Әділеттінің жаны әдемі

Алпыс жасты толтырған, қырық жылдық еңбегінің зейнетіне есік ашқан мерейлі күні ол жүрегіне ең жақын жандардың басын қосқан екен. Олар – өзінің ұшып шыққан ұясындағы және келген жұртындағы жанашыр тілеулестері, мектепте бірге оқыған сыныптастары, ұжымы, солардың ішінде қымбат жастық шағының жалауындай, мәңгілік бала бейнелері көңілінде жатталып қалған өзінің ең алғаш мектепке ұстаз болып келгенде қабылдап алған 1978 жылғы шәкірттері, одан кейін жағалай отырған 80, 83, 87, 91, 95 жылғы түлектері көзіне аса ыстық көрінді.
Назарова Кенжегүл Тұрғанбайқызы туған жері – Төменарық ауылындағы №223 орта мектебін тәмамдаған соң Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Бастауыштың педагогикасы мен методикасы» факультетінде білім алды. Алғашқы еңбек жолын Келінтөбе ауылында бастаған еді, көп өтпеді, жас мұғалима Ақжолдың жігіті Айбарханмен көңіл жарастырып, ауылдағы үлкен үлгілі отбасына келін болып түседі.
Бұл құтты шаңырақта Жүнісбекұлы Байсын мен Оспанқызы Гүлбарамнан тараған ұл-қыздың үлкені – Тілесбек ауылдың маңдайалды механизаторы болса, Тілеухан ағайымыз мектептің директоры, Әлеухан атақты күрішші, Қуантхан гидротехник, Сабырхан, Аймахан, Жармахан және өзінің ері Айдархан әр саланың беделді мамандары екен.
Ауылдағы №196 орта мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналасқан еді. Жас маманға сын көп қой. Әрі бастауыш мектептің мұғалімінің міндеті аса ауыр. Соның бәрін еңсеріп, барынша ықылас қойып, елдің баласына сапалы білім беруді мақсат етті. Мектепке жаңа келген көкөрімнің талабына жарап, тұлымшағын тарап, анасындай қарап, мың түрлі мінезіне төтеп бергеннің тауқыметі өз алдына. Қайткенде сәби санасының саңылауын ашамын, білім атты мұхиттың асау толқынына қосамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Еңбекті бағалайтын ел бар екен. Ол кезде талап мықты. Жеті-сегіз белсенді ата-ана бас біріктіріп мұғалімнің сабағына қатысады. Баламызды кім оқытып жатыр, келешегі қалай болады деген маңызды мәселеге тікелей өздері араласады. Бұл бір жағынан болашақ тәрбиесіне жауапкершілік қой. Міне Кенжегүл осы сынақтан мүдірмей өтті. Қазір қарасаңыз, Кенжегүл Тұрғанбайқызы сол кезде мектеп директоры болған Бөлеков Әмірхан ағайымен иығы теңесіп, Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі атағына ие болыпты.
2005 жылдың жаңа оқу жылының қарсаңы. Биыл мектепке келетін 1999 жылы туылған бірінші сыныпты қабылдап алмақ. Бұлар Әліппені жаттатып, үлкен өмірге шығарып салатын жетінші желкендері болмақ. Кенет бала бағбанының өмірі жаңа арнаға бұрылып сала берді. Осы жылы ауылда тұңғыш мемлекеттік балабақша ашылған. Соған басшы болуға ұсыныс түсті. Жиырма жыл қызмет атқарған алтын ұяны қиып кету оңай болмады. Бірақ елдің өзіне артқан сенімін ақтау бала бағбанына одан да үлкен салмақты жауапкершілік жүктейтінін жүрегімен ұғынды. Алғаш 50 бүлдіршінді қабылдаған балғындар мекеніне «Әділ» деген атты таңдап қойғандығы мақсаты – әрқашан әділ боламын, адалдықтан аттамаймын, заңсыздық, жалғандық атаулыны сәбилер ұясының босағасынан да сығалатпаймын деген іштей серттен туған тұжырым еді.
Сөйтіп, ауылдағы №17 «Әділ» балабақшасына жетекшілік еткеніне де жиырма жыл өте шығыпты. Алғашында 50 бала болса, қазір оның саны 75-ке жетті. 14 педагог қызметкер, 19 техқызметкер еңбек етеді.
