» » » АДАМШЫЛЫҚ – ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАН

АДАМШЫЛЫҚ – ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАН


Өз мамандығын сүйген жан – бақытты.
1982 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың бастауыш сынып педагогикасы және методикасы факультетін бітірген жас маман Әшіркүл Манапқызы алғаш аудан орталығындағы жаңадан ашылған №125 орта мектепке мұғалім болып орналасыпты.


Өз әкесі – Жаңарық ауылдық мектебінде қырық жыл ұстаздық еткен Манап Пірімбетұлының жолын жалғастырған Әшіркүл де өмір бойы асыл мамандығына бір мін түсірмеуге тырысқанын айтады. Халық – сыншы. Алғаш мектепке келгенінде бейтаныс ортаны жат көріп жалғызсырайтын бала болмысын бар ділімен түсініп, басынан сипап бауырына тартып қана қоймай, ең жақын адамына айнала білу үшін бойда барын аянып қалмайтын ұстаз кімге болсын қадірлі. Осындай құрметке ие кейіпкеріміздің көптің сүйііктісі болу сырын ұстаздың өз кәсібіне адалдығында, мейірімді жүректің иесі бола білуінде деп ой қорытармыз, бәлкім. Десек те, кешегі өткен ғибратты кештен кейін біздің пайымымыз одан әрі тереңдеп, ұстазға деген құрметіміз одан әрі арта түсті.

