№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ана – ұлт тәрбиесі

Ана – ұлт тәрбиесі

«Арман» кенттік мәдениет үйінде «Жаңа қоғамдағы әйелдердің ролі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған ауыл-ауылдан белсенді әйелдер қатысып, қоғамдағы түйіткілді мәселелерді ортаға салды. Шараға аудан әкімі Ғалым Әміреев арнайы қатысты.





Аудан басшысы алдымен аудандық кітапхана ұйымдастырған кітап көрмесін көрді. Сосын жергілікті жас кәсіпкер Орал Қасиеттің қолөнер бұйымдарын, белгілі балуан Мереке Құдайбергенованың жетіс­тіктеріне арналған көрмемен танысты.
«Әке баласын тәрбиелейді, ана ұлтты тәрбиелейді» деген қазақ мақалынан-ақ әйелдің қоғамдағы орнын бағамдауға болады. Расында, әйелдер ұлттық құндылықтарды перзентінің бойына сіңіріп, ұрпақ сабақтастығын сақтауға жауапты. Мұндай асыл міндетті қазақ әйелдері абыройлы атқаруының арқасында мыңжылдықтардың таразысынан аман-есен өтті. Енді ашық алаңда бәсекелесетін уақытқа келдік. Жастар білімді, білікті, қабілетті болмасақ болмайды. Ендеше, қазақ әйелдеріне жауапкершілік жүгі еселене артыла түседі. Бұл жөнінде жиынның модераторы Азия Қыстаубаева кеңірек тоқталды.
– Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейді. Балалардың тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын қорғау әйелдердің мойнында. Күнделікті отбасы туралы қамқорлық, өз жанұясы үшін қолайлы жағдай жасау – әрбір әйелдің абзал міндеті болып қала бермек... – деді аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссияның төрағасы Азия Қыстаубаева.
2000 жылы қазанда қабылданған БҰҰ-ның «Мыңжылдық декларациясы» гендерлік теңдікті халықаралық деңгейде қолдау қажеттігін жария етті. Осы жылы БҰҰ Бас ассамблеясы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресудің Халықаралық күнін жариялады. 2003 жылы 27 қарашада ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасын» бекітті. 2009 жылы Елбасының Жарлығымен күшіне енген «Гендерлік теңдікке қол жеткізудің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы» ер және әйел азаматтардың қоғамның барлық салаларындағы теңдік принциптерін айқындап берді. 2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» құжаттар елімізде әйелдердің тұрмыстық теңдігін қамтамасыз етуге бағытталды. 2011 жылы гендерлік саясат бағытындағы жұмыстарды жүргізетін ҚР Президенті жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. 2011 жылы наурызда қазақ әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті.
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, бүгінгі күні әйелдер қоғамның барлық саласында белсенді күшке айналды. Қазақстанда олар қандай қызмет атқарса да, аналық құқықтың, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің ұйытқысы болуда. Мәселен, Қазақстан бойынша әйелдер қауымының отандық бизнес ортадағы белсенділігі шамамен 50 процентке жуықтаса, ішкі жалпы өнімін қалыптастырудағы қосып отырған үлестері 40 процентке жеткен екен.
Кездесуде алғы сөз алған аудан басшысы жаңақорғандық әйелдердің белсенділігін сөз етті.
– Біз Сыр еліндегі аудандар арасында соңғы 2 жыл бойы үздік аудан атанып келеміз. Республика көлемінде кәсіпкерлік саласын дамытуда 2 ші орында тұрмыз, осының бәрі жай ғана айтылған цифр емес. Оған әрине үлкен күш жігер жұмсалғанын, аудан халқының ауыз біршілігінің, әсіресе, өз кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлердің, шаруашылық басшыларының, халықтың тынымсыз еңбегінің, жаңашыл бастамаларды қолдап іске асырудың арқасында жеттік. Әрине, оған өздеріңіздей аналардың, қыз-келіншектердің қосқан үлесі зор. Себебі, әр бір отбасында береке бірлік пен тыныштық, ізденімпаздық пен талпыныс болмаса біз бұндай жетістікке жетпес едік. Сондықтан да отбасындағы әйел ананың рөлі қашанда биік болып тұрары сөзсіз, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Жаңақорған ауданы орталық мешітінің бас имамы Сейділла Омаров қоғамдағы әйелдің орнын жан-жақты айтты. Аудандық денсаулық саласының қызметкері Ғалия Төребаева, аудандық соттың төрағасы Әлия Түбекбаева, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлнар Абдуллаева өз ойларын ортаға салды. Сунақата ауылының кітапхана қызметкері Роза Сәдірбаева, «Бірлік» ауылының кітапхана қызметкері Күләш Сұлтанбаева жаңа қоғамдағы әйелдердің ролі жайлы сөз етті.
Қазақстандық әйелдер елдегі барлық әлеуметтік және саяси шараларға белсене араласып, көзқарасын білдіріп тұрады. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отбасының еңсесін көтеруде әйелдер жауапкершілікті өз мойынына алғаны әлі есімізде. Ендеше, Қазақстанның жетістіктеріне әйелдердің қосқан үлесі зор деп айта аламыз. Әйелдер қауымының потенциалын одан ары пайдалану дамудың маңыздың факторы ретінде қарастыруымыз қажет.

Жайна ЖИЕНБАЕВА.
26 ақпан 2019 ж. 1 209 0