№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

№85 (8796) 25

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Ағартушы. Ұстаз.


Мұғалім барлық мамандық иесіне ілім беріп, тәрбиелейтін абзал жандар. Содан болса керек-ті, «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың негізі» дейді. Яғни, мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Осы ұстаздық міндетті абыроймен көтеріп, шәкірттеріне шамшырақ бола білген Бимағанбет Зейдалиевтің өмір жолы өнегеге толы.
Қарт Қаратаудың сырлы тастары мен құнарлы топырағы, жұпар аңқыған жусаны мен асау өзені азамат, тұлға, ағартушы Бимағанбет Зейдалаұлының қалыптасуының ең бастау көзі болғаны сөзсіз.
Әсілі, адам баласына жақсы қасиеттер ананың сүтімен, әкенің қанымен даритындығы анық. Өмірінің бағдаршамы болған ата-анасы мен ауыл үлкендері азаматтың өмірлік көзқарастары мен таным-түсінігімен ерекшеленуіне ықпал етеді. Яғни, жас­тайынан ұстаздықтың асыл қасиеттерін бойына сіңіруге жағдай жасайды.
Оның барлық кезеңдерінде айтарлықтай нәтижелерге жетіп, ауданның орта білім саласы қалыптасып, дамуына белсенді атсалысқанын көруге болады. Әсіресе, білім беру сапасын жоғары стандарттарға жетілдіруге, әріптестерін ұстаздық ізденістерге жұмылдыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, тәлімді де тәрбиелі, білікті де білімді өрендердің қалыптасу жолында еңбек етті.
Расында, Бимағанбет Зейдалиев білікті маман, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, қабілетті ұйымдастырушы ретінде сыйлы болды. Өмірінің 40 жылдан астам уақытын ағарту саласына арнады.
Ол 1942 жылы 15 ақпанда Жайылма ауылында дүниеге келді. 1958 жылы аудан орталығындағы №51 мектепті бітіреді. 1960 жылы еңбекке араласып, 1961 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түседі. Жоғары мектепте химия-биология мамандығы бойынша білім алады. 1966 жылы дипломын алып, №195 «Жайылма» сегіз жылдық мектебінде ұстаздық жолын бастайды.
Өзінің ұстаздық қабілеттілігімен көрінген Биекең қысқа мерзімде, яғни 1967 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болса, 1984 жылы мектеп директоры болады.
Білім саласындағы өзінің іскерлігімен танылған ұстаздың басты еңбегін – №195 білім ордасын орта мектепке айналдырғанынан көреміз. Одан кейін бар күшін мектептің техникалық базасы мен ғимараттың жағдайын жақсартуға жұмылдырады. Яғни, құлау қауіпінде тұрған ғимараттың жарамсыздығы жөнінде ақау актісін дайындап, тиісті мамандарға дәлелдеп, мектептің сметалық-жобалық құжаттарын дайындатып, жоғарғы орындарға ұсынысын жеткізеді.
Аудан басшылары мектептің апаттық деңгейде екендігін түсініп, асар әдісімен мектеп салуға шақырады. Шілденің аптап ыстығында үй жағалаған Биекең әр үйге 3000 кесектен құйдырып, мектеп алаңына жинатады. Ауылдың 1968-1969 жылы туылған азаматтары мектеп директорының ықпалымен көлік ұйымдастырып, жаңа мектептің іргетасына таудан тас тасиды. Ауылдың қалталы азаматтарын демеушілікке тартады. Ынтымағы мол, ауызбіршілігі берік жайылмалықтар жаңа мектептің құрылысына белсенді кіріседі.
Іргетасы қаланған жаңа мектептің құрылысын көрген облыс әкімі С.Нұрғисаев ауылдың ұйымшылдығына тәнті болып, облыстық бюджеттен 2 млн. теңге бөлдіртеді. Сөйтіп жаңа мектептің құрылысы жанданды. Қабырғасының сырты силикат кірпішпен қапталған жаңа мектеп 2003 жылы қаңтар айында пайдалануға беріледі. 2014 жылы типтік жобадағы 2 қабатты мектепке көшкенге дейін ауыл оқушылары асар әдісімен салынған білім ордасында түледі.
Кеңес Одағы кезінде педагогтік жолымен қатар коммунистік партияның қызыл билетін қолға алған Бимағанбет ауыл фермасында жұмыс жасайтын партия мүшелеріне жетекшілік жасады, сайлау комиссияларының хатшылығы мен басшылық қызметтерін атқарды.
Отбасында 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 11 немере сүйді. Ұл-қыздарына жоғары білім беруді басшылыққа алып, мұратына жетті. Бүгінде кіндігінен тараған ұл-қыздары абыройлы қызмет етуде.
Бір ауылдың тарихына ерен тұлға болып енген, жас ұрпақтың есінде «Бимаш ағай» болып сақталып қалған Бимағанбет Зейдалыұлының дүниеден озғанына да 8 жылдан асып барады. Бірақ, артында ұлағатты ісі қалған азаматты ауылдастар «ағартушы», «ұстаз», «тұлға» ретінде танып, жарқын жолын үлгі етеді...

Нұрлат АЙТЖАН.
27 ақпан 2018 ж. 1 648 0