№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлтабардағы ойық жарасына ашық түрде жасалған ота төрт сағатқа созылды

Ұлтабардағы ойық жарасына ашық түрде жасалған ота төрт сағатқа созылды

   Түнгі сағат 23.20. Ғалым Есетов қолын жуып, ота жасауға дайындалуда. Бұл – білікті дәрігердің кезекті отаға дайындығы. Науқасқа дәрі егіліп, тиісті құрал-жабдықтар әзірленді. Ота басталып та кетті. Қойылған диагноз жиі кездесе бермейтін ауру түрі. Ұлтабардағы (он екі елі ішек) ойық жарасына ашық түрде жасалған ота төрт сағатқа созылды. Мықты жүйке мен табандылықты, кәсіби біліктілікті талап ететін ота сәтті өтті. Науқас палатаға жатқызылып, дәрігер тиісті жұмыстарды атқаруды аға медбикеге тапсырды. 
  Екінші күн. Дәрігер таңғы сағат 7.00-де келіп, алдымен ауыр ота жасалған науқасты көрді. Әлі бойынан дәрі-дәрмектің күші кете қоймаған ба, қалын ұйқыда жатыр екен. Ауруханада дәрігерлердің ертеңгі аралап шығу кезінде науқас есін жинай бастапты.
– Қалың қалай?
– Жақсы сияқтымын.
– Ота сәтті өтті. Енді көп қозғалмай, күтіну керек. Керек нәрсеңді медбикелер алып келіп, береді. Ештеңені уайымдама. Құдай қаласа, жақсы болып кетесің, – деп науқасты қолмен ғана емес, сөзбен емдеп, жаныңа демеу берді Ғалым Байзақұлы.
Қабылдау бөлімінен қоңырау түсті. Ауыр науқас келген көрінеді. Дәрігер шапшаң адыммен шұғыл астына түсті. Бүктеліп жатқан науқас айқайды басып жатыр. Аурудың алғашқы белгілерін байқаған дәрігер: «Ота жасау қажет, шұғыл дайындандар», – деді.
Отаны хирург Құрманбек Шакенов пен Бауыржан Абдусаметов жасамақ. Қажетті құрал-саймандар жуылып, науқасқа дәрі егіліп, лапороскопиялық әдіспен өттегі тастарды алу бойынша ота жасалмақ. Лапороскопиялық әдіспен теріде небәрі кішкентай тесік жасалып, сол арқылы құралдар енгізіліп, ота қашықтықтан жүргізіледі. Ашық жара болмағандықтан, 2-3 күннен соң науқас өзі жүріп-тұрып, тамақ іше алады. Ал, егер ауыртпалықтар болмаса, онда 5-6 күнде үйге шығарады. Міне, қабылдау бөлмесінде жан дауысы шығып жатқан азамат, бес күннен кейін дәрігерлер мен медбикелерге алғысын айтып, үйіне қайтып барады.
Бұл – дәрігерлердің әдеттегі дағдыланған жұмысы. Жалпы, хирургия бөліміне аптасына орта есеппен 17-20 науқас түсіп, сонша адам ем-дом қабылдап шығады екен. Аптасына 7-8, кейде 10 үстіңде ота жасалса, тіпті күніне 2-3 ота жасайтын кезде болады.
Бүгінде екі хирург, бір травматолог штат бойынша жұмыс жасайды. Одан бөлек, жүрегін хирургиямен байлаған бес дәрігер науқастардың жазылып кетуіне атсалысады. Олар аурухананың түрлі бөлімінде қызмет жасайтын көрінеді. Науқастың айығып кетуіне сегіз медбике мен он тазалыққа жауапты қызметкер жұмыс жасайды. Бөлімде 30 хирургиялық және бес қалпына келтіру палатасы бар.
«Хирургтың қолы – әйелдікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты болуы керек» деген нақыл сөз бар. Осыдан-ақ хирург болу өте қиын әрі үлкен жауапкершілікті талап ететінін түсінесін.
Аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ғ.Есетов:
– Ота жасамас бұрын қалай болар екен деп ойлансақ, отадан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Науқастың отадан кейінгі жағдайы қалай? Ертең ешбір ауыртпалығы болмаса екен деп барлығын саралайсың. Дәрісін беріп, екпесін жасайтын басқа салаларға қарағанда, хирургия саласының салмағы ауырлау, – деді.
Бөлімше меңгерушінің сөзіне қарағанда, гиппократ антына адалдық танытып, білікті оташы аталып жүрген дәрігерлер көп. Мәселен, Әлібек Арысбекұлы мен Құрманбек Орынбасарұлы, Бауыржан Есейұлы мен Бағдат Оңталапұлын айтуға болады. Олар үшін жұмысының бекітіліп беріліп қойған өлшеулі уақыты да жоқ. Кейде күні түндерге, түні күнге ұласып жатады. Жүрегі қалап, тауып алған ісінің бейнеті мол. Ауыртпалығы жетіп-артыларлық. Соның бәріне болаттай бекіп, темірдей төзіп, қайыспас қара нардай көндігіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, олар күн демей, түн демей науқастың жанынан табылуға тырысады. Кейде түнгі сағат екі-үштерде шұғыл түрде ауыр науқас түседі. Жұмыс уақыты бітті демей, науқасты қарап, ота жасау керек болса, іске кірісіп кетеді.
– Кейде ота ұзақ сағаттарға созылуы да мүмкін. Жуырда күрделі отаның бірі жасалды. Яғни, басқа ұйыған қанды алдық. Ота нейрохирург дәрігерлермен бірлесе жасалды. Қазір науқас палатада жатыр. Жағдайы қалыпты, – деді Б.Абдусаметов.
Ал, Қ.Шакенов: «Бізге түсетін науқастар көбіне ауруын өткізіп алып келеді. Кейде тәуіпті жағалап жүріп, ауруы әбден асқынғанда бізге келеді. Ондайда бірнеше сағатта диагнозын табу қиынға соғады. Жалпы, қазақылыққа салып ауруды өткізіп келетіндер көп. Мәселен, қазақ айында 44 науқас түссе, соның 13,6 пайызы жоспарлы түскен, ал, 86,4 пайызы шұғыл түрде келгендер», – деп аудан тұрғындарының өз денсаулығына салғырт қарайтынын сөз етті.
Ғ.Есетовтің айтуына қарағанда лапороскопиялық әдіспен өтке, тоқ ішекке, жабық іш жарақатына жасалуда екен. Телемедицинаның да отаның сәтті шығуында көп көмек бар. Яғни, облыс орталығындағы дәрігерлермен телемедицина арқылы ота жасау кезінде кеңесетін көрінеді. Егер науқастың жағдайы тым ауыр болса, қаладан дәрігерлер келеді. Мұның бәрі науқасты ары-бері сабылтбау үшін жасалатынын айтты дәрігер.

P.S: Әу бастан өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүруді таңдап алған дәрігердің жұмысы қашанда маңызын жоймақ емес. Оның бірден бір себебі – адамзат денсаулығы. Сондықтан, ақ халатты абзал жандардың емдеу ісі адамзатпен бірге жасай бермек.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
01 қараша 2018 ж. 1 560 0