Сәуле апайдың сенімі
Кейбір ұстаздар бар, олардың есімімен бірге айтылатын жылы сөздерді естігенде жүрек тебіреніп, ерекше бір әсер қалдырады. Сол сирек кездесетін ағартушылардың бірі – Сәуле Ілиясова апайымыз еді. Біз оны әрдайым «директор Сәуле апай» немесе «үлкен Сәуле апай» деп атайтынбыз. Мұндағы қосарланған сөздер оның болмыс-бітімін толық ашып көрсетеді. Өйткені, Сәуле апайдың бойынан шынайы ұстаздық қасиет, ізгілік пен мейірімділік көрініс табатын.

Оның директорлық қызметі де өз алдына бөлек әңгіме, алайда бәрінен бұрын ол – үлкен жүректі тұлға еді. Бірде оның қалай директор болғаны туралы естіген едім. 1989 жылы ауылда жаңа үш қабатты мектеп ғимараты бой көтеріп, «Горняк» орыс мектебі мен №53 қазақ мектебі біріктіріледі. Сол кезде екі түрлі тілдегі ұжымдарды бір арнаға тоғыстыру үшін жас әрі жігерлі, екі тілді еркін меңгерген, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға қажет болды. Сәуле апай осы талаптарға толық сай келді. Оның кәсіби шеберлігі мен адамгершілігі екі ұжымның бір мақсатқа жұмылуына мүмкіндік берді.
Үлкендерден рұқсат алғаннан кейін ол директорлық қызметке кірісіп, өзіне дейінгі менеджер директорлардың ісін лайықты түрде жалғастырып қана қоймай, мектепті аудандағы абыройлы және беделді ұжымға айналдырды. Мектептегі тәртіп, сабақ сапасы және тәрбиелік жұмыстардың үйлесімділігі оның ұйымдастырушылық талантының арқасында нығайды. Сәуле апайдың әр ісі, әр сөзі ұжымдағы ынтымақтастық пен жауапкершіліктің белгісі болды.
Директормын демей, әр аптаның дүйсенбі күні өтетін «линейканы» өзі бастап, оның сапалы өтуін қадағалайды. Сонымен қатар, мектепішілік кез келген іс-шараларға белсене қатысып, ұжымдастарына ісіне сергек қарауға үлгі көрсетеді.
Сәуле апайдың жанында болған адам әрдайым ерекше шабыт сезімін кешетін. Ол әріптестерін ортақ іске жұмылдырып, ұжымдық жұмыстың бірлігін қамтамасыз ететін ұйымдастырушы еді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті тек міндетті орындаумен шектелмей, әрбір қызметкердің шығармашылық әлеуетін ашуға, өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасайтын...
Мен Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет атқарып жүрген кезімде жазғы еңбек демалысын пайдаланып, ауылға барып біраз тынығып қайттым. Қайтар жолда менің жолсерігім – Сәуле Ілиясова апай болды. Сол уақытта кенже ұлы Нұрбол Павлодарда қызмет атқаруда еді. Бұл сапар барысында Сәуле апайдың жүрегі кең, әрқашан қамқорлық танытатын, өз ісіне шынайы берілген адам екенін тағы бір мәрте аңғардым. Ол кісінің әр әрекеті мен сөзі – тек мектеп үшін емес, әр шәкірт пен әріптестің бойында ізгілік пен еңбекке деген құштарлықты оятатын өнегелі үлгі болды.
Ұстаздық тәжірибесімен де, адам танудағы көрегендігімен де ерекшеленген апаймен болған бұл сапар – жүрек пен санаға ой салған ерекше рухани жол болды. Ауылдан Астанаға дейін пойызбен, одан әрі автобуспен жүрдік. Әсіресе, Астана мен Павлодардың арасы көз ұшында қалып қойғандай, жеткізбей кетті.
Алғашқыда әдеттегі әңгіме өрбіді: ауыл жаңалықтары, ағайын-туыстың аман-саулығы, жұмыстағы жаңалықтар. Біраздан соң апайым әңгіменің бағытын маған бұрып, өмірлік ұстанымымды байқағысы келгендей сұрақ қоя бастады. Әр сауалы – ой салатын, өзіңді өзіңе қайта танытатын сұрақ еді.
Содан бір сәтте жымиып:
– Есіңде ме, оқушы кезіңде саған орыс тіліндегі шағын кітапшалар беріп тұрушы едім. Оқыған боларсың?! – деді орыс тілі мен әдебиеті пәнінен тағылым сіңірген ұстазым.
Не дерімді білмей, сасқалақтап қалдым. Бетім қызарып, ұялғаным-ай! Шынымды айтсам, бәрін толық оқыдым деп айта алмаймын. Бір-екі бетін шолып шығып, футбол алаңына қарай жүгіріп кететінбіз. Үй тірлігі де жеткілікті. Көбін тек тиіп-қашып қана оқығаным рас.