Еңбектің екпіндісін төрге шығарып, төбесін көкке жеткізе білер елдің де, сала басшылығының да іс адамына қояр талабы төмендемек емес. Еңбек жолының соңғы үш айында аудандық білім бөлімі басшылығы ротация тәртібімен көрші Өзгент ауылындағы «Жадыра» балабақшасы меңгерушісі екеуінің орнын алмастырды. Пилоттық жоба аясында жаңа орынға басшылыққа келген Кенжегүл бірінші күннен бастап ұжыммен жақын тіл табысты. Оны жалпыға бірдей жағымды ететін, бөтен сөзге қалдырмайтын, барған жеріне судай сіңіп, балдай батыратын қадір-қасиеті бар. Ол – кең жүректігі, мейірімділігі. Алғаш ұжыммен танысып, жұмысқа жан-тәнімен кірісіп кеткен басшы есіктен кіргеннен қарамағындағыларды бетінен сүйіп есендесетін мінезін тастай алмады. Сол жылы ұшырамның ұшқыны ұжымның жадыраңқы қабағына кірбің түсірмей, әркім өз жұмысын барынша көңілді, ықыласты атқаруға тырысса, бұл да жақсылыққа, жасампаздыққа бастайтын ұстаным. Бұл балабақшада үш топта бүлдіршін тәрбиеленуде. Ұжым өзіне керемет ұнады. Бұған дейін Болдықыз апайларының тәрбиесін алған Нұрсұлу Мәмбетва басқарып келген балалар мекенінде сол сабақтастықтың сапалы ізін аңғарды. Кеше, алпыс жылдық кешіне балалар мекенінің әдіскері Құрбанкүл Ибрагимова бастап келген ұжымдағы қыздар өзіне ескерткішке арнайы жасатып алып келген «Мейірімді меңгеруші» деп жазылған статуетканы (суретте) табыс етіпті.
Кенжегүл Тұрғанбайқызы өзін елдің құрметіне бөлеген бұл нығметтің астарында ата-анасының тәлім-тәрбиесі жатқанын жақсы біледі. Әкесі Тұрғанбай герман соғысына, фин соғысына қатысқан жауынгер. Әкесі майданға аттанғанда бір баламен қалып, ерінің жолын күткен анасы Өзипа жиырма жасынан бастап намазға құлап, алпыс жыл құлшылығына мін түсірмей, сексен жас жасапты. Дұғасы қабыл болып тамырын тереңге тартқан бәйтеректей жапырағын кеңге жайды. Перзенттерінің ешбірі де жаманатын шығармай, ел мақтаған тұлғалар болып қалыптасқанына қалың жұртшылық куә.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген осы, ерекше қадір-қасиетімен көптің ілтипатына бөленген анасының үлгісімен Кенжегүл бүгінде әулеттің сүйікті келіні. Енесі Гүлбарамның да өзін ерекше көріп, батасын төгіп жүретіні талай рет жолын оңғарып, еңбекте озат атандырды. Ол кездері қайынағасы Тілеухан Байсынов басшылық ететін оқу ордасы атаулы мектеп ретінде аудандағы 40 мектепке үлгі болды. Десант сабақ деген бар, үлгілі мектептің мұғалімді бөтен мектептің кез келген сыныбына аяқастынан сабақ беруге жібереді. Осындай сын сәттерде Кенжегүл талабына қанат бітіріп, алды-артына қарамай жұмысын алаңсыз атқаруына тірек болған енесінің қолдауына, қамқорлығына арқа сүйегенін айтты. Өмірлік серігі Айдарханның да білімге құштарлығын, оқыған адамды ерекше құрметтейтінін Құдайдың басыма қондырған бағы деп санады. Осындай зиялы отбасы ауыл мұғалимасының маңдайын ашып, бағын жандырған бірден-бір әрі берік қамалы еді деуге әбден болады.
Бір отанға келін болып түскен сегіз келіннің ынтымағы, ол өз алдына өнеге. Бүгінде ең үлкен абысыны Қалдыгүлді ана орнында санаса, өзінен кейінгі үш келінінің де ілтипаты ерекше. Жұмысқа әрі өткенде, бері өткенде әрбірінің қиылып шайға шақырар көңілін қиып кете алмас қайран күндерді өмірінің ең қымбат сәті санайтынын да жасырмайды.
Осы тұста әңгімеге араласқан Кенжегүлдің жары Айдархан алғашқы күннен өмірлік серігінің төл қызметі – ұстаздық мерейіне тілектес болғанын жасырмады. Өзі кезінде Ресейде агрономия факультетін тәмамдаған, ауыл шаруашылығы маманы. Осы салада көп жылдар еңбек атқарып келеді екен.
– Әкеміз кезінде көп тауқыметті көрген, соның бәрін қажырлылықпен жеңген нағыз еңбектің адамы еді. Бізді де адалдыққа, адамгершілікке тәрбиеледі. Бәріміз де әке өсиетіне дақ түсірмеуге тырысып келеміз, – дейді ол.
Зейнеттік демалысқа шыққан Кенжегүл апайының орнына өзі тәрбиелеп келе жатқан ізбасары – Жайсаңбаева Гүлзамира тағайындалып, балабақша тізгінін қолға алыпты.
Айдархан мен Кенжегүлдің перзенттері – Өркені әскери сала маманы, Нұркені он саусағынан өнер тамған құрылысшы.
Ерлі-зайыпты Айдархан мен Кенжегүл немерелер қызығын көріп отырған бақытты ата-әже екендіктерін айтып шаттанды.
Қуаныштарыңыз ұзағынан болғай!
Баян ҮСЕЙІНОВА




