Ел игілігіне айналған Жолдау

Басшының әрбір айтқан талап-тапсырмаларын бақылауда ұстап, үлкен-кіші мәселеде көзқарас қанықтығын танытуы оған деген жұртшылықтың сеніміне жол ашқандай.
Ол күні бүгінге дейін төменгі жалақымен жүрген білім саласы мен денсаулық саласының мамандарының қызметкерлеріне айрықша көңіл бөлді. Мұғалімдердің жалақысын кезең-кезеңімен төрт жылда екі есе көбейтуді Үкіметке тапсырды.
Жолдауда қай саланы қозғаса да оның мәні мен маңызын, қазіргі қоғамдағы қажетті басымдықтарын анықтап, айқын көрсетіп, алдағы бағыт-бағдарын белгілеп берді.
Елдің де халықтың да бүгінгі күнде ойын жегідей жеп жүрген жемқорлық пен парақорлықтың жолын кесуде нақты ұсыныстар айтылды. Сын тезіне алған мәселе – әрбір азаматтың жұмысқа тұру үшін міндетті түрде пара берудің әдетке айналғаны, білім мен денсаулық сақтау саласында бұл мәселелерде түйткілдер бар екеніне бәріміздің де наразылығымыз жоқ емес.
Қазіргі транспорт саласындағы орын алып отырған келеңсіз жағдайлар – жолақының қымбаттауы қарапайым халыққа ауырға түсетіні айтпаса да түсінікті. Осы жағдайларды оңалту мәселесіне айрықша маңыз берілді.
Қазақстан халқының негізгі әлеуетін көтеріп отырған ауылшаруашылық саласында жерді орынсыз алып, пайдаланбаса да үкіметтен субсидия алып отырғандардың жолын кесу туралы да нақты тапсырма берді.
Ең бастысы, соңғы он-он бес жыл бойы жұрт наразылығын тудырып келе жатқан шет елге жер сату мәселесіне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан әрі жердің шет елге сатылмайтыны туралы тоқтамның нүктесін қойды.
Бұл Жолдау елдің болашағында орасан мәні бар оқиға болды деп санаймын. Президенттің келешектің жоспарын кемел жеткізе білген терең талдамаларына, екі тілді толыққанды бағытталған ой-пікірлеріне қарап, оның әлемдік деңгейдегі саясаткер екеніне тағы да көзіміз жетті.
Ел де, жұрт та бұл Жолдауға толық сенім артады.
Мұзарап Махмұтұлы,
еңбек ардагері.