Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ана жүрегі

Төсегіне шаршап кеп, көз шырымен алды ма, алмады ма, қиқы-жиқы түс көріп шошып оянды. Әлгіндегі түстің әсерінен шашы үрпиіп балалардың бөлмесін ашқан. Қызы мен ұлы теледидардан футбол көріп отыр екен. «Әлгі осы үйдегі қыз қайда?» деген апасының сұрағына екеуі  бірдей аңтарыла қарады. – қандай қыз? Үлкен қыздары тұрмыста. Қалған екеуі әне көз алдында отыр. Бұл сонда кімді іздеп жүр?
Соңғы кезде осындай сезімді жиі бастан кешіп жүр. Жанының бір бөлшегіндей жақын да ыстық бір елеспен түсінде қауышып, жүрегі жарылардай қуанып жатып оянып кетеді. Сосын біссімілласын айтып, мұны да жақсылыққа жориды. Жасы қырықтың қырқасынан жаңа асты, кім біледі, тағы да перзентті болатын шығар? Сол болашақ сәбиі қызбала болады-ау, қыз ғой, тіпті түсінде тұлымшағы желбіреген осы бір он екі-он үштегі балаусаны бауырына қысып, сағынып оятатыны несі?
Бүгін де жұмысқа әдетінше ерте келді. Халыққа қызмет көрсететін мекеме болғандықтан келушілердің де қарасы көп. Бұлар аядай кабинетте 5-6 қызметкер отырады. Барлығы жастар. Өздерінің жүріс-тұрыстары да өзгеше, тым еркін, мұңсыз, тағы сонысымен қоса кеудесі шалқақ, кісіліктері басым. Қанға сіңген әдетімен жеке шаруаны жиып қойып, күні бойы пернетақтаға үңіліп жоспар құрып, бас алмай жұмыс істейтін саяның қанша назар аудармайын десе де айналасындағы әріптестерінің қылығына қарны ашып отыратыны бар. Тұрмыс құрған, кішкентайлары да жоқ емес, жас келіншектердің не әдеті екенін ұялы телефонын иығына қыстырып сүйіктілерімен ұзын-сонар әңгімесі таусылмайтынына таңқалады. «жаным» деп басталатын сыңғыр үндерін созылтып, сөз соңын тағы да «жаным» деп аяқтайтын әдет дағдыларына қарадай қысылып, ыңғайсызданып отыратыны бар. Мұны бір оңашада олардың өздеріне де жіңішкелеп жеткізді. Ерлі-зайыптың арасындағы қымбат та пәк сезімді көңілмен көріп, жүрекпен сеніп, аялап сақтаудың асылдығын, бір-бірін жақсы көру деген сөз елдің көзінше жар салып жария ету емес, махаббат атты ұлы сезімді жан түкпірінде құпия сақтағанда ғана қадірі артып, қасиеті тереңдей түсерін түсіндірген болды. «ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де іштен біл» дегендей ұлы сезімді ұлықтағанда ғана ғұмыры ұзақ, мәні жоғалмайды дей келе өздерінің жас кездерінде ата-ана, үлкендердің көзінше «жаным» демек түгілі бір-біріне қарауға да ұялатын әдептіліктерін әңгіме еткен. Батыстың мәдениетіне еліктеп тым ашық кетудің ақыры арсыздыққа апаратынын, қазақ қызына тән ибалы да ұяң мінез-құлықты әйел-ана алдымен өзі мықты ұстанғанда ғана оның ұрпағы осы дәстүрді одан әрі жалғайтынын жайымен жеткізді.
– Сіз бен біздің заманымызды салыстыруға болмайды ғой, – деді әлгілердің бірі. – қазір кім көп, неше түрлі айламен күйеуіңді айналдырып алатындар көп. «жаным, күнім» деп қылмыңдап тұрған соң еркектің де есі кетіп, үй-жайын ұмытып кетеді. Жылы сөзбен көңіл аулап, өзімізді еске салып отырғанның несі ерсі? – деп мұның пікірімен келіспейтінін кесіп айтты. Өзіңнен ақыл асқанға арамтер болды деген осы. Тәтті сөзбен тұсаулап ұстап тырп еткізбей ұстаған тәсілі ұзағынан болса жарар деген ойын ішінен айтқан бұл одан әрі сөз жарыстырмады.

