№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БІРЛЕСБЕКТІҢ БЕЛЕСІ

БІРЛЕСБЕКТІҢ БЕЛЕСІ

Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» дейді. Ауданнан түлеп ұшып, саналы ғұмырын елінің болашағына арнаған ғалымдар аз емес. Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Тұлғатану» жобасы аясында ел мен жерге қызмет еткен тұлғалар есімін қайта жаңғыртуды қолға алуды айтқан болатын.

Осы тұста биыл сексеннің сеңгіріне шығып жатқан техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бірлесбек Алияровтың елге еткен елеулі еңбегін өскелең жастарға үлгі етуді мақсат еттік.
Жаңақорғанның тумасы, Бірлесбек Қаниұлы – еліміздегі энергетика саласының саңлағы. Ғылымның шыңына өзінің дара дарындылығы мен ізденімпаздығымен жеткен. Қарапайым ауыл баласының академик дәрежесіне дейін көтерілуінде – ерен еңбектің жемісі жатыр. Мәскеудің ғылыми ортасын мықтылығымен мойын­датқан қазақ ғалымдарының бірі. Алматыда тұрса да, туып өскен ауылын бір сәтке де ұмытқан емес. Жыл сайын Жаңақорғандағы өзі оқыған мектептің үздік оқушылары мен ұстаздарына арнайы сыйақы тағайындап, қолдау көрсетеді. Бұл жөнінде Бірлесбек Қаниұлы: «Ақшаны параға емес, балаға салу керек. Сүйреп, оқытып, үйретсе ғана баланың болашағы болады. Баланың болашағы – елдің болашағы» дейді. Расын­да, баланың болашағына салынған инвестиция күндердің күнінде мемлекетке зор инновациялық жаңалығымен келері айқын. Міне, осыны тереңінен түсінген ғалым қаракөз қазақ балаларының білімін шыңдауға қомақты үлесін қосып келеді. Таудай жұмысын тастап, тал бесігіне тәу етуді перзенттік борышы санаған саңлақ азаматтың бұл байламы – ізінен ерген жас буынға үлгі.
Ендігі кезекте Бірлесбек Алияровтың ғылыми еңбек жолындағы ашқан жаңалықтарын тақырыпқа арқау етсек. Әуелі алғашқысынан бастасақ.
Қазақстанда энергия өндіру саласы көмірмен тығыз байланысты екені айқын. Көмір жағу арқылы энергия өндіру ісі жолға қойылған. Ғалым ағамыз ә дегеннен осы саланың қыр-сырын зерттеуге кіріседі. Өзінің ғылыми-зерттеу жұмысын көмір жағу технологияларын жетілдіруге бағыттайды. Павлодар облысының Екібастұз, Ақсу қаласында эксперименттік жұмыс жүргізіп, жемісті нәтижеге қол жеткізеді. Екібастұздағы энергия өндіретін қазандықтар күні-түні жұмыс істеп тұратындықтан, Алматыдан келген жас ізденушіге зерттеу жұмысын жүргізуге бірден бере қоймайды. Бұл жөнінде Бірлесбек былай дейді:
«Екібастұз көмірі сапасы жағынан екіге бөлінеді. Мәселен күлі 45 пайыздан төмен болса, «құмы бар көмір», ал күлі 45 пайыздан жоғары болса, «көмірі бар құм» дейміз де оны лақтырып тастаймыз. Көмірді өндіріп, вагонға салып, қайта апарып төгіп тастаймыз. Менің ғылыми жұмысым көмірді таза жағуға байланысты. Сонда мен «Мынауың жап-жақсы отын ғой, неге тастайсыздар?» десем, институт директоры академик Ш.Шөкин «Қарағым, сіз қай институтта жұмыс істейсіз? Энергетикада ма, көмірде ме? Көміршілердің жұмысына араласуға тыйым саламын!» деді. Мақұл деп бас изеген болып, жұмысымды жасырын түрде жалғастыра бердім. 1977 жылы «Сапасы төмен көмір жағуды игеру керек» деген Үкіметтің қаулысы шықты. Мәскеуде Бүкілодақтық жиналыс болды. Шетінен шығып сөйлеп жатыр, көбісі бос сөз. Кенет кезек маған келгенде плакаттарды іліп, өзімнің нақты ұсыныстарымды айттым. Үзілісте «Сенің жобаңды көрейікші» деп көпшілік айналап жинала қалды. Қысқасы, көп ұзамай ғылыми еңбегім өндіріске еніп, Екібастұздың екінші стансасында жетілдірілген қазандықтар қойылып, әлі күнге жұмыс жасап жатыр. 1986 жылы сол еңбегім бағаланып, Мемлекеттік сыйлық берілді» – дейді Бірлесбек Қаниұлы өмір жолын ой елегінен өткізіп.
