№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ПЕЙШЕМБІЛІК: үнемшілдік – ырыс, ысырапшылдық – шығыс

ПЕЙШЕМБІЛІК: үнемшілдік – ырыс, ысырапшылдық – шығыс


Дінқорған. Бұл Жаңақорғанның көне атауы. Ахун да, ишан да бұл аумақта көп болған. Ертеректе бабалар салтында қазалы үйдің қазаны үш күнге дейін төңкеріліп, ошақтағы оты сөндіріліп тұратын десе-ді. Тек ет жақыны мен қоңсылары ғана тамақ дайындайтын. Мұны аудандағы көнекөз қариялардан естіген едік. Ал, бүгінде марқұмға арнап ас беру бәсекеге айналды. Жаназа мен жерлеу рәсіміндегі ысырапшылдық қалыпты жағдайға орнықты. Құдайы ас пен той дастарханының еш айырмашылығы жоқ. Асыл дініміз Исламның кеңінен насихатталуына үлесін қосқан дін ғұламалары мен ишандар шыққан Жаңақорған жерінде жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғатқа қайшы амалдарға тоқтам болады ма? Аста-төк астың обалы кімге? Тақырыпты кеңінен талқылау үшін сенбілік сұхбат төрінде ауданның бас имамы Сайдулла қажы Сүнетуллаұлымен тілдестік.
– Тақсыр, тіршілік бар жерде қаза бар екендігі хақ. Алайда қара жамылған үйге барып, қайғысына ортақтасудың орнына жылқы сойысуға жәрдемдесетініміз ақиқат. Жалпы, дін мен дәстүрге салсақ, қазалы үйдің қазаны үш күнге дейін көтерілмейтін еді?
– Бұл мәселені алқалы жиындарда, ел арасында көтеріп жүргенімізге біршама жыл болды. Бар мақсатымыз – қуаныш пен қазаның арасын ажыратып, ысырапшылдыққа жол бермеу. Әрі жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғатқа қайшы амалдарға тоқтам айту. Қысқасы, діни рәсімдердің озығын дәріптеп, тозығын тастау. Себебі, дін мен дәстүрге еш қиыспайтын дүдамал амалдар дендеп барады. Әрине, өмір болғаннан кейін, өлімніңде болатыны ақиқат. Негізі марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі сүннет амал. Бірде Пайғамбарымызға (с.а.с): «Жағфар (р.а) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы) – деп, өзгелердің ол қайғы болып жатқан үйге тамақ апаруын үндеген болатын. Басқа бір хадисінде қазалы үйде үш күнге дейін тамақ ішуден қайтарған. Мұның барлығынан қайғырып отырған үйге күш түспеуі үшін тыйған болатын. Сондықтан да қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Ол шаңырақтан ас шығартпау керек. Яғни, қонақтар үшін арнайы дастархан жайып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Тағамды ет жақын туысқандары мен көршілерінің үйінде жасауына болады. Жақынынан айырылған жаралы жанды базар жағалатып қою мұсылмандыққа жат.
– Солтүстіктегі Павлодар өңірі, Батыстағы Ақтөбе жұртшылығы, Шығыстағы өскемендік ағайын діндарлары мен ақсақалдарының басын қосып, Құдайы аста берілетін ас мәзірін бекітіп алды. Ортақ бәтуаға келіп, аста-төк дастархан мен артық шығыннан арылудың жолына қадам басты. Ал, бізде бұл ас беру мәдениетіндегі бірізділік қашан жолға қойылады?
– Жасыратыны жоқ, күнделікті көріп жүргеніміздей, той мен құдайы астың дастарханында еш айырмашылық жоқ. Мұны ел болып қолға алса, тәртіпке келтіруге болады. Бұған дейінде ауыл-аймақтағы имамдар халық арасында осы игі бастама жайлы уағыз айтылып келді. Әлі де айтыла береді. Жақында тағы да ауыл имамдарының басын қосып, осы тақырып аясында нәтижелі жұмыс жасауға уағдаласамыз. Оған қоса, ақпанның 20-күні «Ордакент» үйінде ауыл-аймақтағы ел ағалары мен әкімдерін, зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, бәтуәлі жиын өткізу жоспарда бар. Айтарым бар, ұтымды ұсынысым бар деген жамағат келіп қатысуына әбден болады. Десе де, халыққа сөзі өтімді, бірауыз сөзге тоқтайтын төбе билер қажет қоғамға. Имамға қолдау көрсетуі қажет. Біріккен істе, береке барын әсте ұмытуға болмайды. Қоғам болып жұмылсақ, шешілмейтін түйін жоқ. Жалпы, асыл дініміз Ислам аста-төк астың ысырапшылдығын құптамайды. Керісінше, бай-бағланның қолында барын беріп, қиналған қауымның қайғысын бөлісуге үндейді. Десе де, көрпеге қарап көсілуді ұят санайтын қазіргі қоғамда қанағатшылдықтан гөрі, бәсекелестік басым.
– Ауданның бас имамы ретінде қонақасы мен пейшембіліктің аражігін ажыратып айтып берсеңіз. Себебі, «қонақасы» аты айтып тұрғандай, алыс-жақыннан келген жұрағатқа арналған дастархан. Ал, қырқына дейін әрбір пейшембілікте мал сойылып, ас беріледі. Дін не дейді бұған?