***

Түскі үзіліске шыққан сая еріксіз шеткі көшедегі көк қақпалы балгердің үйіне қарай аяңдады. Бұрын-соңды мұндайға аса құмарлығы жоқ еді, бірақ, кісінің санасы сарсылып, тығырыққа тірелгенде өзінің өресі жетпегенге өзгеден тіреу іздейтін осалдыққа ұрынары рас та. Соңғы кезде көріп жүрген шым-шытырық түсінің сырын түсіндіріп бере алмас па екен деген үмітпен балгердің босағасын амалсыз аттады. Сөзін батылсыз бастаған сая ұл-қызымды аяқтандырсам, немерелі болсам деп армандап жүргенде түсіме еніп, жанымдай көріп, қауышып жүрген елес кім? Тағы перзентті болуым мүмкін бе? – деген сауалын көлденең тартып, көмек тілегендей жаутаңдай қарады.
«Сенің бір ұл, екі қызың бар екен. Бірақ, мына түсіңе еніп жүрген перзентің құрсағыңда емес, жердің бетінде, ұзамай қауышасыңдар. Бір көпшілік жерде», – деді балгер төбеден түскендей етіп.
Көріпкелге барып көңіл демдегеннің көкесі осы болды. Сая тіксініп қалды. Не деп сандырақтап отыр? Қайта жанында бөтен ешкім болмады. Не ойлар еді? Таза өсектің астына қала жаздады-ау. Базбіреулерге құсап балгер жағалаған өзін жазғырды. Сая құмалақшының қолына бір-екі жүз теңгелікті құлықсыз тастай сала сыртқа шыға жөнелді.