Ұстаз аты биік әрі мәңгілік

Өткен жұмада Жаңарық ауылдық клубында әріптестері, шәкірттері, перзенттері, жалпы Жаңарық елдімекенінің халқы ауыл мектебінің мұғалімі Манап Пірімбетовты еске алу кешін өткізді. Бұл кісінің өмірден өткеніне биыл отыз бес жыл болыпты. 1951 жылдан 1990 жылға дейін бір мектепте ұстаздық еткен жан зейнетке шығып үлгермей елу тоғыз жасында өмірден озып кете барыпты.
Осы кеште ардақты әке туралы толғанған ұстаз Әшіркүл Пірімбетова былай деп сөз сабақтады. «Анда-санда ауылға төркіндеп келгенімде әкемнің маған қоятын бірінші сауалы: «Шәкірттеріңнің үлгерімі, сабақты қабылдауы, жазу сауаттылығы қандай?» дейтіні есімде. Сонда ішімнен әкем алдымен менің балаларымның жағдайын сұрамай шәкірттерге алаңдайтыны несі деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ұстаз табиғаты, ұстаз жаны осылай жаратылған екен ғой» деп ағынан жарылды.
Ұстаз отбасында Манап пен Рахимадан өрген 8 перзенттен әке жолын қуған Алмагүл мен Әшіркүл екен. Алтынкүлі тігінші, Ұлболғаны мен Дәметкен кезінде шаруашылықта үздік сауыншы болып даңқы шыққан. Бүгінде Ұлболғанан, Алтынгүлден туған жиен немерелер – Гүлнұр мен Шолпан мұғалім екен. Бірі аудан орталығындағы №163 орта мектепте математика пәні мұғалімі, бірі Түркістан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектебінде ұстаздық етеді.
Немересі Лаура Әкімқызы, ХҚТУ-дың түрік тілі оқытушысы, Нәзира Әкімқызы Түркістан қаласындағы №34 мектепте мұғалім.
Ұстазды еске алуға арналған «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» атты кеш осы мектептің түлегі, бүгінде Әлшекей атындағы өнер мектебінің ұстазы Гүлсара Бұлдырықованың жетекшілігімен құрылған «Сығанақ» ансамблінің орындауында «Ерке сылқым, домбыра» күйімен басталды. Кешті ашу үшін сөз аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесі төрағасы Аллаберген Ахметовке берілді. Жүрек сөзін ақын Мұқағалидың:
«Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей, тірілер, соларды бір еске алып,
Толғанайық, тебіренейік, жазайық» деген жыр жолдарымен сабақтастырған сала ардагері бүгінде аудан бойынша 1003 зейнеткер мұғалім, 664 кіші қызметкерліктен демалысқа шыққан ардагерлер бар екенін айтты. Ол үш жылдан бері үзбей осы кісілердің арасында бақилық болған азаматтардың есімін жаңғырту мақсатында шаралар белгілеп, олардың өз ұрпақтарына қозғау салу арқылы осындай ғибратты кештерді өткізіп келе жатқанын жеткізді. «Осы күзде Манап аға түсіме кірді. Жігіт шағымда осы мектепте екі жыл орыс тілінен сабақ бергенімде ағаймен әріптес болғанмын. Ол кісі осы қолға алған жұмыстарыма өңімдегідей батасын берді. Мені неге еске алмайсың дегендей назын да білдірді. Орнымнан тұра сала ағайымның рухына дұға жасап, сол күні қызы Әшіркүлді тауып ақылдастым. Міне, сол ниетіміздің сәті бүгін туып отыр, ағайын» деді. Келесі кезекте жасы сексеннің сеңгірінен асқан Хадиша Шүкірова апамыз:
– Мен бұл мектепте 24 жасымда оқу ісінің меңгерушісі болып келген едім. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Мақсұт Ибрагимовтің Қожамберді ауылына келін болып түсіп, мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүрген жасқа сенім артуы мені жігерлендірді. «Қайсар ақынның қарындасысың. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген, сенің қолыңнан келеді» деп маған қолдау білдірді. Содан отбасымызбен Жаңарық ауылына көшіп келдік. Келсем, ұжымда көпшілігі тәжірибелі ұстаздар, мен сол кісілерден үлгі алдым, көп нәрсені үйрендім. Асанбеков Ахмет, Дүйсенов Асан, Манап Пірімбетов, Сражаддин Мұсали­ев, Мүбарак Мырзакамалов ағайлардың алдына түсіп көргеніміз жоқ. «Қалқам, айналайын» деген сөздерін арқа тұттық. Бір бүтін ынтымақты ұжым болдық» деді. Келесі кезекте сөз алған ардагер-ұстаз Айсара Искакованың да естелігі осы мазмұнда өрбіді. Одан әрі Манап ағаның замандасы Әбдіхалық Орынбасаров сөз алып, өзін ұстаздыққа тартып, жоғары оқу орнына түсуге көмек-қолдауын көрсеткен жанды тебірене еске алды. Ұстаздың шәкірттері арасында сахнаға көтеріліп, құрметін жеткізген ел ағасы Ерғали Оразбековтың естелігі