Құрметке лайық ғұмыр

Адам баласының өмірі – өрнекті кітап секілді. Бір парағы – балалық шақ, бір парағы – жастық дәурен, бір парағы – еңбек пен ерлікке толы жылдар. Сол кітаптың әр бетінде ізгілік пен адалдық жазылған жан – Бекмұхамедова Қарлығаш Сабырқызы. Биыл ол 80 жасқа толып отыр. Бұл – аз жыл емес, Алланың берген ғұмырына мың да бір шүкіршілік етер мерейлі сәт.
Қарлығаш Сабырқызы 1945 жылдың 20 маусымында Қостанай қаласында дүниеге келді. Әкесі – Сабыр Кәрімұлы көп жылдар мемлекеттік басқару саласында қызмет еткен азамат. Анасы Ғайнеш Қостанай облыстық филармониясының алғашқы шымылдығын ашқан тұлғалардың бірі болған. Кейін ұстаздықты серік етіп, талай жасқа білім берді. Ғайнеш апа ел арасында зор беделді иеленген, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берген абыз ана атанды.
Бабалары Кәрім Бекмұхаммедұлының аса дәулеттілігімен, бар байлығын жоқ-жітікке бөліп беріп, жетім-жесірге қамқор болған қайырымдылығымен есімі көпке тараған екен.
Қарлығаш сәби күнінен бастап ата-әжесінің тәрбиесінде өседі. Әкесі Қадір соғыс ардагері, ұзақ жылдар ауыл мектебінде ұстаз, 40 жылдан аса мектеп директоры болған кісі. Кейін өзі басқарған мектепке оның есімі берілді.
Әжесі Қарлығашты биенің сүтімен асырап, мейірім шуағын төгіп өсірген. Сондықтан да кішкентайынан шымыр болып, бала кезінен ата-әжесінің ыстық ықыласына бөленіп өсті. Бала жүрегінде ұстаз болсам деген арман да осы әулеттегі ұстаздардың өнегесінен ұялаған.
Қарлығаш 1963 жылы мектеп бітіріп, арман қала – Алматыға аттанады. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсіп, 1968 жылы оны ойдағыдай тәмамдайды. Институт қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, студенттік кеңестің төрайымы қызметін атқарған. Достарымен сыйлас, ұйымшыл болып, студенттік өмірдің қызығын көрді. Сол достарының біразымен арада 55 жыл өткен соң да қайта қауышып, естеліктерін жаңғыртқаны – өмірдің бір ғанибеті.
Қарлығаш 1968 жылы өзі келін болып түскен Қызылқұм ауданына қарасты Қандөз ауылындағы №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепке география пәнінің мұғалімі болып қабылданды. Бұл мектепте 32 жыл бойы еңбек етіп, мұғалімнен бастап директорлық қызметке дейін көтерілді. Жүрек қалауымен ұстаздық жолды таңдаған ол шәкірттерге география пәнінен дәріс берді. Тәрбие ісінің меңгерушісі, одан соң мектеп директоры болып білім мекемесіне басшылық жасады. Ұстаздықты жан-тәнімен сүйген Қарлығаш Сабырқызы шәкірттерге білім мен тәрбие берді. Адал еңбегі үшін аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі құрмет грамоталары мен марапаттарға ие болды. 1995 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағына қол жеткізді.
Бүкіл ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ардақты тұлғаның оқу ордасына сіңірген еңбегінің зор екендігін аға ұрпақтың естелігінен білеміз. Ұстаздың тәлім-тәрбиесін алған ізбасарларының ардагер ұстазға деген құрметі үлкен.
Қарлығаш Сабырқызының өмірлік серігі – Орынбасар ағамызбен шаңырақ көтерген тойына қазақтың аяулы жазушысы Мариям Хакімжанова арнайы қатысып, жас жұбайларға ақ батасын бергені – әулет тарихындағы бір ерекше сәт. Өкінішке қарай, Орынбасар ағамыз өмірден ерте өтті, бар ауыртпалық Қарлығаштың иығына түсті. Бірақ қайсар ана тағдырдың сынағына мойымай, екі ұл, екі қызын тәрбиелеп, қатарынан кем қылмай өсірді. Бүгінде Қанат, Жанат, Жомарт, Ақбота – әрқайсысы өз алдына түтін түтеткен азаматтар. Немере-шөберелері көбейіп, әулеттің шаттығы мен қуанышы болып отыр. «Ұлың жақсы болса – мың бақыт, қызың жақсы болса – бір бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт» деген қазақ сөзі Қарлығаш ананың өмірінде толық орындалған.
Қарлығаш Сабырқызы – ұрпақ тәрбиесіне адал еңбек сіңірген ұстаз, отбасына қамқор ана, немере-шөбере сүйген әже. Өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі, өнегелі ғұмыр.
80 жас – адам ғұмырының үлкен белесі. Бұл жасқа саналы ғұмыр, мағыналы еңбек, мол тәжірибе, шәкірттердің ыстық ықыласы арқасында жету – зор бақыт. Ардақты ұстаздың жүріп өткен жолы – қиын да қызықты еңбектің, ізденіс пен табандылықтың жемісі.
Қаншама шәкірттерге білім беріп, олардың болашаққа жол табуына ықпал еткен ұстаздың еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Ұстаздың 80 жылдық мерейтойында жан-жақтан ағылған шәкірттердің ықыласқа толы лебіздері – бұл кісі үшін үлкен марапат, ең қымбат сыйлық.
Ардагер ұстаздың еңбекқорлығы, қарапайымдылығы, адамгершілігі – кейінгі жас буынға өнеге. Ол кісінің өмір жолы жас ұстаздарға бағыт-бағдар, ал шәкірттері үшін зор мақтаныш.
Бүгінде 80 жасқа толып отырған ардақты жанға барша елі, туған-туыстары, шәкірттері ақ тілеулерін арнап, құрмет көрсетіп отыр.
Қалдығыз Нұртазақызы