– Негізі қонақасы ұзақтан келген құда жек-жаттарға, бір күн бұрын келіп жатқан меймандарға берілетін ас. Алайда бізде бүкіл елді шақырып қонақасын жасайды. Әсілінде жалпы халыққа жетісі не қырықкүндік асында арнайы тамақ істеліп жатқан жоқ па? Ал, пейшембілікке келсек, мұны да қоғам болып ретке келтіру керек. Ілгері де бейсенбі күні таңалакеуіммен дастархан жайылып қойылатын. Ауылдың не көшенің ақсақалдары, үлкендері кіріп, марқұмға дұға етіп шығатын. Сондағы дастарханында бауырсақ пен қант қана болатын. Өкінішке орай, қазір пейшембілік дастарханынан құстың сүтінен басқаның бәрін табасыз. Бұл қайғы жамылған шаңыраққа үлкен салмақ. Себебі, ойлап қараңызшы; қырықкүндік асы болғанша ең кемі 5-6 мәрте мал сойылып, дәм таратылады. Оған жетісіндегі жылқыны қосыңыз. Яғни, қарапайым пейшембілік пен қырқын өткізудің еш парқы болмай қалды. Сондықтан да асып-тасымай, ертеректегі бабалар ұстанған пейшембілікке қайта оралатын кез келді.
– Ендігі кезекте жерлеу рәсіміндегі әдептеріне тоқталсаңыз. Соңғы намаздың сауабы қандай? Тау беткейдегі ағайындар «Сапыраш» деп айқайлағанда дәретсіз жаназа намазына сапқа тұрмайды дегенді естиміз...
– Жаназа намазына дәрет алу керектігін көпшілік біледі. Алайда жамағат арасында бұған немқұрайлы қарап, дәретсіз сапқа тұратындар жиі кездеседі. Дәретсіз намаз, намаз ба? Сондықтан да көпшілік намазға дәретін алып, сауап алу ниетімен қатысса деген тілек бар. Хадисте: «Намаз оқылғанға дейін жаназа намазында болған адамға – бір қырат, жерленгенге дейін болған адамға – екі қырат сауап бар» делінген. «Екі қырат не?» деп сұрағанға, Пайғамбарымыз (с.а.с) «Екі үлкен таудай» деп жауап берген. Сол үшін жай ғана жаназа намазына қатыса салмастан, екі үлкен таудай сауапты арқалап кеткен абзал.
– Осы жаназа намазында байқайтын бір құбылыс бар. Ол – қаралы үйдің шығындалып, жаппай жұртқа жыртыс таратуы. Бұл да бүгінгі таңда бәсекеге айналуда. Өйткені, бұрындары шалдардың орамалын берсе, қазір қалың, қаржысы да қомақты жайнамаз үлестіруде.
– Бірден айта кету керек, бұл амалдар шариғат талап еткен іс емес. Әрине, әуелде садақа ниетімен таратылған орамалдар, уақыт өте бәсекеге айналып, көлемі де қомақты тәбәрікке айналып кетті. Бұл өз кезегінде қара жамылған шаңыраққа қосымша шығындалуына не қаржысы жоқ болса қарыздануына жол ашады. Егер шын мәнінде мал-дәулеті асып-тасып бара жатса, қаржысын қайырымдылық істерге жұмсауға яғни, мұқтаж жандардың мұқтаждығын өтеп, тұрмысы төмен отбасының тірлігін түзеп, жоқ-жітікке жәрдемдесіп, осы ізгі істерінің сауабын дүниеден өткен марқұмның рухына бағыштаса, нұр үстіне нұр болмаспа еді, ағайын?
– Сондай-ақ, марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда, қабір басындағы кейбір құрметсіздікті көз көріп жүр. Дүниелік әңгіменің әлегінен шыға алмай не шылымын шегіп бос сөзді дабыра қылады...
– Расында мұндай жағдайлар орын алып жатқаны өкінішті. Себебі, қабір басына әлгінде айтқан екі қыраттың сауабын алуға үміттеніп баруға тиіс. Барынша жақсы сөздер айтып, марқұмды жақсы жағынан еске алып, ертең дәл осы сәт біздің де басымызға ораларын естен шығармау керек. Өлім мен қабірге қарап ғибрат алуға тиістіміз.
– Сөз соңында, жаназа мен жерлеу рәсіміндегі шариғи талаптарды бір түйіндеп, қысқаша қайырып айтсаңыз?
– Жалпы, Құдайы астың мақсаты – Алла Тағаланың разылығына жету, марқұмның өмірде істеген күналары үшін жарылқау сұрап, артынан беріліп жатқан садақаның Құдай тағаланың құзырында қабыл болуын жалбарына тілеу. Әрі өмір бар жерде өлім бар екенін басқаларға сабақ етіп, қамшыдай қысқа ғұмырды ғибадатпен ғибратты өткізудің қамын жасауға үндеу. Өзекті жанға бір өлім бар. Қаза – дүниелік мүддені, пенделік пиғылды паш ететін де, тамаққа тояттайтын жер емес. Бұл бағытта Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының, Ғұламалар кеңесі бекіткен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деген арнайы пәтуаға негізделген кітап бар. Соны басшылыққа алып, қоғамдағы ысырапшылдықтың шығыс, үнемшілдіктің ырыс екенін бағамдау керек бұқара. Және де, өзге өңірлерде бекітіліп жатқан Құдайы астың мәзірін бізге де орнықтыруға болады. Яғни, ет, не күріш, нан, бауырсақ, шелпек, тоқаш, қант және құрма, шай, ірімшік сынды дүниелермен астарды атқаруға болады. Бұл бір жағынан қабырғасы қайысып, жақынынан айырылып отырған жандарға да жеңілдік болар еді.
– Рахмет, сұхбатыңызға.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
10 ақпан 2018 ж. 2 700 0