№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ӘРБІР БАЛА - ДАРЫН, ҰСТАЗЫ ҰҚСА ЖАНЫН

ӘРБІР БАЛА - ДАРЫН, ҰСТАЗЫ ҰҚСА ЖАНЫН


– Бұған өз тәжірибеңнен қандай мысалдар келтіресің?
– Алдымен ұстаз болу тарихыма тоқталайын. Кейдендегі №208 орта мектебін «Үздік белгіге» бітірдім. Арманым – өнер адамы болу еді. Әкем де, анам да өнерге жақын, ағаларым Дінмұхаммед – белгілі актер, драматург, Бақмұхаммед те мәдениет саласында жұмыс атқарады. Екеуі де музыкалық инструменттердің барлығын меңгерген. Маған келгенде әкем қарсылық танытты. «Әртістік – қыз балаға қол емес» дегендей рай танытты. Дегенмен, «әке – балаға сыншы» емес пе, ол кісі менің бойымдағы ұстазға тән үлкен жүректі аңғарды ма екен? Мектепте жүргенде ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Лида Кубанова апайыма қатты еліктейтін едім. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ағылшын тілі факультетіне грантқа оқуға түстім. 3-ші курста жүргенде Түркістан қаласындағы Ясауи атындағы мектеп-гимназиясына толық жүктемемен мұғалім болып қабылдандым. Оқуды бітірген соң, 1999 жылы Жаңақорғанға келін болып түстім. Содан бері аудан орталығындағы №163 мектепте 2-11 сынып аралығындағы шәкірттерге ағылшын тілінен сабақ беріп келемін. Менің ұстаздық әлеуетіме қолдау танытқан мектеп басшысы арнайы экспериментальды сынып ашып беріп, ағылшын тілін жаңаша технология негізінде оқытуға кірістім. Инновация дегеніміз – ғылымнан шығатын нәтиже. Талай ізденісті іс –тәжірибелерімді жинақтап, өздігімше оқулық түзіп, жоспар жасап жаңаша оқытуға кірістім. Әр ұстаз жеке индивидиум, дербес жаңалығы, өзіндік методикасы болуы заңды. Бірақ мақсат біреу – нәтижеге бағдарланған білім. Бұл жолдағы еңбектерім жеміссіз емес. Осы эксперимент сыныбымдағы шәкірттерім аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарды еншіледі. Олар Италияда, Лондонда демалып қайтты.
– Шәкірттеріңнің қатарында ұстаз жолын жалғастырғандар бар ма?
– Оқушыларым Қасиет Жаманқұлова қазір өзі оқыған мектепте мұғалім. Жанат Мұзарапова №110 мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі. Күмісай Жұмат қаладағы №3 тереңдетіп білім беру гуманитарлық мектебінде мұғалім. «Алтын белгі» иегері Жанна Қамарова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-ші курс студенті. Аружан Қожахмет Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ағылшын факультеті студенті. Тоғжан Әлиева мектепті үздік тәмамдап, қазірде Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетінде оқып жатыр. Тағы да осындай шәкірттерім көптеп саналады.

– Ағылшын тілінде «білім» деген қандай ұғымды білдіреді? Білім кеңістігінде «үштұғырлылық» саясатында қандай серпіліс бар?
– Ағылшын тілділер білім – ақпарат, даналық деп түсінеді. Біз білім алу дегенді жаппай диплом алумен шатастырамыз. Ал, шындығында елдің сауаттылық деңгейі санмен емес сапамен өлшенеді.
– Осы бағытта өз үлесің жөнінде не айтасың?
– Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Өз еліміздің байлығын өзіміз игере алатын білімге ие болуымыз керек, әйтпесе көрінгенге жем боламыз» деген өсиеті бүгін де өзекті. «Үштұғырлылық» саясаты осыны меңзейді. Айналамыз толған байлық. Осыны игеруде ұлттық кадр әлеуеті ауадай қажет. Өзім өткен үш Президент сайлауында ОБСЕ-ден келген бақылаушыларға аудармашылық қызметін атқардым. Бүгінгі жаһандану дәуірінде көп тіл білу әрбір азаматқа міндет. Қазір ұстаздық еткеніме жиырма жыл болыпты. Шәкірттер алдына қазір де үлкен дайындықпен барамын.
– Жетістіктерің жөнінде не айтасың?
– Әр жылдары түрлі сайыс-байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, аудандық, облыстық деңгейдегі саланың марапаттауларын иелендім. Кеше облыста өткен «Үздік мұғалім – 2017» байқауына қатысып, 1-ші орынды жеңіп алдым. Бұл жеңіске жету жолында әдіскеріміз Базаркүл Ташкенова, әріптестерім Бақыт Тоғызбаева апайларымның да ақыл-кеңесі үлкен. Менің бір ғана түйгенім, әр баланың көңіліне шырақ жағып, білімге ынтызар қылу ұстазға байланысты.
– Отбасың жөнінде не айтасың?
– Ата-енем ұстаз болған жандар. Қажылық парызын өтеп, елге имандылық үлгісін танытып отыр. Менің отбасыма алаңдамай алаңсыз жұмыс жасап, елдің баласының қамында қалтқысыз қызмет етуім осы кісілердің арқасы. Ерім Әзірет – Жаңақорған агро-техникалық колледжінде мұғалім. Тұңғышымыз Гаухар – Қазақ ұлттық өнер университетінде оқиды. Болашақ тележүргізуші, Меруерт – 11-ші сынып оқушысы, Абдулазиз – 5-ші сыныпта оқиды. Абдулғанидың жасы бесте.
– Алда қандай мақсаттарың бар?
– Ұстаз жаны баладай пәк. Солар қуанса қуанамыз, мұңайса мұңаямыз. Жан дүниесін жанарынан танимыз. Өзім жетекшілік ететін сыныбымдағы шәкірттерімді баламнан артық көремін десем артық айтқаным емес. Мақсатым осынау әрбір үйдің үмітін келешек жақсы азамат, толыққанды егемен елдің тұтқасы болар тұлға етіп тәрбиелей алсам, еңбегімнің жанғаны.
– Келелі сұхбатыма рахмет. Деніңе саулық, отбасыңа амандық, еңбегіңе табыс тілейміз.

Әңгімелескен Баян ҮСЕЙІНОВА.
06 қаңтар 2018 ж. 1 988 0