікті сезіне бермейтін болды. Әркімнің жеке басының шаруасы дейтінді шығардық. Әке мен шеше тым балажан болып алды. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» деген сөз бүгінгі ата-ананың басты уәжіне айналды. Жалпы отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы жалпы әлемдік тенденция. Еуропадан келген індет десек те болады.
Мұндай күйкі көріністерден құтылудың жолы – халықтық құндылықтарымызда екенін де есте ұстаған ұтады.

Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
14 қыркүйек 2019 ж. 3 099 0