Бір білетінім, тоқсан соңында кітаптарды қайтарып, оқығаным жайлы қазақша мен орысшаны араластырып, қысқаша айтып беретінмін. Павлодарға алғашқы барған жылдары орысша еркін сөйлеп кетпесек те, нан сұрай алатын деңгейде болдық. Соған сол кітаптардың септігі тигені анық.
Апайым байсалды үнмен:
– Сыныптағы балалардың ішінде көзге түсетінсің. Саған іштей сенім арттым. Тіл сындырсын, ойын еркін жеткізе білсін деген тілек болды. Ертең үлкен қалаға барғанда қажетіне жарар деп ойладым, – деді.
Бұл сөз жүрегіме оқтай қадалды.
Себебі, мен сол кезде кітаптардың қадірін бағалай алмай жүрген екенмін. Сол шағын кітаптар – менің тіл байлығымның негізін қалаған, ой көкжиегімді кеңейткен үнсіз ұстаздар еді. Ал сол кітаптардың артында – міндет етпей-ақ, үнсіз демеп тұрған Сәуле апайым тұрғанын кейін түсіндім.
Қазір ойласам, бұл – нағыз ұстазға тән көрегендік екен-ау!
Шындығында, өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлейтін ауылда орыс тіліне сұраныс жоқ еді. Кейбір ауыл балалары орысша түгілі, қазақ тіліндегі кей дыбыстарға тілі келмейтіні рас. Осындай сәттерде Сәуле апай «тілің жаттықсын» деп, орыс тіліндегі ертегілерді беріп, сұрақты сол тілде қоятын. Бір тоқсанда екі-үш ертегіні терлеп-тепшіп, қазақша мен орысшасын араластырып айтып, тоқсанға төрт шығатынбыз. Сол тәжірибе бізге орыс тілі басым облыстарға барғанымызда өте пайдалы болды.
Міне, нағыз мұғалім, ағартушы деген осы! Осындай тағылымнан кейін біз ұстаздың тек сабақ беруші емес, оқушының өмір жолына үнсіз үлес қосатын, болашағына бағыт беретін тұлға екенін терең түсінеміз.
Сәуле апайдың тағы бір маңызды артықшылығы – әр сөзін терең ойлап, салмақты түрде айтуында. Ол жауапкершілігі мол тұлға. Ешқашан ешкімнің кінәсін іздеп, ұрыспайды. Қолдағаны не қолдамағаны қас-қабағынан-ақ көрініп тұрады. Кез келген мәселені ол байыппен, ойлана отырып түсіндіреді. Ұзақ сөйлеуден, артық сілтеуден аулақ, сөзін қысқа әрі нұсқа жеткізеді.
Қайбір жылы Facebook-та апайымыз туралы естелік жазған едім. Сол жазбамды апай оқып, ризашылығын білдірді. Біз үшін ағартушы ұстаздардың үмітін ақтау – үлкен мәртебе. Осындай ойды сыныптасым Гүлзинат Бекмұратова мен Мөлдір Тілеубергеновадан да естігенмін. Біздің сыныптан ұстаздық жолды таңдаған осы екеуі болса, Мөлдір апайға қатты еліктеп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды шешіпті. Әрине, бұл шешімге Сәуле апайдың ұстаздық тұлғасы да зор әсерін тигізгені анық.
Мөлдір өзінің шешімін былай түсіндіреді:
«Маған мұғалім болуға жол көрсеткен ұстазым – Сәуле апай. Ол әр оқушыға тең қарап, ешкімді алаламайтын. Әрбір баланың жүрегіне жол таба білетін. Оның сабаққа деген жауапкершілігі керемет еді. Аудандық білім бөлімі директорды жиналысқа шақырса да, апай сабақты міндетті түрде соған дейін немесе кейін өткізетін. Бірақ ең бастысы – ол тек сабақ беріп қана қоймай, әр оқушының білімін, үлгерімін көтеруге барынша мән беретін. Сол арқылы бақытты келешекке жол салатын».
Бұл әңгіме бізге ұстаздың шынайы рөлін еске салады. Адамның шынайы бақытқа жетуі үшін тек сыртқы жағдай жеткіліксіз. Қоғам барынша әлеуметтік, саяси, экономикалық мүмкіндік жасаса да, әр адамның ішкі рухы, жүректегі ар-намысы, бойындағы өрелі жауапкершілік сезімі болмаса, бақыттың мәнін толық сезіну мүмкін емес.
Міне, дәл осыны шәкіртке жеткізе білетін – ұстаздың ұстазы ғана. Ол тек білім беріп қана қоймай, әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, адамгершілік пен парасат жолын көрсетеді. Сәуле апайымыздың даналығы – өмірлік бағдар, рухани тірек, бақытқа жетелейтін шамшырақ.




