Алтын ұя
Көлігін жылдамдата жүргізіп келе жатқан Кенжехан күн батпай діттеген жеріне жетіп алуды ұйғарған. Жүрегіне оттай ыстық туған ауылының шетіне де ілігіпті. Тақтайдай тегіс асфальт жолмен желмен жарысқандай жүйткіп келе жатып, көңілі де неше қиырды шарлап кетеді.
Өркениет өрісі туған өлкесіне де өз өрнегін әкеліпті. Бұрын осы өзі өсіп-өнген атамекенде еңбек жолын алғаш бастаған жылдары асфальттанбаған, қиыршық тас төселген ойқы-шойқы жолмен аудан орталығының өзіне совхоздың ескі «Газигімен» бір жарым сағатта әзер жетуші еді ғой. Сонда да бір шаршау, қажу дегенді білмейтін қызық жылдар еді ол.
Жоғары оқу орнын жаңа бітіріп, туған ауылына оралған жас жігіт өзі сүйген кәсібіне бірден төселіп кеткен. Агроном жігіттің алғырлығы, орамды ұсыныстары, уақытпен санаспай таңды таңға ұрып жүре беретіні басшының да көңілінен шығып, не істе де келісіп, кеңесіп отыратын сенімді адамына айналған. Көпті көрген, шаруаға жетік болғанымен сырттан келгендіктен бе, көп мәселенің көзін табарға келгенде талабы зор, табандылығы басым, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей жас маманның пікірімен санасып отыруды мақұл көретін директор мұны өз баласындай жанына жақын тұтып кетіп еді.
Жеміс-жидек өсірумен айналысатын «Көкжиденің» шаруасы шалқып, келе-келе «Миллионер» атануға да қауқары қалыптасқан тұста кеңестік жүйе тарқап, жекешелендіруді желеу етіп әркім өз үлесін қармап қалуға қам қылды. Қоғам игілігі үшін ақ тер, көк тер боп, мансапты емес, мақсатты қуған талапты жас талан-таражға түскен мемлекет меншігіне тұлға боп тұра алмасын, не өзі де жекеге шығып, тып-тыныш тымпиып жүре алмайтынын мойындаған Кенжехан одан гөрі орайы келіп тұрғанда Алматыға қоныс аударуды жөн санап, Астанадан бір-ақ шыққан. Содан бері де жиырма жыл зымырап өте шығыпты.
***
Ауыл шетіне іліккен соң ғана аптығын басқан ол көлігін тоқтатып, жол жиегіне бұрып қойды. Жерге түсіп, ауа жұтып, аяқ созғысы келген. Жанарын суалтып, жондарға көз салды. Таяқты ат қып мініп шапқылаған шағын ауылы, әне, таяқ тастам жерде ағараңдап көрінеді. Жаурағанда жып етіп кіріп кетіп жылынып алуға болатын апасының кең, мол пішілген көйлегіндей жайылып жатқан маң дала мұңсыз балалық күндерін еске салып, әлдеқандай сағыныш жүрегін сыздатты. Шаң суырған құрғақ ауаны құшырлана жұтқанда таныс иіс тұла бойына тарады. Осы сәт заңғар жазушы Мұхтардың ұлы – Мұрат Әуезовтың елге келген сапарында халықпен кездесуінде айтқан сөзі ойға оралды. «Білесіздер ме, – деген ол тебіреніп, – ата-бабам мәңгілік қоныс тапқан киелі топыраққа алғаш табаным тиіп, шаңытқан ауасын жұтқаным сол, не екенін өзім де білмейтін, бірақ өмір бойы іздеп келе жатқан жоғымды тапқандай әсерде болдым. Ата-баба мекенінің киесі деген осы шығар, бәлкім». Ия, ғылым жолын қуған бұл пақырыңыз да талай жерді шарлап, небір табиғаты көркем жерлердің келбетіне көз суалтып, көңіл қанықтырып үлгірді. Бірақ сонда да құм сабалаған жел өтінде өзінше өмір кешіп жатқан, түн баласына оттары әр-әр жерде жылтырап қана көрінетін жұпыны ауылына деген сағыныш соның бәрінен қымбат, соның бәрінен қастерлі екен. Туған төсіне келіп кеудесін кере дем алғандағы айтып жеткізгісіз ғажайып күйінен бұл осыны түсінді, осыны мойындады. Туған мекеннің ту сыртынан күн сала қарап, елжірей көз тіккен жігіт ағасы енді қайтып жүз жылда да оралмайтын өткен күндердің елесіне шомып, ұзақ отырды.
