№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ерлік пен елдік рухы

Ерлік пен елдік рухы


Тарих қойнауына кеткен кешегі майдан даласында ел үшін қан кешіп, ұрпақ үшін ұрыста ұлы іс атқарған қаһармандардың бүгінде ізі сиреп барады. Ерлік пен елдік, батырлық пен жауынгерліктің үлгісі бола білген батырлардан бүгінде Сыр өңірінде 37 ардагер арамызда елінің бірлігін көруде. Оларға құрмет көрсету қашанда кейінгі буынға парыз. Себебі, ұрпақ үшін от кешкен жандардың өшпес өнегесі біздерге мұра. Сондықтан, аудан әкімі Ғалым Әміреев сүйегі асыл сарбаздарды мейраммен құттықтап, ақ батасын алып қайтуды жөн көрді.
Ұлы жеңістің 73-ші көктемін көріп отырған Жаңақорғанда алты майдангер қалды. Алдымен, аудан әкімі ауруханада төсек тартып жатқан Әйтіміш Матеновқа жол тартты. Төсектен көтеріле алмаған ардагердің ұлына аудан басшысы құрметін көрсетті. Соғыс қана емес, еңбек ардагері атанған ақсақалдың ерен еңбегі көпке үлгі. «Қарты бар ел қазыналы ел» дегендей, Әйтіміш ата бүтіндей ауылдың мақтанышына айналды.
Одан әрі, жол кентте тұратын Махметжан Сапарбаевтың шаңырағына бет алды. Жол бастаушы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Әбдіғанит Ахметов.
– Ассалаумағалейкум ақсақал!
– Уағалейкумассалам, балам! Келіңдер.
– Жағдайыңыз қалай?
– Шүкір Аллаға, аманмын. Денім сау.
– Сіздер арамызда жүрсеңіздер біздердің де көңіліміз тоқ жүреді. Бүгінгі Ұлы Жеңістің 73 жылдық мейрамы құтты болсын!
– Рахмет Ғалым балам, рахмет. Осылай аудан басшысы мен ардагер өзара пікірлесті. Сөзге «Байкен-U» ЖШС бас директоры Жүсіп Мақсұтұлы араласып:
– Ақсақал, бұл мен Жүсіп балаңыз. Таныдыңыз ба? Денсаулығыңыз жақсы ма?
– Таныдым, балам, былтыр да келгенсіңдер. Рахмет, қарағым. Құдайға шүкір, денсаулық жақсы, дегенмен, қарттық сыр беріп, сыздайтын буын көбейді, – деген соғыс ардагері аз-кем ұрыс даласындағы күндерінен сыр шертті. Әр айтқан сөзінен кешегі сұрапыл майданның зардабы мен аштық тауқыметінің қаншалықты ауыр болғандығын көреміз. Соғыстан кейін ауданда еңбек еткен кезеңдерін сағынышпен еске алып, көтеріңкі көңіл-күйде әңгіме өрбітті.
– Адамзат тарихындағы ең ауыр майданда Отан үшін көрсеткен ерлік пен қайсарлықтың арқасында бүгін Тәуелсіздікке қол создық. Сол ерліктің сан түрлі үлгісін көрсетіп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған ұлан ғайыр жердің біздер үшін бағасы өлшеусіз. Ел басына күн туғанда еңсесін тік ұстап, майданда от кешкен ерлердің ерлігі үшін, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып белгіленген болатын. Сондықтан, қос мерекемен өзіңізді құттықтай келдік. Ұзақ жасаңыз! – деді Ғалым Махмұтбайұлы. Әкім тілегінен кейін, келген мейманына әрдайым ақ батасын беріп отыратын ардагер, елде ешқашан соғыс болмауын тілеп, ақ дастарханға жол сілтеп, төрін ұсынды.
Әңгіме үстінде аудан әкімі ардагерге ақшалай сый-сияпат пен аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың «Құттықтау хатын» табыстады. Сондай-ақ, «Байкен-U» ЖШС директоры Жүсіп Ералин де қаржылай сыйлығын берді. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері музыкалық сәлемін жолдады. Әуезді әнді тыңдап отырған ардагер көз алдынан ұрыс алаңындағы ауыр кезеңдер келгендей үнсіз тыңдады. Бір қуанып, бір мұңайып отырған ата Қалтай Арқабаев пен Әбсұлтан Байгенжеевтің әуезді әуеніне бір серпіліп қалды. Кешегі «Катюша» сынды әнді естігенде жеңістің жарқын бейнесін сезінген ардагер жадырап отырды.
Иә, ұлы майданға киелі Жаңақорған топырағынан бес мыңға жуық азамат аттанып, соның екі мыңнан аса жауынгері елге оралған екен. Бүгінде сол ардагерлерден естелік мұра, аманат болып қалған ауданда 6 соғыс жауынгері бар. «Халықтың ұлы», «Соғыс және еңбек ардагері» атанған ерлерге құрмет көрсету бүгінгі ұрпаққа парыз. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, ұрпағы үшін ұрыс майданында қан кешкен батырлар ерлігіне бас иіп, құттықтау осылай барлық ауылдарда жалғасты. Келесі күнгі игілікті бастама Аққорған ауылдық округінде тұратын ардагерге құрмет көрсетуімен жалғасты.
Бұл күні аудан әкімі Ғалым Әміреев пен бір топ сала басшылары аққорғандық қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Сайфулла Жұмаділләұлының шаңырағына Жеңіс күнімен құттықтау үшін арнайы барды.
