№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АБАЙ МҰРАСЫ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҚАЙНАРЫ

АБАЙ МҰРАСЫ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҚАЙНАРЫ


Қазақ әдебиетінің негізін қалаған Абайды танудың және оның мұрасындағы адамдық пен адалдық, еңбекқорлық пен іздемпаздыққа баулитын өлеңдері мен қара сөздерінің мән-маңызын зерделеудің маңызы зор. Себебі ақынның өміршең идеялары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрініс тапқан.
Абайдың қара сөздерін оқыған сайын зердең ашылып, парасатың биіктеп, өлеңдеріне үңілу арқылы табиғатты, адамды тани түсетін. Бас ақынның кереметі де осында. Олай болса, оның кез-келген кітабы құнды мұра. Сондай мұраны аудандық тарихи-өлкетану музейінен таптық.
Музейдің қор сақтаушысы Рахима Абсаттарова ақжарқын, көпшіл, бауырмал екен. Руханият орталығындағы құнды жәдігерлерді бір-бірлеп ашып, таныстыра бастады. Қазақ батырларының қару-жарағы, көне шаһарлардан табылған құмыралар мен тұрмыстық бұйымдар, сирек кездесетін кітаптар және т.б. көрсетті. Солардың ішінде, Абай Құнанбаевтың 1945 жылы басылған жинағы көзге ыстық басылды.
Музей қызметшісінен құнды кітап қалай келгенін сұрадық.
– Кітап 1945 жылы басылған. Оны Жанар Сабырханова 2005 жылы музейге табыстады. Содан бері көздің қарашығындай сақтап келемін. Ергеш Сабырханов аудандық ауылшаруашылық бөлімінің есепшісі қызметін атқарған, – деді музейші.
Кітапты қолға алып парақтай бастадық. Хронологиялық жүйемен құрастырылған туындыда ақынның 1855-1902 жылы жазылған шығармалары және жазылған жылдары белгісіз өлеңдері қамтылыпты. Сондай-ақ, 1944-1945 жылы жаңадан табылған өлеңдері енгізілген. Тағы бір ерекшелігі Абай шығармаларында кездесетін кісі аттарына түсінік беріліпті.
Музейдің ғылыми қызметкері Мөлдір Дюсенбаеваның сөзінше, Абайдың туғанына 100 жыл толу мерекесі қарсаңында ақынның өмірін, әдеби мұрасын зерттеуде бірталай мағыналы ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді, 1945 жылы ақын «Шығармаларының толық жинағы» жарыққа шықты. Жинақ – бірнеше ғалымның ақын мұрасы жайында жазылған шығармаларынан, ресми, тарихи докуметтерден, әдеби шығармалардан құрастырылған...
Мемлекет басшысы білімнің салтанат құруы, прогматизм, сананың ашықтығы, ұлттық кодтың маңызын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетті. Ал, руханилық Абай философиялық идеясының негізгі мәселесі. Ақын философиясындағы руханилық категориясы адам болудың әмбебап өлшемі және жеке адам мәдениеті ретінде негізделеді, оның жалпы адамдық мәніне жалпылық сипат береді. Ендеше, Абайдың өмірге деген көзқарасын танып, рухани мұрасының парқын түсіну арқылы рухани жаңғырудың маңызын түсенесіз. Біз 74 жыл бұрын жарық көрген құнды кітапты парақтау барысында осыны ұғындық.

P.S.: Нағыз жаңғыру – Абай. Абайсыз рухани жаңғыру – мүмкін емес. Ендеше, Абайдың рухани мұрасын танып, оның көрсеткен бағыт-бағдарымен жүрсек жаңылмаймыз...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
27 маусым 2018 ж. 3 000 0