***
Ауылда тұрып жатқан ағасы мен жеңгесі бірауыз айтпастан күн бата төбеден түскендей үйге кіріп келген Кенжеханды көріп, мәре-сәре болды да қалды. Зәуіде өздерінің барғаны болмаса ауылға ат басын бұруға мұршасы бола бермейтін бауырларының қым-қуыт басынан асып жататын шаруасына бұлар да қанық. Алматының іргесінен орын тепкен, сән-салтанаты келіскен атшаптырым ауласы бар Кенжеханның отбасының бүкіл тірлігі келіншегі Айгүлдің қолында. Отағасының бала күнгі қасиеті қалмаған, таң атпастан жұмысына шығып кетеді, күн батпай оралмайды. Өзі басқаратын ғылыми зерттеу институтының шаруашылығында жыл он екі ай атқарылатын жұмыс шат-етектен. Жұмыс кестесі сағат 9-да басталады екен деп созылып жататын Кенжекең жоқ. Елең-алаңнан барып алып, ереуілдеп қызметкерлеріне қиқу салады. Онысынан ұжым зиян шегіп жатқан жоқ. Неғұрлым ерте қимылдаса соғұрлым жұмыс нәтижелі. Еңбектерінің пайдасын еселеп көріп жатыр. Жақында өзі Кореяға барып, алып қайтқан картоптың жаңа сыртын жерсіндіру талабының іске асқаны оң болды. Одан Алматының апортын қалпына келтіруге бағытталған ғылыми ізденістерімен аты ауызға ілініп, марапатқа да ұсынылды.
Байқап, бақастап қараса жұмысының шеті, шегі таусылар түрі көрінбейді екен. Бір-екі күн өзіне демалыс жариялап, ауылға тартып кеткен себебі жоқ емес. Туған жердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, әддім жетсе түйінді тұстарын тарқатсам, бастандырылған игі істердің аяқсыз қалмауына атсалыссам, деген игі мақсатпен атақонысына атбасын бұрған азамат осы ойын ағасына жеткізгенде ол да қуанып қалды. «Жақсылап демал, ертеңгісін шаруашылықты түгел аралатып таныстырамын» деді. Ас ішіліп болған соң жеңгесі дереу төсек қамдады. Ұзақ жолдан шаршап келді ғой деді ме бала-шағаның амандығынан басқа көп сұрақты ішке іркіп, кейінге қалдырды. Ертесіне күн сәскеде бір-ақ оянған Кенжеханды шайдан соң кешегі уәде бойынша ағасы Сұлтан өзінің көлігімен алып шықты. Кенжеханның жобалауынша сыңсыған жүзімдіктің өнімі жиып теріліп қойылған шақ. Бірақ мынадай тып-типыл болар деп ойламаған. Ауыл сыртынан көп ұзамай сабағы жайқалып тұрар жүзімдіктің орны жым-жылас. Жым-жылас болғанда да бір түбір, бір белгі қалу керек қой. Түбіріне дейін қопарып, отын қып жағып жіберген бе, тіс шұқырға ағаш қалмай майда құм суырып, жота-жоталар жалаңаштанып қалыпты. Кенжеханның біртүрлі іші ашығандай болды. Осындай да жауыздық, осындай да жаныашымастық болады екен ғой. Баяғыда өздері егіп, талай жемісін жеген, мейманасы тасып, миллионер атанамыз деп аттандаған жүзімдіктің көлеңкесін де таппай дағдарып тұрып қалған Кенжеханның жүрегін бір өкініш, бір үрей кезек-кезек тілгіледі. Апыр-ау, -деп ойлады ол,- «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда-қазан» деуші еді, жартысына да келмейтін уақытта жер азып, тұқымы тозып кетердей не күн туды бастарына? Су тапшы, жүзімдікті қысқартып жатырмыз дегенді естіген. Бірақ дәл мынадай қуарып, айтақырға айналып тозып жатқан кейпіне куә боламын деп ойламаған. Су жоқ дейді, су бұрын да тапшы болған. Қуаңшылық, құрғақшылықтың болуы ол табиғаттың заңы. Бірақ сол суды да жеткізіп, егістікті жүйелеп суарып, мол өнімге негіз қаланған жоқ па еді? Талай мәрте судың дауымен жеккөрінішті болып, алакөз атанып, ұстасқан да, тістескен де кездер аз болмады. Бірде жүзімдікке су барар аңғарға огород еккен ағайынның қауындығын жыртқызып тастап жаманатты да арқалаған. Соның бәрі қоғам игілігі үшін, қолға алған істің қанат жайып, алға өрлеуі үшін жасалып еді ғой, жүйектерді суаруды етігімен кешіп жүріп қадағалап, кірпік ілмеген күндер мен түндерді ұмытар ма? Суды үнемдейміз деп Израилдік тамшылатып суғару әдісін де алғаш ендірген осылар емес пе еді? Бір орталықтан басқарып отырған жүйе ыдырап, әркім өз меншігіне алған жерінде әрі тарт та, бері тарт таластың туып, ауызбірліктің болмағанының зардабы жылдар өте жағдайдың шиеленісіп, онсыз да тапшы боп келген судың тамырын мүлдем тарылтып тастағанының айғағы, міне ауыл маңы мүлде айтақырға айналған. 2500 гектар аумақта самаладай сән түзеген жүзімдік тамырының ең болмаса 250 гектарын сақтап қала алмау деген сұмдық қой.