Ғылыми саладағы кез келген жаңалық өзінің қиындығымен келетіні анық. Бұл тұрғыдан алғанда ғалымның көрген қиындығы аз емес. Уақытының көп бөлігі қазандықтардың жанында тәжірибе жасау­мен байланысты.
Жалпы, Бірлесбек Қаниұлының ғылыми-шығармашылық еңбек жолы 1961 жылдан бастап Қазақстан энергетика ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланысты болды. Аталған институтта қарапайым лаборанттан жетекшілік қызметке дейін атқарды. Кейіннен аталған мекеменің басшысы болып тағайындалады. Негізі 1968 жылы жылу кернеулік кеңістіктерді бөгетпелі салқындату заңдылықтарын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Ал 1969 жылдан бастап Ақсу және Павлодардағы 1-ЖЭО, 2-ЖЭО қуатты қазандықтарының жанғыштарында Екібастұз көмірін жағу мәселесін зерттеп, соның нәтижесінде 1-МАЭС-ғы қазандықтың жобасына өзгерістер енгізді. Оған қоса, Қазақстанның электроэнергетика бағытындағы Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елімен ықпалдастық һәм әріптестік байланысты нығайтып, көптеген жобаларды жүзеге асырды. Сондай-ақ ел тәуелсіздігінің елең-алаң жылдарында экономикалық жағдайдың мәз болмағаны белгілі. Мұндай кезде қолда бар мүмкіндіктерден айырылып қалмау аса маңызды болатын. Бірлесбек Қаниұлы тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында Қазақстанның энергетика ғылыми-зерттеу институтының тізгінін ұстауы көптеген мәселенің оң шешім табуына, әрі дамуына зор септігін тигізді. Іскер жетекші институтты уақыт ағымына сай басқарып, көптеген жобаларды қолға алды. Әсіресе, жас кадрларды дайындауға айрықша мән берді. Өзінің айтуынша, ғылыми жетекші тек бағыт беруші ғана, ал сол бағытты дұрыс түсініп, ізденіс жолына түскен шәкірттің жинаған білімінен ұстазы да үйренеді, білім алады. Міне, ұстаз бен шәкірт арақатынасына осындай пәлсапалық көзқараспен қарайтын Бірлесбек ұстаздың пайым-парасатына, кез келген мәселені шешудегі өзіндік технологиясына таңданып та қаласыз.
Тағы бір айрықша атап өтерлігі, ғалым ағамыз 54 жасында ағылшын тілін үйренуге кірісіп, екі жыл ішінде сол ұлттың өкілімен түсінісіп, сөйлесе алатын дәрежеге жеткен. Көптеген елдерді тілмашсыз аралап, ағылшын тілінде дәріс те оқиыған. Оған қоса, қазақтың ғылыми техникалық тілін дамытуға орысша-қазақша сөздіктерді құрастыруға белсенді атсалысты. Бас-аяғы 9000 терминді әзірлеген. Сөзбе-сөз аударғанды олқы көріп, жылу энергетикасына қатысты 1500 терминге орысша-қазақша түсіндірме жазды.
Бір сөзбен айтқанда, өзінің өмір жолында академик Сұлтан Сартаевты үлгі еткен Бірлесбек Қаниұлы – бүгінгі заманның заңғар ғалымы. Жерлесіміздің ғылымға қосқан еңбегін бір мақалаға сыйғыза алмаспыз, десе де ғалымның саналы ғұмырын энергетика саласына арнап жазған том-том еңбектерінің өскелең буынға берері мол деп білеміз.

Әбдісамат ӘБДІШ
25 маусым 2019 ж. 1 505 0