№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сенім жүгі ауыр

Сенім жүгі ауыр


Заңның салтанат құруы құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қырағы кәсібилігін ғана талап етпейді, яғни тәртіп бұзушыны тіркеп, жаза тағайындаудан гөрі, адамгершілік нормаларын аяқасты етуге жол бермеу - ізгілікті қоғамның басты ұстанымы осындай.
Кеше, 2017 жыл жетістіктері қорытындыланар тұста қоғам тыныштығын күзетуде күн-түнмен санаспай еңбек етіп келе жатқан сақшы - қызметкерлер сапында аудандық ішкі істер бөлімі басшылығы Төлешов Арыстанбек Нұралыұлын «Жыл үздігі» деп танығанда оның тәрбие мен тәртіп деп аталатын қос тізгінді қатар ұстаған қарымдылығын қаперге алған болса керек.
Азаматтың басын төрге оздыратын кәсібиліктен де бұрын тұлғалық болмысы, адами қадір-қасиеті. Жан сарайы кең, сөзі кем, білім-білігі салмақты, ой-өрісі жан-жақты, міндетіне жауапты, жоғары санатты маман қай саланы болмасын бағын ашатын осындай адам. Бірақ олар көп емес. Санаулы. Қалғандары соның үлгісін көріп, соңынан еріп, ұқсап бағуға ұмтылса, ол да жақсылық.
Арыстанбек бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Әкесі Нұралы 26 жыл осы салада абыройлы қызмет жасады. Азаматтардың құқы мен қоғам мүлкін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауға бар саналы ғұмырын арнады. Перзенттерінің ішінде Арыстанбегі әке жолын жалғады. Түгіскен ауылындағы №209 Әнуар Әбуталипов атындағы орта мектебін тәмамдаған соң, яғни 2009 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Қостанай Академиясына оқуға түсті. Оны 2013 жылы тәмамдады. Сол жылдың наурыз айынан бастап Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі патруль күзетінде, жол полициясы патрулінде қызмет жасады. Одан соң, кадр бөлімі инспекторы болды. Қазірде аудандық ішкі істер бөлімі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы. Ол осы лауазыммен 2016 жылдың ақпан айында аудан орталығындағы №163 орта мектебіне бекітілген кезде жоғары сынып оқушылары арасында бұзақылықтың орын алып, саналарға ауыр салмақ арқалатқан тұсы болатын. Оның тиянақты да талапшыл қызметі арқасында білім ордасы ахуалы өз арнасына түсіп, темірдей тәртіп қанат жайып, ұстаздардың да көңіл күйі орнына түсті.
Біз жоғарыдағы марапат иесі, полиция аға лейтенанты Арыстанбек Төлешовке жолығып, сақшылық қызметтегі жауапкершілік пен кәсіби бағыт-бағдары жөнінде әңгімелескен едік.
– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында айтылған көшелі де көрегенді ой-пікірлерінің қатарында біздің қызметімізге де қазық етер қағидалар аз емес. «Тура биде туған жоқ» деген бабалар даналығы жалпыға ортақ әділ заңнан аттап өтпеуді аманат етіп тұр. Заң құрметтелген қоғамда қылмыстың жолы кесіледі.
Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Бұл бағытта мектеп инспекторлары ата-аналармен тығыз байланыс жүргізуі тиіс.
Соңғы кездері әлеуметтің көңілінде полицияға деген сенім әлсіреп кеткенін жасыруға болмайды. Бірақ бәрібір кім болсын әділетсіздікке душар болғанда, ар-намысы, жеке басына зауал туғанда сол полицияны қорған тұтып, содан таяныш іздері рас. Біздің міндетіміз – көптің көңілінен шығып, сеніміне ие болу дер едім.
Өз басым жасөспірімдермен жұмысымда халықтық тәрбиенің қайнар көзі – ұлттық үрдістерімізді үлгі етемін. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, аманатқа қиянат жасамау, біреудің ала жібін аттамау сынды жүз жылда да құндылығын жоғалтпас қадір-қасиетімізді жас ұрпақ бойына дарыту тәлімгерлердің ғана емес, ұлттың қамын ойлаған тұтас зиялы қауымның міндеті. Осы бағытта мектепте өтетін рухани шаралардың барлығына қатысып, маман ретінде кеңес беруден жалыққан емеспін, – дейді.
Ия, әңгімесінің түйінінде ұлттық тінімізден қол үзіп қалған аға ұрпақ қателігіне қарны ашатынын жасырмаған сақшы – қызметкер ендігі ретте жасөспірімдерді жарық күнде жолынан адастырып, бейкүнә санасына бітеу жара салатын беймәлім бағыттан сақтандыруда ел болып етек - жеңімізді жиып, саналық тұрғыда жаңару қажеттілігімізді ортаға салды.
Өз кәсібіне шынайы берілген азамат - Арыстанбек үшін шен мен мансаптан бұрын мақсаткерлік қымбат. Ол әке атына дақ түсірмей, қаупі мен қатері қатар өрілген полиция қызметінде осындай парасатты ұстанымын ту етіп жүрген жан.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
06 қаңтар 2018 ж. 1 703 0