Жаңақорғанда кәсіпкерлермен кездесу өтті

2026 жылғы 20 мамырда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ділмұхамед Абизовтың және Өңірлік кеңес мүшелерінің қатысуымен Жаңақорған ауданында көшпелі отырыс өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар алдымен аудан аумағындағы бірқатар өндірістік және инвестициялық жобалармен танысты. Атап айтқанда, «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы және «Engineering & Construction Company» ЖШС-нің жол бойы сервистік нысанын аралады. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілердің шағын көрмесі ұйымдастырылып, өңір кәсіпкерлерінің өнімдері таныстырылды.
Кездесу аясында аудан әкімі Мәжит Сәмитұлымен және аудан прокуроры Бақытжан Бөлеулиевпен мазмұнды пікір алмасулар жүргізілді. Кездесуде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Аудан кәсіпкерлерімен өткен негізгі жиында салықтық әкімшілендіру, мемлекеттік кірістер саласындағы өзгерістер, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мүмкіндіктері, жеңілдетілген несие құралдары, сондай-ақ лизингтік бағдарламалар туралы жан-жақты түсіндірмелер берілді.
Индустриялық аймақтарды дамыту, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Спикерлер өңірде инвесторлар үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы нақты ақпарат ұсынды.
Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауапты мекеме өкілдерінен нақты түсіндірмелер алды. Сондай-ақ Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев жеке қабылдау ұйымдастырып, бірқатар кәсіпкерлердің мәселелері жеке тәртіпте қаралды.
Іс-шара соңында Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ділмұхамед Абизов аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметовке кездесуді ұйымдастыруға қолдау білдіргені және аудан кәсіпкерлігін дамытуға қосып жүрген үлесі үшін алғысын білдірді. Тараптар алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты нығайтып, кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.




