Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ӨМІРШЕҢ ОЙЛАР ӨРНЕГІ

ӨМІРШЕҢ ОЙЛАР ӨРНЕГІ


Ұлы Даланы мекендеген көшпенділер құрған алып мемлекеттер адамзат өркениетін тың арнаға бағыттап, бетбұрыстар жасауға ықпал етті. Бұл ретте, ата-бабаларымыз алмағайып дәуірлерде ұрпағына дұрыс бағыт-бағдар беріп, дәстүр-дағдысын жүйелеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғауда өмір тәжірибесіне сүйеніп, өнегесі мол өміршең құндылықтарды ұрпағының бойына сіңіруге мән берді. Мұңдай аталы сөздерді әжемнен бала кезімнен көп еститінмін. Мәнін терең түсінбесем де тыңдап, жаттауға тырыстым. Әжемнің сөздерін жоғары білім алып, тіл өнерін зерделей бастаған шақта мән-маңызын түсіне бастағандаймын. Шіркін, көненің көзіндей болған қарттарым қандай терең десеңші?!


Балалық кезіміздің талай түндері майшаммен өтті ғой. Осы күні сол шам бірлік пен берекенің құралындай көрінеді. Дастархан басына жарық қойылып, өнегеден өрнек өрілетін. Ғибратты сондай кештерде «Қолыңда жарық болса қараңғылық қашады, даналық көзінді ашса бақытсыздық қашады» дегенді әжем жиі айтушы еді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп білімділікке, біліктілікке, белсенділікке айрықша мән берді. ХХІ ғасырда қоғамның дамуын интеллектуалды капитал айқындайтыны рас. БҰҰ Даму бағдарламасы мен Дүниежүзілік банк бағалауы бойынша, әлем елдерінде адами капиталдың үлесі – 64 пайызды құрайды. Табиғи капиталдың экономикадағы үлесі – 20 процент шамасында ғана. Озық елдерде адами капиталдың көлемі 80 пайызға жуықтаған. Сол елдердің қатарында АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур бар. Яғни ұрпағынын даналық көзін ашу арқылы жоқтан барды жасап, дамудың жолын тапты. Біз дамудың негізгі факторы – білімді инвестициялауда деп ұрандап, адам интеллектісіне басымдық бере бастадық. Тереңірек ойласаңыз, ата-бабаларымыз ерте-ерте кезендерден-ақ ақыл-ойға басымдық бергендігін түсінесіз.
«Бар пәледен ұят сақтайды». Әжемнің жиі айтатын сөзінің бірі осы еді. Бүгінде осы сөздің парқын білмейміз, не нарық біздің ұятымызды сыпырды. Мұндай ойға көшеде жартылай жалаңаш жүрген аруларды көргенде кеңелесіз. Бұрындары «қайтып келген қыз жаман» деп қызға мін тақсақ, бүгінде «тар құрсағыма сыйған балам, кең үйіме сиядыға» салады. Мұны естіген келін әулетке сыйысуға, сіңісуге мән бере ме? Сосын шаңырақ қалай түзелсің? Ұят азайғандықтан бейкүнә шарананы қоқысқа тастаудан арланбайтын болдық. Қалтадағы құнсыз қызыл дипломға масаттанып даланың даналығын бойына сіңірген қарттардың алдын орап, оларға жөн сілтеуге ұялмайтын болдық. Ұятты тірліктерді санай берсек, көлемді монография жазуға болады. Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» дегені ойға оралады. Абай «Отыз алтыншы» қара сөзінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» дейді. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адамшылықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар» депті.
«Бақ пен дәулет көшпелі». Әжемнің құлаққа сіңірген сөзінің бірі. Қысқа сөз болғанымен, үлкен мәнге ие. Шынында, бақ-дәулет көшпелі. Бақыт құсы қонған адамның алды-арты тең, көңілі жай болады. Алайда оның орнауы үшін талай сынақтан сүрінбей өтуің қажет-ақ. Ескіден қалған тәмсілге мән берсек, әуелі бақ адамның аяғына ілінеді екен. Аяғына келген бақты көтере алмаған, аяғын шалыс басып, жүрісінен жаңылады. Егер аяғына келген бақты көтере алса, бақ өрлеп белге келеді. Белге жеткен бақты көтере алмаған не ұрпақсыз қалады, не өзінен тараған ұрпағына кесірі тиеді. Егер беліне келген бақты көтере алса, бақ өрлеп кеудеге келеді. Кеудеге келген бақты көтере алмағанның кеудесіне нан піседі. Өзгеден гөрі өзін жоғары санағыш болып, менмен, өркеуде болады. Ондайдан бақ таяды. Егер кеудеге келген бақты көтере алсаң, бақ өрлеп аузыңа келеді. Бұл кезде айтқаныңа ел ұйыйды. Аузындағы бақты ұстағанның ендігі кезегі – көзінде. Көзіне келген бақты кетере алмағанның көзін шел басып, бар мен жоқты, жақсы мен жаманды айыра алмайтын халге жетеді. Көздегі бақты көтере алсаң, бақ жоғарылап басыңа орнайды. Кетпес бақ деп соны айтады екен. Міне, әжем бір ауыз аталы сөзбен өмірде екі аяқты тең басып, өз-өзінді танудың жолын көрсетіпті ғой!
«Еңбек еткен – мұратқа жеткен» дейтін әжем тағы бір мақалында. Бірнеше жыл бұрын Сунақата, Екпінді ауылына инвестор келіп, игерусіз қалған жерлер айналымға қайта қосылды. Аудан басшысымен бірге егістікті аралап, шаруалармен кездестік. Сонда «біз еңбектен шығып қалдық» деп бір көкеміз әңгіменің тиегін ағытты. Құдай-ау, бүгінгі заманда айтатын әңгіме ме?! Салыстырмалы түрде алсақ, еңбекке сүйенген ауылдың тұрғындары дәулетті келеді. Мәселен, жоңышқасын Жезқазған мен Қарабұлаққа дейін икспорттайтын Қожакент ауылдық округіне барсаңыз зәулім-зәулім үйлерді көресіз. Бір ауылдың өзінде 60-тан аса камаз тіркелген. Ала жаздай егін даласында күріштің бабын тауып, баладай мәпелеп, қара күзде қырманға тонналап дәнді дақылды бастырады. Одан кейін ырысты ысырапсыз кәдесіне жаратады. Бақша дақылына маманданған Жайылма ауылдық округінен де осындай еңбек өнегесін көруге болады. Қазақ мұндайда «Еңбегіне қарай өнбегі» дейді. Өкініштісі, көп ауылдың тұрғындары «Еңбек ердің сәні» ете алмай тұр. Масылдыққа бой үйретіп, Үкіметке алақан жаятындар да аз емес.
Жә, осы жерден тоқтайық!

P.S.: Мыңжылдықтардан негіз алатын қазақтың ХХІ ғасырға өзегі үзілмей жетуінде қариялардың дала ұлағатын өзінен кейінгілерге аманат етіп, бойына сіңіре білуінде жатыр екен-ау! Біз де өміршең ойлар өрнегін ұрпағымыздың бойына дарыта алсақ «Мәңгілік Елді» шындыққа айналдыра аламыз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
24 шілде 2019 ж. 1 028 0