Бұл көргендерін жанына ауыр қабылдаған Кенжехан түні бойы кірпік іле алмады. Мазасы қашты. Ауырды. Өз жанын өз азапқа салып, кімді, нені, кіналарын білмей, күйзелді. Бүгінге дейін жеткен жетістіктері, ғылымдағы табыстары, ашқан жаңалығы, бәрі-бәрі мағынасыз сезілді.
***
«Балаң келіншек әкелем дейді, тез қайтуыңа тура келеді» деп ұялы телефонмен сөйлескен келіншегінің хабарынан соң ауылда тағы бірер күн болып, демалайын деген жоспарды бұзуға тура келді. Мана ауыл көшелерімен жаяу жүріп қайтайыншы деп бекінген Кенжехан екі көшені артқа тастап, үшінші көшеге бұрылғанда бұрын өздері тұрған төрт бөлмелі үкіметтің тамы көзіне ыстық шалынды. Жәпірейіп, ескіріп қалған кесек там осынша ыстық көрінеді деп ойламапты. Оттай алау жастық күндердің қызығына куә Айгүл екеуінің бас қосып, ұлы мен қызын өмірге әкелген алтын ұяның кішкене терезелеріне көзі түскенде жүрегі тілім-тілім болып езілгені несі? Бұл да жастай жетім қалып, жалтақтап өскен жарым көңілдің жарасының әлі бітпегенінің айғағы ма? Әкеден де, шешеден де ерте айрылған жан өзін үнемі қорғансыз сезінері рас екен. Өз қолы өз аузына жетіп, аяғынан тік тұрып, ақарлы-шақарлы жанұя болып, бас көтерген соң ғана әлгі жалғыздық сезімнен арыла бастады ғой. Рас, Айгүлді шын сүйді. Екеуі бір институтта оқыды. Соңғы курста Айгүлді ауылға алып келді. Ағайындары жиылып, кішігірім той жасады. Қалыңдықтың әкесі қалада әжептеуір қызметкер екен. Қызының тағдырына алаңдады ма, ауылға келіп, жәй-жағдайларын өз көзімен көрді. «Жұмыс жоқ, баспаналарың жоқ. Қаладан пәтер әперейін, жұмыс қарастырайын, қолыма келіңдер» деген әкелік пейілін де жасырмады. Бұл ұсынысқа іштей үзілді-кесілді қарсы болған Кенжеханның реңіне қарап-ақ ойын айтпай түсінген көңілі зерек қайынатасы қайтып бұл тақырыпты қазбаламады. Көп өтпей шаруашылықта агрономдық орын босап, Кенжехан жұмысқа орналасты. Қуықтай болса да үкіметтің төрт бөлмелі үйін алып, кең сарайдай көрген жұбайлар бірінен соң бірі екі бөпелі болды.
Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мәтелдің мәніне ерлі-зайыптың сол кездері көз жетті. Жақсы тұрмыста, бастықтың қызы болып бұлаңдап өскен Айгүлдің арқасына ауыл өмірінің аяздай батқаны рас. Шыдамы бітсе «қалаға кетейік» деген қыңқылын бастайды. Оған өлсе де көнбеуге бел буған Кенжехан құлағын сарсылтқан келіншегін бір-екі рет ызаланып жұдырықтап та алды. «Кетем» деп қиғылық салған тұщы етіне ащы таяқ тиіп көрмеген Айгүл ашуға мініп. «Кетсең, жолың ашық» деп бұл да жұмысына қайқайған. Бірақ күні бойы берекесі қашты. Кешкісін үйге қайтып келе жатқандағы уайымының салмағын көтере алмағаны сондай жүрегінің сыртын алақанымен демеп келе жатты. «Айгүл таңертең кетіп қалса, қазір үй тасқараңғы болып тұрған шығар. Енді мен қайтпекпін? Кім мені үйлендіреді? Далада қалғаным ба?» деген сауалдар санасын сансыратып, сілікпесі шыққан бұл үйге жақындай бере есік алдында сәбиінің жергөктерін жайып тұрған Айгүлді көргендегі қуанышын көрсеңіз. Алыстан арып-ашып, сағынып келіп анаңды көргенде қалай қуанасың, Кенжехан дәл солай қуанып еді сол жолы.
