№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Өнер қонған ӨРЕН

«Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деп Қасым Аманжолов жырлағандай қазақ халқының өзге елден басты ерекшелігі ұлттық музыкасында, жыр-дастан, термесінде. Төрт жасынан ән салып, жеті жасында домбыраны жанына серік еткен Көкен Өскенбай осындай құндылықтарды бойына сіңірген жас.



Кешегі Сыр сүлейлерінің мұрасын насихаттап жүрген Көкен Өскенбайдың бойынан кендік пен дархандық қасиетін танисыз. Кейден ауылына кіндігі байланған ол жастайынан әншілік өнерге қызығып, ұлттық дәстүрлі өнерге сусындай бастайды. Өнерге ынтық талантты Әлшекей өнер-мектебінің ұстазы Айгүл Өтегенова күй өнеріне баулиды. Ол осында жүріп келешегін дәстүрлі музыка өнерімен байланыстырады. Осылайша Қазанғап атындағы музыкалық кол­леджіне «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасына оқуға түседі. Онда Дүйсен­бек Төлеубеков пен Айдос Рахметов сынды тәлімгерлерден ұлттық өнердің қыр-сырына қанығады. Сондай-ақ, өнер­дегі ұстазы Мұхтар Дәрібаевтың өзіндік орындау мәнерін сіңіруге мән береді.
– Менің алдыма Көкен жетінші сынып оқитын кезінде келді. Қазір әне-міне дегенше колледжді де бітіргелі отыр. Бойымен бірдей домбырасын арқалап келгенінде-ақ, бозбаладан биік бір шыңды бағындыратын азаматты көрдім. Еңбектенді. Оқыды. Тоқыды. Нәтижесінде дәстүрлі өнерді меңгеріп, байқауларда дара шықты. Оның кез-келген музыкалық шығарманы игеріп, мазмұнына жете тереңнен мән беруі қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Шығармашылық потенциалы ерекше Көкеннің елге танымал жыршы болатынына сенемін, – дейді оның өнердегі ұстазы Мұхтар Дәрібаев.
– Әкем Бегалы қарапайым жұмысшы. Анам Шолпан ұстаз. Олардың музыка өнерімен таласы жоқ. Домбырашылық өнер түп нағашым Тұмар әжемнен қонған-ау. Ол заманында суырып салма ақындығымен танылыпты. Яғни асыл өнер текпен келген, – дейді кейіпкеріміз.
Адалдық пен әділдік, шындық пен шынайылықты жырлайтын жыраулық поэзиясы жастарға ұлттық құндылық­тарды сіңіретін бірден-бір өнер. Сондықтан Көкенмен осы турасында әңгіме өрбіттік.
– Жастар терме тыңдайды ма?
– Қазіргі жастар терме тыңдамайды деп кесіп айтуға болмайды. Бәлкім дұрыс насихаттап, өзіміз тыңдата алмай жүрген шығармыз. Егер әке-шеше үйінде дәстүрлі ән-жырды, термені тыңдайтын болса, жастардың құлағына сіңімді болады. Ал, ондай жастардың дәстүрлі әндерді тыңдамауы мүмкін емес.
– Термеші ретінде байқауларға жиі қатысатын боларсың?
– Ең алғашқы конкурсқа 14-15 жас шамасында қатысқан едім. Республи­калық, облыстық және аудандық кон­курс­тарға біршама қатысып, жақсы жетістіктерге жеттім. Менің термеші ретінде өз орнымды қалыптастыруда бұл байқаулардың үлкен септігі тиді. Себебі, әр байқауға қатысқан сайын шыңдалып, өзіңе белгілі бір талаптар мен мақсаттар қойып отырасың. Биыл дәстүрлі музыканы насихаттау барысында ұйымдастырылған халықаралық «Мен қазақпын» телевизиялық мега жобасына қатысуда аудан-дық іріктеуден өтіп облыстық іріктеу кезеңінде бабым келіспеді. Аламан бәйге болған соң біреу жеңсе, біреу жеңіледі. Артынша Шиелі кентінде «Нартай мұрасы» атты облыстық байқауында табысты өнер көрсеттім. Машбек ауылында өткен «Текті сөздің төресі – терме» атты аудандық байқауда Бас жүлдені қанжығама байласам, Жайылма ауылында өткен аудандық «Шанағынан жыр төккен» атты жыршы-термешілер бай­қауында дара шықтым.
– Нақты мұрат пен ұстаным адам­ды биікке жетелейді емес пе?
– «Адам боп келдім өмірге, адам боп кету тілегім» демеуші ме еді? Мен үшін басты ұстаным өнерге деген адал­ды­ғымды бірінші орынға қою.

P.S: Қазақ ән өнерінің қадір-қасиетін терең түсінетін талабы таудай, мұраты асқақ Көкен Өскенбайға өмірде тек сәттілік жолдас болғай...

Лаура БИБАСАРОВА.
11 маусым 2019 ж. 1 335 0