№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ӨНЕР – ЖҰТАМАС ЖАҚҰТ

ӨНЕР – ЖҰТАМАС ЖАҚҰТ


Өнер ошағы 1972 жылы елдің біртуар азаматы, қазақ еліне әуезді әнімен танылған композитор Бексұлтан Байкенжеевтің бастамасымен ашылды. Ол кезде «Балалар әуез мектебі» атауымен жұмысын жасаған өнер отауында баян, домбыра, аккардеон, фортепиано сыныбы бойынша 46 оқушы 1-сыныпқа қабылданды. Өмірбек Марсалиев, Әсия Камалова, Ажар Нұғманова, Махмут Әуезов, Шолпан Наурызбаевалар осы мектептің қалыптасу жолында бар күш-жігерін салып, оның өнер ордасы ретінде бой түзеуіне атсалысқан алғашқы ұстаздар. Бексұлтан Байкенжеев басшылық еткен жиырма бір жыл ішінде мектеп қалыптасу кезеңінен өтіп, мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген өнерпаздар қанат қақты. Осы жылдары өнер мектебі «Әлшекей» атына беріліп, жұмысын жүйелей түсті. Өнер ордасын Өмірбек Марсалиев, Әбдірейім Өміров басшылық еткен кездері жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Қалдыбай Қошқаровтың басшылығымен өнер мектебі рухани жаңғыру аясындағы жұмыстарды сәтті үйлестіріп келеді.
Мектеп ұстаздарынан құралған «Қаратау қазынасы» фольклорлық ансамблі аудандық, облыстық түрлі өнер додасында алдыңғы қатардан көрініп, 2011 жылы «Халықтық» атағын алды. Мектеп табалдырығында домбыра, баян, қобыз, фортепиано, би сыныбы, көркемсөз оқу, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, жыр-терме сыныбы, бейнелеу өнері, хор сыныбы бойынша 435 бала білім алып, оларды 38 мұғалім білім нәрімен сусындатуда. Сондай-ақ, мектепте Бексұлтан Байкенжеев атындағы баян сыныбы, әнші-сазгер Нағызхан Жаманбаев атындағы домбыра сыныбы, драматург Әмір Мәжитов атындағы көркемсөз оқу сыныбы, Жақсыгүл Бегманова атындағы би сыныбы бар. «Жас толқын» оқушылар оркестрі, «Саз» домбыра ансамблі жұмыс жасайды.
– Өнер – халықтың тарихи шежіресі. Ол өткен мен бүгінді рухани тұрғыда сабақтастыратын күшке ие. Мысалы, шешендік өнерге баулып, жыр-термелерге үйрету арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс-бітімді жастар бойына сіңірудеміз. Ал, осы рухани кодты ұрпаққа жеткізуде ұстаздардың еңбегі ерен. Содан болса керек-ті, ата-аналардың баласын өнер мектебіне беруге сұранысы артты. Бұл – біздің мектептің нәтижелі жұмысының жемісі, – дейді өнер мектебінің директоры.
Иә, өнер ұжымының жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, осы ұжымның алты мұғалімі аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының «Алғыс хатын» алса, төрт ұстазы аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушылардың жеткен жетістігі бір төбе. Мектеп түлегі Аружан Әлихан мен Әзиза Әбдірейім 2011 жылы «Ақ көгершін» халықаралық өнер фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алып, Германияда өткен «Жарқыраған жұлдыздар» өнер фестиваліне қатысты. Германияның төрт жерінде өнер көрсеткен дарынды қыздар, әлем елдері арасында қазақ атын қалықтатқан еді.
Сонымен қатар, Бурабайда өткен VI Халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауынан ұлттық аспап номинациясы бойынша Нұршат Кенжебек марапатталды. Бұдан бөлек мектеп оқушылары әр өңірде өткен өнер сайыстарынан жүлделі оралып, аудан абыройын асырып жүр.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
06 қаңтар 2018 ж. 2 195 0