№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сын азаматты шыңдайды

Сын азаматты шыңдайды


Кешегі ұлы майданда от пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қарт жауынгерлер бүгінде Жаңақорғанда азайып барады. Сондай майдангердің бірі – Шаймерден Сүйіндіков. Жақында 94 жасқа толған ардагер әлі де тың көрінеді, соғыс жылдарында жанына жалау еткен өлең жолдарын айтып, ұрыс даласындағы әрбір сәтті есіне алып отырады. Сондықтан, біз бүгін екі бірдей соғыстың куәсі болған қарт жауынгерді мақалаға арқау етпекпіз.


1925 жылы Екпінді ауылында дүниеге келген ардагер Елтам мек­тебінің 8-сыныбын бітіріп, еңбекке ерте араласады. Он жеті жасқа тол­мастан әскерге шақырылып, нағыз қанды майданның бел ортасына 1943 жылы аттанады. Шаймерден сарбаз алдымен Алматыда 12 күн, одан кейін Ақмолада 18 күн дайындықтан өтеді. Сәуір айында Ленинград қаласына жіберіледі, өйткені, қала қоршауда болатын. Күні-түні немістерге төтеп берген совет әскерлері ақыры қаланы азат етеді. Фашисттер болса 12 рет шабуыл жасап ала алмайды, сол шайқаста Шәймерден сарбаз 76 мм зеңбіректің дәлдеушісі болған. Одан кейін Псков, Литва, Латвия, Таллин, Норва, Эстония жерін жаудан азат етуге үлес қосады. Тіпті, Тарту қаласы үшін шайқаста бастан жарақаттанып, контузия алған.
1945 жылдың 7-мамырында не­містің Курлянда қаласында соғысты аяқтап, елге оралуға бел байлайды. Алайда, Балтық жағасынан бас­талған айқастан соң Фин еліне дейін, Жапон соғысына қатысып, Квантун армиясын жеңуге дейін жалғасады. Көрсеткен ерлігі үшін батыр «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «За отвагу», «За боевые заслуги», «Жуков» орден-медальдарымен наг­радталған.
1950 жылдың 12 ақпанында туған өлкеге оралып, 40 жылдай совхозда әр салада аянбай еңбек етіпті. Әсіресе, ферма меңгеруші қызметінде біраз жылдар тер төгеді. Осы салада еңбекқорлығымен көз­ге түсіп, кейін Шиелі ауданында, Сунақ ата совхозында директор орынбасары қызметін де алға жыл­­­жытуда білгірлік танытады. Зоотех­ник мамандығы бойынша ілім алған Шәймерден ата бүгін­де ауылшаруашылығындағы бағдар­ламалардың бағыт-бағдарына оң көзбен қарап отырады. Жүзін қарт­тық басқан қария ән айтуды тоқ­татқан да емес.
– Өскелең ұрпақ соғыс көрмесін, бейбіт күннен айырмасын, – деп отыратын ардагер шаруа өзі атқарған сала туралы да айтқаны бар еді.
– Кейінгі кезде мал шаруашы­лығының аудандағы дамуы, санының көбеюі көңіл қуантады. Бұл деген жыл сайын халықтың әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады. Ашаршылық, одан қала соғыс жылдарынан кейінгі уақыттарда ауылдың жағдайы өте нашар еді. Бүгін шүкір дейміз, тәуелсіздік алдық, жеріміз құнарлы, төрт-түлігіміз түгенделді. Ауданда егін мен мал бағытындағы байыпты бастамалар жеткілікті. Осындай берекелі іске бірлікпен қарау керек. Ең бастысы, елде тыныштық, ауызбіршілік мол болсын, – деді соғыс ардагері.
Иә, бейбіт күннің орнауына жастық жалынын құрбан еткен майдангер екі ұл, бір қыз өсіріп, немере-шөбере сүйді. Ұлдары мен немерелері әке жолын жалғап, ауылшаруашылық саласында еңбек етті. Ұрпағымен мың жасайтын қарияның ендігі жас буынға тілері тек бейбіт өмір кешіп, келер ұрпаққа осынау ұлан-ғайыр жерді аманат етуін армандайды. Сондықтан, осындай сүйегі асыл сарбаздардың аманатына қиянат түсірмей келешек үшін күресе білгенге не жетсін...

Әлібек ТЕМІРБЕК.

09 мамыр 2019 ж. 1 507 0