№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҒҰМЫРЫН ҒЫЛЫМҒА АРНАҒАН

ҒҰМЫРЫН ҒЫЛЫМҒА АРНАҒАН


Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» дейді. Саналы ғұмырын елінің болашағына арнаған ғалымдар аз емес. Солардың бірі – физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Жаңабергенұлы.
Ол, соғыстан кейін ел еңсесін енді тіктеп жатқанда мектепті үздік бітіріп, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының физика-математика факультетіне түседі. Соңыра, 1959 жылы бітіріп, туған жер топырағына оралып, Төменарық ауылындағы №53 орта мектепте мұғалім болып орналасады. Алайда көп ұзамай Құдайберген Жаңабергенұлы өзі оқыған университетке шақырту алып, ғылым жолына қадам басады. Бұл 1961 жыл еді. Осы кезеңнен бастап институттың және аймақтың ғылымы мен білімінің дамуына сүбелі үлес қосты. Студенттер мен оқытушылардың ғылыми қызметін ұйымдастыру бағытында тың бастамалар көтеріп, аз уақыт ішінде осы салада шығармашылық зор табыстарға қол жеткізді. Ғалымның білімге, ғылымға деген құштарлығы жастарды тәрбиелеуде үлгі өнеге бола білді. Оның ішінде өзім де бармын. Студенттік шақта партияның саясаты өте ықпалды болды. Облыстық, аудандық, қалалық партия ұйымдарына үгіт насихат партияның ішкі идеологиясын іске асыру мақсатында «Білім қоғамы» қоғамдық ұйым болатын. Құдайберген аға Қалалық «Білім қоғамы» бастауыш ұйымының төрағасы жұмысын қоғамдық негізде қоса атқарды.
Ал, 1966-1969 жылы Қазақстан ғылым академиясының ядролық физика институтында аспирант болып, ғылыми жоба қорғады. Кейіннен Қызылорда мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы сынды қызметті абыройлы атқарды.
«Ұстазыңды әкеңдей құрметте» деп Лұқман хакім айтқандай, Құдайберген Жаңабергенұлы біз үшін ерекше жан еді. Ол қарапайым, көп сөйлегенді ұнатпайтын, терең ой мен парасаттың иесі ретінде есімізде қалды. Өз саласында ғылыми жаңалықтарға ден қойып, оқу әдістемелік құралдарын жазып шықты. «Кванттық механика», «Электроника негіздері», «Физика оқыту әдістемесі», «Қатты денелер физикасы» сынды оқулықтары әлі күнге университет кітапханасының төрінде тұр. Одан бөлек, 100-ден астам ғылыми еңбек, 3 монографиясы, 4 оқу-әдістемелік құралы жарық көрген. Сондай-ақ физика-математика факультетінің деканы қызметін атқарып жүрген кезінде де ғылыми бағыттағы жұмыстарға ден қойып, студенттерді ізденімпаздыққа баулыды.
Саналы ғұмырын ғылыми жолға арнаған ғалымның табанды еңбегі еленіп, «КСРО ағарту ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Құдайберген Жаңабергенұлының адами асыл келбеті мен даңқы институт тарапынан алған марапаттарынан емес, әсіресе өзінің кемеңгерлік сипаттағы асыл тұлғасынан, мейірім тұнған бет-бейнесінен ерекше аңғарылатын. Ол ұлт руханияты мен елінің кемелді келешегі үшін еңбек етті.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтінін» ескерсек, ғалымның есімі жадымызда мәңгілікке сақталады. Ең бастысы – оның өнегесі мен жолын жалғастырар ұрпағы, ардақты жеңгеміз Шолпан апамызбен олардан өрбіген екі ұл, екі қыз әке есімін ұлықтайтыны сөзсіз. Десе де, сөз соңында айтар бір ұсынысымыз бар.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Тұлғатану» жобасы аясында ел мен жерге қызмет еткен тұлғалар есімін қайта жаңғыртуды қолға алуды айтқан болатын. Осы тұста, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Жаңабергенұлының есімін өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында өзі алғаш еңбек жолын бастаған Төменарық ауылындағы №53 орта мектепте арнайы кабинет жабдықтаса. Бұл ғалымның 80 жылдығына тамаша тарту болар еді.
Қорыта айтқанда, отандық ғылымның дамуы үшін көз майын тауысқан, ел құрметіне бөленген Құдайберген Жаңабергенұлының өнегелі ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала берді.

Бағдат СӘРСЕНБАЕВ,
Сунақата ауылы.
16 қаңтар 2018 ж. 1 718 0