Математика әлеміндегі мерейлі ұстаз

Мектеп – адам өмірінің ең алғашқы қадамы қаланатын, тұлға болып қалыптасатын қасиетті орда. Ал сол орданың жүрегі – ұстаз. Ұстаздық жол – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, бірақ рухани байлығы шексіз мамандық. Бүгін осы жолға саналы ғұмырын арнап келе жатқан ардақты жандардың бірі – Гүлзада Әбутәліпова туралы айрықша тоқталмақпыз.
Гүлзада апай – есеп пен логика әлемін бала бойына сіңіріп, математика ғылымының сұлулығын түсіндіре білген білікті педагог. Ол мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап өз ісіне адал, оқушыға әділ, мамандығына шынайы берілген ұстаз екенін дәлелдеп келеді.
Гүлзада Әбутәліпова еңбек жолын Түгіскен ауылындағы №209 Әнуар Әбутәліпов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Сол жылдары ол өзіне білім берген қадірлі ұстаздарымен – Исахан Әбуталипов пен Зәкір Үсенов сынды тәжірибелі ұстаздармен бір ұжымда жұмыс істеді. «Өзіме сабақ берген ұстаздармен қатар қызмет ету – мен үшін үлкен мектеп болды. Олар маған тек математика пәнінен емес, өмірдің өзінен сабақ берді. Исахан ағайдың талапшылдығы мен Зәкір ағайдың сабырлы мінезі мені кәсіби әрі рухани тұрғыдан шыңдады», – дейді Гүлзада апай өткен күндерді еске алып. Бұл жылдар оның ұстаздық ұстанымының қалыптасуына, өмірлік көзқарасының орнығуына үлкен әсер етті.
Сол сәттен бастап ол білім саласындағы жаңалықтарға ұмтылып, әр сабағын қызықты әрі түсінікті етіп өткізуге тырысты. Математика пәні көпшілікке күрделі болып көрінгенімен, Гүлзада апай оны оқушы санасына жеңіл жолмен жеткізудің түрлі әдістерін меңгерген. Сабақ беру барысында ол әр баланың қабілетін байқай білетін ұстаз. Бір оқушы есеп шығарып отырса, енді бірі логикалық ойлауын дамытатын тапсырмаларды шешеді. Гүлзада апайдың сабағында әркім өз орнын табады, өз жетістігіне қуанады.
Жас өренге есеп шығаруды меңгертумен қатар логикалық ойлауға, дәлдік пен әділдікке тәрбиелеуді мақсат еткен ұстаздың әр сабағы тұлғаны жүйелі ізденіске жетелейді. Өзі де үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз жаңа педагогикалық технологияларды меңгеріп, білім беру сапасын арттыру бағытында түрлі семинарлар мен әдістемелік кеңестерге қатысып отырады. Шәкірттері аудандық, облыстық пән олимпиадалары мен математикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, ұстаздың еңбегін ақтап келеді.
Оның сабағында тәртіп пен түсіністік үйлесім тапқан. Әр сабақтың соңында Гүлзада апай балалармен шағын пікір алмасу өткізіп, олардың ойлау қабілетін дамытуға көңіл бөледі. Көптеген оқушылары математикаға деген сүйіспеншілігін осы ұстаздың арқасында тапқанын мақтанышпен айтады.
Бүгінде Гүлзада Әбутәліпованың тәрбиесін көрген түлектердің арасында ел экономикасын, ғылымын, білімін, мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Кейбірі ұстазының жолын қуып, педагогика саласында қызмет етіп жүр. Тіпті өзіне ұқсатып, математика пәнінің мұғалімі атанған шәкірттері де бар. Олар үшін Гүлзада апай – өмірлік бағыт сілтеген шамшырақ.
Ұжым ішінде Гүлзада апайдың беделі ерекше. Әріптестері оны сабырлы мінезі, кішіпейілдігі мен әділдігі үшін құрметтейді. Жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесін бөлісуден жалықпайды. Ол мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатысып, түрлі іс-шаралардың ұйытқысы болып келеді.
Мектеп директоры Ерғазы Төлегенов ұстаз жайлы былай дейді:
«Гүлзада апай мектебіміздің мақтанышы. Ол ұзақ жылдар бойы математика пәнінен жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Оқушыларға білім берумен қатар, адамгершілікке тәрбиелеуде де үлкен үлесі бар. Мектеп ұжымы оны кәсіби шебер, үлгілі ұстаз, абзал ана ретінде бағалайды. Гүлзада апайдың бойындағы еңбекқорлық пен сабырлылық – жас мұғалімдерге нағыз өнеге».
Зейнет жасына таяп қалғанымен, Гүлзада апай әлі де мектеп өмірінен қол үзген жоқ. Ол әрдайым оқушыларының жетістігіне қуанып, әріптестерімен ой бөлісіп жүреді. Ол үшін ұстаздық – тек мамандық емес, өмірлік миссия. Сондықтан да оның жүзінен нұр төгіліп, айналасына жылу шашып жүруі заңдылық. «Мен үшін ең үлкен бақыт – шәкірттерімнің биік белестерді бағындыруы», дейді өзі.
Ол – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан, еңбекқорлығымен ел құрметіне бөленген нағыз ұстаз. Оның өнегелі өмірі, адал еңбегі мен шәкірттерге деген шексіз махаббаты – жас буынға үлгі, ұлт болашағына бағыт берер жарық жол.
Жәмила ЕРМАХАН




