№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЗИРАТ МӘДЕНИЕТІНЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖАТ

ЗИРАТ МӘДЕНИЕТІНЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖАТ

Жыл басында Жаңақорған жұртшылығы  жаназадағы ысырапшылдыққа тоқтау салып, арада көп уақыт өтпей, бір қалыпқа келген еді. Бүгінде бұрынғыдай аста-төк Құдайы астар тиылып, пейшембілікке халық ағылып бармайтын болды. Бұлда болса, шариғат талаптарына бағынған бұқараның сауаттылығын байқатады. Десе де, тіршілік бар жерде қаза бар екендігі хақ. «Өлім байдың барын шашады, жоқтың артын ашады». Алайда бұл мақалдың мән-маңызы заман талабына сай өзгерді. Яғни, бәсекеге түскен қазіргі қауым қолында қаражаты жоқ болса да қарызданып, бейіт басына зәулім мазар салады. Мәрмәр тастан қаланбаса да, қызыл кірпіштен өрілген бейіт тасы алыстан менмұндалап тұрады. Әрине дәм-тұзы таусылып, бақилық болған жанды шариғат көрсеткен шарттарға сай арулап, жерлеу – маңызы үлкен міндет. Десе де, жерленген уақытта қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Яғни, өз топырағымен ғана көміледі. Бұл жөнінде саңлақ сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз(с.а.с) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды» деген. Бірақ бейіт басындағы көрініс мүлдем басқа. Біз бүгін қоғамдағы осы бір өзекті мәселені тарқата жазуды жөн көрдік.
Иә, қазақтың моласы іргесінде. Сол мазарлар қазірде шағын «шаһарға» айналғандай. Бәсекелестіктің бейбіт өмірде емес, бейіт басында табылғаны тым ыңғайсыз. Оған қоса, зәулім сарайдың жанынан жақын-жуығына жер алып, алдын-ала қоршап қою қалыпты үрдіске айналды. Кімге ұзақ, кімге қысқа ғұмыр берерін бір Алла шешетінін ұмыттық па? Бұл жөнінде дін мамандарының да пікірін білуді жөн санадық.
Жаңақорған аудандық орталық мешітінің найб имамы Мейрамбек Баймұратовтың айтуынша, қабірлердің үстіне кесене орнату, басқа да құрылыстар салу мәкруһ амал, яғни дінімізде жағымсыз іс болып саналады екен. Өйткені, марқұмға осы дүниеде істеген жақсы амалдары, ғибадат-құлшылығы ғана пайда береді.
– Өкінішке қарай, бүгінде әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет кесене салу үрдісі белең алуда. Негізінде мақтану, байлығын көрсету, бәсекелестік үшін бейіт тұрғызу – шариғатта құпталмаған іс. Қыруар қаржыға тұрғызылған зәулім мазарлардың марқұмға пайдасы да сауабы да тимейді. Шариғатта қабірді басу күнә болғандықтан жан-жануар үстін таптамау үшін қоршалуына рұқсат етілген. Ал егер мазарстанның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас яғни белгі қоюмен шектелу керек, – дейді Мейрамбек Баймұратов.
Сондай-ақ, найб имам бақталастық жасап, жарысқа түсу ысырапшылдыққа жататынын тілге тиек етті. Сондықтанда мазар құрылысына жұмсалған қаржыны марқұм болған кісінің атынан кембағал, міскін адамдарға жәрдемдессе өліге сауабы, тіріге шарапаты тиеді екен.
– Бейіттің шариғи үкімі былайша болады: Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – мұстахаб (таңдаулы, ең көркем амал). Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу – мәкрүһ. Қабір үстіне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу ғана үшін қойылады. Ал мақтан үшін, байлығын көрсету үшін қою – харам (қатаң тыйым салынған күнә). Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды. Міне, бұл шариғаттың бізге белгілеп берген жолы. Бұдан тыс жасалғанның барлығы ысырапшыдыққа алып келеді, – деді имам Мейрамбек Қайратұлы.
ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Иә, бір-бірін бақталас санаған бүгінгі қоғамда ешкім ешкімнен қалғысы келмейді. Мәселен, Қызылорда қаласына бара жатқан жол бойында күмбезді, төрт құлақты, архитектуралық сәулеті көз тартатын қабірстанды көріп, іштей қынжыласың. Жақында ғана жақынының басына бейіт тұрғызған бір танысым жұмысшылардың жалақысын қосқанда, екі миллион теңгеге жуық қаржы кеткенін айтты. Ал ақиқатында бұл қыруар қаржыға марқұмның атынан көл-көсір садақа жасауға әбден болар еді. Тақырыпқа тұздық ретінде Стамбул қаласына сапарлап келген әріптесім, Салтан Сайранұлының жазбасымен бөліссек.