***
Кенжехан еңбек демалысына шыққан алғашқы жылы келіншегін ертіп қайынжұртына жол тартқан. Қаланың іргесінде сәулетті үйде тұрады екен. Тұңғыштары емізулі кез. Бір күн жатты, екі күн жатты, Кенжехан ауылға қайтуды ұйғарды. Айгүл асығар емес. Тіпті «ауылда не бар, осында біржолата қалайық» деуге көшті. Жоқ қалмаймыз, кетеміз дейді бұл намыстан жарылардай боп. Айгүл қыңырайып, келіскісі келмейді. Амалы құрыған Кенжехан ашуын тежей алмай періп жібермекке ұмтылған, ұстатпай безілдеген келіншегі үйді бір айналды, екінші айнала бергенде үйден қыздың анасы шығып қалып, Кенжеханның білегінен шап беріп ұстай алды. – Ау, көкем ау, не болды?-деді бұған аңырая қарап. Бұл өз-өзін ұстай алмай, дір-дір еткен еріндері әрең жуысып: Қызыңыз ғой, қайтпаймыз дейді. Мен қайтамын ауылға, кетеміз» деді батылданып. Неге қайтпаймыз дейді,-деді енесі мұның қолын босата бере, қайтасыңдар айналайындар. Қазір ол көксоққаннын сазайын берейін деді бұған жақтасып. Жетімдігімді бетіме басар, шіркінім-ау, сенікі не тасқандық? Әйда, кісілікті қой, адам болатынды ойла,-деп астамсып ақыл айтар деген ащы уайымы жанын мұздатып, есі шығардай шошыған Кенжехан қайыненесін содан кейін қатты құрметтеп, өмірден өткенше сыйлап өтті. Қайран аналар-ай, арды ойлаған. Шешенің жақсылығы ғой, Айгүл содан қайтып қиямпұрыс қылық көрсетпеді. Барға да, жоққа да төзді. Тұрмыс тауқыметін өзімен бірдей көтерісті. Ерте тұрды, кеш жатты. Ерінің, балаларының жағдайын жасап, мамандығымен жұмыс істемедім деп те ешкімнің миын жеген жоқ. Енді бүгінде соның шарапатын көріп шалқып отыр.
Өзінің адал еңбегіне сиынған, бақытын бейнеттен тапқан жан қанша дәулет бітіп, бақ қонса да қарапайымдылығынан танбай өз қамын біреуге артып қарап отыруды да ар көреді екен. Баяғы қолды-аяққа тұрмай зырылдап жүретін әдетінен жаңылмаған Айгүл үй шаруасын атқармай қарап отыра алмайды. Келін алсам демалармын деген дәмесі бар. Екі қабатты үйдің тазалығы, бала-шағаның ас-ауқаты өз алдына, осы үйде жатып оқитын елдегі ағайынның баласының күтімі де көп күшке тіреледі. Бірақ шаршадым, шалдықтым деген емес. Кенжехан оның осы мінезіне тәнті, іштей құптап, құрметтеп жүреді.
***
Алматыға қайтуға жиналған Кенжехан ағайын ішінен таңдап-талғап, осының талағының биті бар-ау деген үш-төрт қалқан-құлақты ата-анасымен кеңесіп, өзімен алып кетуді ұйғарды. Мақсаты-өз қамқорлығына алып, адам қылу. Үйіне жатқызып болса да оқытпақ, тәрбиелемек. Келешектің кілті осылардың қолында ғой. Талабы таудай бауырларына бас болып кішкене көлеңкесі түспесе, көзін ашып, бағыт-бағдар сілтемесе кісі болып, пілдің құлағын ұстағанда не болды. Мүмкін өздері шыға алмаған биікке осылар шығар, бұлар жасай алмағанды осылар жасар. Не болғанда да кісіге жасаған жақсылығыңның үрім-бұтағының алдынан шығары хақ. Көңілге демеу ететіні осы.
Бірте-бірте кейіндеп артта қалып бара жатқан ауылдан ұзай берген Кенжехан алтын ұяға айналған, ата-анасы мәңгілік қоныс тапқан киелі мекенінің күні ертең жалған дүние жарға әкеп, жағаға лақтырып тастағанда пана тұтып, бауырына басар талбесік екенін тұңғыш рет пайымдап, сайын далаға қимастықпен жалтақ-жалтақ қарағыштай берді.
Баян Алаудинқызы.