***

Күндер жылжып өтіп жатты. Күн сенбі болатын. Мәдениет сарайында белгілі өнер қайраткерлері концерт қояды екен дегенді естіді. Клуб үйіне жақындап қалған. Алаң ортасында келе жатқан топ қыздың ішінен күнде түсіне еніп жүрген балауса бейне көзіне оттай басылды. Қалт тұра қап қызға қадала қараған ол жетіп барып, қызды құшақтай алды. Қыз да мына бейтаныс әйел кім демеді, бойын тартпай, қайта бауырына кіре түскендей ме? Қанша тұрары белгісіз еді, қыздың ар жағында келе жатқан анасы бұған жылыұшырай қарады. Үміт! – деді бұл да оны ә дегеннен танып. Екеуі перзентханада қатар жатып босанды. Содан кейін кездесіп тұрғандары осы. Қолтықтасқан күйі парк шетіндегі орындыққа келіп жайғасты. Жалқы сәт жанарлары түйісіп қалған қос ана кенет түйсіктерін тіліп өткен «осы біздің балаларымыз ауысып кеткен жоқ па?» деген дүдәмалы мол дәрменсіз сауалға жауап іздеп, бір-біріне аңырай қарады.
Өткен күндер елесі көз алдарынан кезек-кезек өтіп жатыр. Абыр-сабыр ауысым болып жатқан таңертеңгі сағат сегізде толғағы қатар келген екеуін аман-есен босандырып алған соң шараналарды бөлек жайына апарып орналастырып, жұмыстарын тәмамдаған түнгі кезектегілер үйлеріне қайтқан. Осы сапырылыста балақандардың білегіне байлаған анасының аты жазылған белгінің ауысып кетпегеніне кім кепіл?
Биыл көктем мүшел жасқа толып, құлпырып өсіп келе жатқан қос жауқазын екі әйелдің де бірдей түсіне еніп, тыныштық бермеуі тегін емес. Бұларды нақ бүгін осы жерде табыстырған да тағдырдың жазмышына не дерсің? Тіпті барлығын да заңды түрде дәлелдеп, сараптама арқылы айқындауға болар еді. Мұнан да бұрын қос ана бұл ақиқатқа қарапайым ғана ана жүректерімен сенді.
Көп жыл санаға салмақ салып, бейкүнә жандарын сарсылтқан жұмбақ сауалдың түйіні тарқатылды.
Айтып отырса екі ана да маңдайына тап келген ауыр сынақты бастан еткеруге тура келді. Оның басты себебі де осы балақандардың дүниеге келуімен қатар қабыздап, гүлдей нәзік әйел жанын қалтыратып, қатайта түскен. Құндақтаулы нәрестесін құшағына қысып, босағаларына қуанышпен оралған қос ана бөбектерінің өсе келе балаларының ешбіреуіне ұқсамайтын өзгеше өң-түсіне шыныменен назар салып қарап, өзге түгіл өздері қапа болып отыратын кездері жиілеген. Қызылшақа кезінде білінбейді екен, кенжесінің басқа ұл-қыздарындай шикіл сары емес, қараторы өңді, қаршығаның көзіндей қап-қара жанарын да жанұясы түгілі әулетінде ешкімге ұқсата алмаған үміт қарадай қысылып сол үшін қиянатты да бас­тан кешті. Әшейінде себепсізден себепсіз қол көтеруге дайын тұратын тракторист күйеуінің талай таяғын да жеді. Бұл аздай енесінің сүйектен өтердей ауыр сөздеріне төзуге тура келді. Саяның да тұқымдарында жоқ үйректің балапанындай сап-сары бүлдіршінін бауырына басып, тағдырына налыған кезі аз болмады. Үміт сияқты таяқ жемесе де жұбайының үнсіз жазғыра қарайтын жанарының ызғарынан бейкүнә жаны жараланып, жылап та алатын.
Талай жанды сарсаңға салған сырдың беті ашылды.
Енді не істемек керек? Кезінде әлдекімдердің жауапсыздығының кесірінен орын алған қасіретті қалай орнына келтірерсің? Кінәлілерді жауапқа тартқанда не өзгереді? «өз баламызды таныдық ыңшыз-шыңсыз ауыстырып ала қояйық» дейтін зат емес. Екі ана да шарасыз отырып қалған. Шіркін, уақытты кері айналдырып, өз балаларын қайта өмірге әкелер күн туса ғой. Екеуі де сол бақытты күнге қауышқысы келді. Мұны істейтін бұлар құдай емес екен.
Екі түрлі ортада, екі түрлі әлеуметтік жағдайда, екі түрлі таным бесігінде тәрбиеленіп жатқан қос тұлымдыны алтын ұясынан ажыратуға екеуінің де батылы бармады.
Қанша қымбат болса да ақиқаттың да амалы құрып, тауаны шағылатын кезі болады екен. Шарасыздықтан шарт сынып, қиналса да маңдайға жазылғанға төзуге серт берген қос ана құдайдан жасырмағанды адамнан жасырамыз ба, не де болса бұл сырды жалпақ жұртқа жария ету керек деп тапты.

***

Мына тосын хабар екі отбасыға да төбеден жай түскеннен кем әсер етпеді. Біресе жылады, біресе күлді. Сол күні-ақ екі отбасы бір-бірін қонаққа шақырып, туған бауырлардай құшақтасып көрісті. Екі жанұя енді өмір бойы тонның ішкі бауындай араласып-құраласып тұрмаққа уағдаласты. Араласу дегеніміз жай сөз, көзге көрінбейтін тылсым құдырет екі отбасының тілеуін бір қазыққа әкеп мәңгілікке табыстырды.

Баян Алаудинқызы.
13 мамыр 2019 ж. 706 0