«Түркия мазарларын аралап жүрсеңіз, қарапайым ғана көктастан тұратынын және тізеге жетпейтіндей аласа болатынын байқайсыз. Сосын қабірдің басына гүл не тал отырғызып тастайды. Себебі, өсімдіктер Алланы зікір етеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеті көк пен жер және ондағы болғандардың бәрі Алланы кемшіліктен пәктейді. Оны пәктеп, оған мадақ айтпайтын ешнәрсе жоқ. Алайда сендер оны түсіне алмайсыңдар», – дейді (Исра сүресі, 44-аят). Хаж сүресінің 18-аятында да Алла Тағала: «Көрмейсің бе? Аллаға көктерде және жерде болған әр нәрсе: күн, ай, жұлдыздар, таулар, ағаш, хайуандар және адамдардың көбі сәжде қылады», ¬– дейді. Міне, өсімдіктің бұл тәспих зікірі мен Аллаға қылған сәждесі қабірде жатқанның қабір азабын жеңілдетеді деген сенім бар. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с) мына хадисі де дәлел бола алады. Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с) сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиюіне көңіл бөлмейтін еді), ал, екіншісі сөз таситын еді», – дейді. Сөйтеді де, екі жас шыбық алғызып, қабірдің басына егеді: «Бұл екі шыбық шіріп кеткенше қабірдегілердің азабы жеңілдетілетінінен үміт етемін», – дейді. Осы хадисті негізге алып, түріктер өлінің халқы қабір азабын жеңілдетер деген үмітпен қабірдің басына ағаш не гүл отырғызуды әдетке айналдырған.
Тағы бір қызық дүние, түріктер қабірдің басына су құятын шұңғыл ойық жасап, сол шұңғылға су құйып қояды. Мұндағы мақсат– шөлдеген аң-құс әлгі шұңғылдан су ішіп, шөлін басып, оның сауабы қабірдегіге тие берсін деген ниет.
Шөлден өлгелі жатқан итке құдықтан аяқ киімімен су алып бергені үшін күнәсі кешірілген жезөкше әйел жайлы Пайғамбарымыздың(с.а.с) хадисін ескерсек, қабір басына су қою әдетінің де дінімізде негізі барын айта аламыз. Оған қоса, тағы бір назарым ауған дүние, мазарлардың арасында «Пәленшенің естелігі үшін» деген «су көздерін» көресіз. Яғни, дүниеден озған адамның атынан жақындары ескерткіш ретінде құдық қазып, су көзін ашып қояды.  Шөлдеген жан сол су көзінен шөлін қандыра алады. Мазардағы ағаш пен гүлдерді де сол құдықтағы сумен суғарады. Ал сауабы қабірдегіге бағышталады. Міне, бұл да адам сүйсінетін бір ізгі амал». Салтан Сайранұлы сөзінің соңын шынысы көп зәулім сарай соққаннан гөрі, осындай сауапты амалдар жасасақ қандай жақсы деп пайымды ой қалдырады.
Түйіндей келе айтарымыз, ертеде Дінқорған атанған бүгінгі Жаңақорған жұртшылығы жаназадағы ысырапшылдықпен қоса, қабір басындағы бақталастықты тоқтатса, өскелең ұрпақтың бәсекелестікке бармайтыны айқын. Әрі қабырғасы қайысып, жақынынан айырылып отырған жандарға да жеңілдік болар еді. Әрине, біз бай-бағланның қаржысы мен дүниесін қызғанып отырғанымыз жоқ. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?» десе, Ғұмар Қараш бабамыз: «Артық дүние тілеп, артық ысырап қылмаңдар – оның өтеуін төлей алмай қаласыңдар» деп тереңінен түсінгенге тамаша тәмсіл тастап кетті. Тек ой жүгіртіп, ақ пен қараны ажыратсақ игі. Ал, егер шын мәнінде мал-дәулеті асып-тасып бара жатса, қаржысын қайырымдылық істерге жұмсауға, яғни, мұқтаж жандардың мұқтаждығын өтеп, тұрмысы төмен отбасының тірлігін түзеп, жоқ-жітікке жәрдемдесіп, осы ізгі істерінің сауабын дүниеден өткен марқұмның рухына бағыштаса, нұр үстіне нұр болады.
Әбдісамат ӘБДІШ.
28 шілде 2018 ж. 1 690 0