– Құрметті Сайфулла Жұмаділләұлы, сізді Ұлы Жеңістің 73-ші көктемімен құттықтай келдік. Сіздердің Отан алдындағы жасаған өшпес ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздердің осы ерліктеріңізді әрқашан мақтан тұтамыз. Денсаулығыңыз мықты болсын. Жеңістен жеңіске аман-есен жете беріңіз, – деп, ардагерге ақшалай сый-сияпат пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Құттықтау хатын» табыстады.
Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Әбдіғанит Ахметов, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ильясов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов пен бір топ ел ағалары ардагерді құттықтап сый-сияпат жасады. Ал, ардагер келген қонақтарға төрін ұсынып, ақ батасын берді.
– Айналайындар, сендер бақытты жансыңдар. Осындай бейбіт күнде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан сендер де ауырмаңдар. Біздің жасымызды берсін. Жүздеріңнен күлкі кетпесін. Жас ұрпақ бүгінгі азаттықтың туын түсірмесін, – деді майдангер ақсақал.
Сондай-ақ аудан әкімі Ғалым Әміреев Сыр беткейдегі жолсапардан соң, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілясов, ел ағасы Өмірсерік Тақырбасов бастаған топ әуелі көне Сығанақ қаласымен қабаттас орналасқан Сунақ ата ауылындағы майдангер Шәймерден Сүйіндіков атамызға амандық-саулық сұрай барды.
– Ақсақал, хал-ахуалыңыз қалай?
– Аллаға мыңда бір шүкір. Жаратқан осы жайма шуақ күнімізден айырмасын.
– Иә, біз Сіздердің халық жадынан ешқашан өшпейтін, адамзат үшін жасаған баға жетпес ерліктеріңізді мақтан тұтамыз. Ортамызда Сіздердей елді ауызбіршілікке үндейтін қариялардың болғаны бізді шын қуантады. Жеңістің 73 жылдық мерекесі құтты болсын! – деген Ғалым Махмұтбайұлы сунақаталық соғыс ардагеріне аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының Құттықтау хатын табыстады.
Құрметті қонақтардың құттықтай келгеніне қуанған ақсақал майдан даласынан естеліктер өрбітіп, емен-жарқын әңгімелесті. 1943 жылды Балтық жағасынан бастап, Фин еліне дейін, Жапон соғысына қатысып, Квантун армиясын жеңуге үлес қосқанын тілге тиек етті. Ленинград шайқасына қатысып, Псков, Норва, Таллин, Латвия, Эстония, Литва жерін жаудан азат етуге қатысқанын айтқан қария: «Соғыс тауқыметін енді бүгінгі ұрпақ көрмесе екен. Еліміз және Елбасы аман болып, бейбітшілік заманымыздың қадірін білейік. Осындай бейбіт күндерде ауызбіршілігіміз артып, елдігімізге сызат түспесін», – деді майдангер атамыз. Осылайша Шәймерден Сүйіндіковтің шаңырағынан шыққан аудан әкімі Қаратау етегіндегі Ақүйікке жол тартты.
Бірлігі жарасқан Бірлік ауылындағы 95 жастағы соғыс ардагері Найманбай Құрбановтың отбасына аялдады. Соғыс тауқыметін көрген ақсақал бұл күнде шөберелерінің шуағына бөленіп, берекелі қарттықты бастан өткеруде. Қарияның хал-жағдайын біліп, құрмет көрсеткен аудан басшысы майдангердің иығына шапан жауып, Жеңіс мерекесімен құттықтады. Сұрапыл соғыстың қатысушылары күн санап азайып бара жатқанын тілге тиек еткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бүгінде аудан бойынша 6 Ұлы Отан соғысының ардагері бар екенін жеткізді.
Өз кезегінде келелі сұхбат барысында қаһарман қария сұрапыл шайқастағы ерліктерін айтып, бейбіт ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі ұрпаққа бақыт тіледі. Отан үшін, ел үшін шайқасқан әрбір ардагердің еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан ескерусіз қалмағанына қуанды.
Мұнан кейін Бесарық ауылына бет алған аудан әкімі Ғалым Әміреев Жеңіс күніне жақындатқан жауынгердің бірі Нұрман Асановтың шаңырағына сәлем бере барды. Өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, емен-жарқын ел бірлігі хақында әңгіме өрбітті.
– Шүкір, еліміз жылдан-жылға өркендеп келеді. Әманда бірлігіміз артып, еліміз қарыштап дами берсін. Бейбітшілік заманның қадірін біліп, Отанды қастерлеуді ұмытпауымыз қажет, – деген Нұрман қария оқ пен оттың ортасынан елге амандықта оралғанына үнемі шүкіршілік ететінін жасырмады.
Иә, Отан үшін жан аямаған қарт майдангерлерге құрмет көрсету баршамызға борыш. Өйткені, олардың бозбала шағы сұм соғыспен сәйкес келді. Ел жадында жатталған зұлмат жылдар мен майдан даласы жаңақорғандық жауынгерлердің жанқиярлық ерлігіне куә, олардың жауынгерлік жолы, қаһармандық серті ұлттық намыс-жігерімізді оятты. Біз соғыс сарбазына деген құрметімізді әрқашан жалғай береміз. Майдан даласынан оралғаннан кейін елдің еңсесін тіктеуге еңбектеніп, тер төкті. Міне, осындай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерен ерлігі – өскелең ұрпақ үшін үлгі, өнеге.

Әбдісамат ӘБДІШ, Әли ТЕМІРБЕК, Айсұлу АЛДАНАЗАР.
11 мамыр 2018 ж. 1 636 0