№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ОУ, АҒАЙЫН! БӘТУА ҚАЙДА?

ОУ, АҒАЙЫН! БӘТУА ҚАЙДА?

   Тіршілік бар жерде қаза бар екендігі хақ. «Өлім байдың барын шашады, жоқтың артын ашады». Алайда бұл мақалдың мән-маңызы заман талабына сай өзгерді. Яғни, бәсекеге түскен қазіргі қауым қолында қаражаты жоқ болса да қарызданып, Құдайы астың дастарханын жайнатып жібереді. Естеріңізде болса, ауданда қалыптасқан осы мәселені аудан имамдары бастап, ішкі саясат бөлімі қолдап, алқалы басқосу өткізген болатын.

Бар мақсаты – қуаныш пен қазаның арасын ажыратып, мейлінше қарапайым дастархан мәзіріне үндеу еді. Шүкір, басқосуда бір бә­туаға келіп, ағайындар жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғатқа қайшы амалдарға тоқтам жасайтынына тоқтаған болатын. Алайда, бұл 2018 жылдың басы болатын. Бұқара бәтуаны қолдап, ас құдайыдағы ысырапшылдық пен пейшембілік мәзірін қалыпқа келтірді. Әсіресе, біздің айтқалы отырған тақырып – марқұмның қонақасы. Міне, осы мәселе ағымдағы жылдың тамыз, қыркүйек айынан бастап қайта белең алды. Ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің қарашаңырақ редакцияға соққан сайын, айтатын бір уәжі бар. Ол – аудандық басылым арқылы әлеуметті асқа шақыратын хабарландыру мәтініне қатысты. Яғни, көпшілік қауымды марқұмның жетісі, қырқы не жылдық асына шақыра келе, қонақасы пәлені күні, ал тарқамасы түгені күні деген тіркес. Ағалардың айтатыны «қонақасына жаппай халықты шақыруды қашан қоямыз» дейді. Әрине, тұтынушы ақысын төлеп газетке жариялағандықтан біздің қолымыздан келетіні тек ауызша ескерту. Бұған дейінгі аудан имамдары мен ел ағаларының келіскен бәтуасын есіне түсіреміз. Алайда асқа шақырушы ағайын бұл сөздерге аса мән бере бермейді. Кейде уәжге тоқтап, тек тарқамасына ғана шақыратындары бар.

ҚОНАҚАСЫНА КІМДЕР БАРАДЫ?
Әу бастан белгілісі, дінімізде қазалы үйде үш күнге дейін тамақ ішуден қайтарған. Мұның барлығынан қайғырып отырған үйге күш түспеуі үшін тыйған болатын. Сондықтанда қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы не банкте несиесі болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Ал, алыстан келген қонақтар үшін арнайы дастархан жайып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Тағамды ет жақын туысқандары мен көршілерінің үйінде жасауына болады. Жақынынан айрыл­ған жаралы жанды базар жағалатып қою мұсылмандыққа жат. Бұл ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаровтың айтқаны. Оған қоса, бас имамнан марқұмның қонақасына қатысты да сұраған болатынбыз.
– Аты айтып тұрғандай, қонақасы ұзақтан келген құда жек-жаттарға, бір күн бұрын келіп жатқан меймандарға берілетін ас. Алайда бізде бүкіл елді шақырып қонақасын жасайтындар кез­деседі. Көп емес, әрине. Соңғы уақыттары қонақасына шақыру жоралғысы қайта бастау алды. Бірден айта кету керек, біз қонақасыны мүлдем тиып тастап тұрған жоқпыз. Өзінің ет жақындары жиылып, келер күнге ақылдасып, Құранын оқып кетсе. Әсілінде жалпы халыққа жетісі не қырықкүндік асында арнайы тамақ істеліп жатқан жоқ па? Шынында бүгінгі таңда, жай ғана қонақасы қайғы жамылған шаңыраққа үлкен салмақ. Себебі, ойлап қараңызшы; қырықкүндік асы болғанша ең кемі 5-6 мәрте мал сойылып, дәм таратылады. Әрбір пейшембілік пен жетісі, қырқы алдында қонақасы жасайды. Сондықтанда асып-тасымай, ертеректегі бабалар ұстанған үнемшілдікке қайта оралатын кез келді, – дейді ауданның бас имамы.
Иә, қабырғасы қайысып, жақынынан айы­рылып отырған жандарға қонақасын жасап, кел­ген көпшілікті күту оңайға соқпайтыны анық. Өйткені, айналып келгенде барлығы да қаржылық шығынға келіп тоқтайды. Расында асыл дініміз Ислам аста-төк астың ысы­рап­шылдығын құптамайды. Керісінше, бай-бағланның қолында барын беріп, қиналған қауымның қайғысын бөлісуге үндейді. Десе де, көрпеге қарап көсілуді ұят санайтын қазіргі қоғамда қанағатшылдықтан гөрі, бәсекелестік басым. Мұны ел болып, бірізділікке келтіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, бәтуә деген бар. Ортақ мәмілеге бағынуымыз тиіс. Сонда ғана елімізде береке болады.
Әбдісамат ӘБДІШ.
30 қазан 2018 ж. 1 600 0