№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Алтын сөзді, әсем үнді Аружан

Алтын сөзді, әсем үнді Аружан

  Ұлы даланың сайы мен қырқасын, тауы мен өзенін әуезді әуен тербейді. Оны танып, есту әркімнің бағына бұйыра бермейтіні рас. Құдірет дарытқан осынау қасиетті Машбек ауылында өткен термешілер байқауында Аружан Бақытжанқызының бойынан көрген едік. Содан талапты, талантты жасты әңгімеге тартып, дәстүлі ән өнеріне қалай келгенін білдік.

  Аружан Әбілтай №163 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Ол жастайынан әнге әуестігін көрсетіп, байқауларда бағын сынап көрді. Баласының бойындағы дарынын байқаған анасы Гүлдария қызын Әлшекей атындағы өнер мектебіне оқуға береді.
Иә, өнер мектебінің «домбыра» және «дәстүрлі ән» сыныбын үздікке бітірген өнерлі жас талантымен талайды тамсандырып, бірнеше байқауда өнер көрсетіп, жүлделі оралған. Нақтырақ тоқталсақ, облыстық «Бозторғай» дәстүрлі әндер сайысында тұғырдың үшінші сатысынан көрінді. Республикалық «Жеті өнер», «Қанекей, тілім сөйлеші» байқауларында бірінші орынды алса, Арал ауданында өткен ересектер арасындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған термешілер сайысында екінші орынға ие болды. Ал, Халықаралық «Алаш үміті» байқауында дара шығып, бас жүлдені қанжығасына байлаған. Бұл – Аружан бағындырған белестердің бірнешеуі ғана. Бұдан да бөлек марапаттары мен жеңістері аз емес.
   – Аружан Әбілтай «дәстүрлі ән» сыныбын үздік оқып бітірді. Сабақ берген 5 жыл ішінде ол өзінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын танытты. Бірнеше дәстүрлі ән байқаулар мен термешілер сайысына барып, жүлдемен оралдық. Аружаннан алдағы уақытта мықты әнші шығатынына сенімім мол, – дейді өнер мектебіндегі ұстазы Ботагөз Шәкенова.
«Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» демекші, алтын сөзді, әсем үнді Аружанның алға қойған мақсаты айқын, арманы асқақ. Ол алдағы уақытта өнерін шыңдап, үлкен білім ошағында білімін жетілдіргісі келетінін жасырмады.
– Менің киелі өнерге деген махаббатым анама қарап ашылды деп ойлаймын. Өйткені, анам ешқандай өнер мектебіне бармаса да ән айтып, домбыра тартады. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының «дәстүрлі ән» факультетіне түсуді жоспарлап, соған дайындық үстіндемін. Бүгінде 20-дан аса терме мен дастан-хикая, халық әндері мен күйлер орындап жүрмін, – деді талант иесі.

  PS.: Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Дала фольклоры мен музыкасының мың жылына тоқталып, «Қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет», - деді. Демек, қазақтың руханиятын асқақтатып, мәдениетін шарықтатуда, қазақтың дәстүрлі өнерін мәңгілікке жалғауда Аружандай жастардың қосар үлесі басым.


                                                                                                                                         Айсұлу АЛДАНАЗАР.

25 желтоқсан 2018 ж. 1 499 0