өзгеше өрілді: «Мен қойшының баласы едім. Мектепке оқу жылының ортасында бір-ақ келіппін. Әкем мені көрші «Политотдель» ауылындағы ағайынның үйіне қалдырып кетті. Қатынап оқимын. Манап ағайдың қолына түстім. Әліппеден хабарым жоқ. Ал қатарым «К» әрпін оқып жатыр екен. Сонда менің ағайым атқа мініп артымнан үйге келіп сабақ оқытып кететін. Шәкіртінің обалын ойлайтын ұстаз осындай-ақ болар. Ол кісінің еңбегін ақтап ана тілінен, математикадан кейінгі сыныптарда қатарымды басып оздым. Күрделі мамандықты игеріп, қаржыгер, экономист болумен қатар әдебиетке, жазу-сызуға қабілетті болуым осы ұстазымның арқасы» деді ол.
Келесі сөз алған ағаның ізінен ерген әріптесі, бастауыш сыныптың озат мұғалімі Нұржамал Сәрсенбаева өмірлік тәжірибені осы кісілерден алғанын айтып, мектептерге кейін енген пәндерді кіріктіріп оқытудың методикасын сол кездің өзінде шеберлікпен пайдалана білген ұстаз тәжірибесін ортаға салды.
Бұл оқу ошағынан мемлекетімізге белгілі қай­раткерлер, ғалым, жазушылар шыққаны туралы тоқталған Жаңарық ауылындағы №167 орта мекте­бінің директоры Қалдыбай Елемесов осы шараны ұйымдастырып отырған ардагерлер ұйымына, ұстаздың ұрпақтарына өз атынан алғысын айтты.
Жаңарық ауылындағы №167 орта мектебі жақын арада «Жайлы мектеп» ғимаратына көшіп, оқушыларға мүлде жаңаша жағдай қалыптасқанын айтқан білім ордасы басшысы қайткенде де мектептің жүрегі – ұстаз екеніне тоқталып, қызметіне адал аға ұрпақтың ізгі дәстүрі жоғалмаса екен деген тілегін жеткізді.
Кеште ұстаздың ұрпақтары атынан сөз алған Манап ағаның қызы әрі оқу ошағында бірге қызмет атқарған әріптесі Алмагүл апай: «Оқу бітірген жылы мені жолдамамен Өзбекстанға жіберген болатын. Әкем Өзбекстанның білім министріне кіріп, рұқсат алып, өзім түлеп ұшқан ауыл мектебіне жұмысқа орналастым. Әкем екеуміз параллель сыныпта сабақ беріп жүр­дік. Кейін мен төл мамандығым – математика пәнінен жоғары сыныптарға сабақ бердім. Түркістан қаласына тұрмыс құрып, әрі қарай сол жақтағы мектепте ұстаздықты жалғастырып, зейнетке шықтым» деді ол.
Рухани кеште біз Манап ағаның ұстаздық қырымен қатар адами болмысына да терең ой қанықтырдық. Ол кісі жайлы кім ой тербесе де ұстаздың шәкіртіне бар мейірімін арнаған үлкен жүрек иесі болғанын айтты.
Кісінің өзі жарық дүниеден озып кетсе де соңынан сауабы жетіп тұратын үш құндылық бар. Соның бірі – ұрпаққа білім беру, екіншісі жол салу, үшіншісі адамдар пайдаланатын құдық қазу» дейді. Бұл кісі жас көкірекке білім нәрін құйып, жас ұрпақтың көзін ашқан ұстаз. Сонымен қатар ұл-қыздарының айту­ынша, бұрынғы тұрған ауылдары – Талап елдімекенінде әкелері қазған құдық бар екен. Құдықты қазуда үлкен қақпатас кезігіп, оны оя алмаған, су аз шыққан, кейін балалары қақпатастың шетін ойып, құдықты тереңдетіп қазды. Қазір ел осы құдықтан су ішіп отыр. Бұл ауылдағылар кезінде «бейнетке тоймайтын үш адам» деп өздері ат қойып айдарлаған Қалдыбек деген кісіні, Рахия деген апаны және осы Манап ағамызды ерекше мойындаған көрінеді.
Әкені еске алу кешіне үлкен әзірлікпен кіріскен перзенттері ел-жерді аралап, әкесінің көзін көрген, ол кісімен бірге қызметтес болған көзі тірі ардагерлерді тауып, лебіздерін тасқа жазып алуға құмбыл болыпты. Еңбек еш кетпей, Тасбөгет ауылында тұрып жатқан Зағипа апайымыз, Жаңақорған кентінде тұратын Тұрғанбек ағай, Өзгент ауылында тұратын Серікбай ағайлары айтып берген тағылымды естеліктерді осы күні бейнеролик арқылы көпшілік назарына ұсынды.
Бұл кісілердің қай-қайсысы болмасын замандастары туралы айтқанда Манап ағаның өте қарапайым, еңбекқор, елгезек, ақкөңіл жан болғаны туралы жүрек тербейтін оқиғаларды көз алдымызға келтірді.
Шарадан соң оңаша тілдесуімізде көңіл сырын бүкпеген Әшіркүлдің әңгімесі төмендегіше өрілді:
«Әкем отбасында балаларына өте талапшыл болды. Ол ең алдымен бізді еңбекке тәрбиеледі. Ауылда жер көп қой. Шеңгелді – бұталы жер­ді тазалатып, иен аймақты жайқалған жасыл бау-баққа айналдыруға болатынына біз бала кезден өз еңбегімізбен қол жеткізіп үлгердік. Егістікке тұрмысқа қандай азық қажет, соның барлығын ектік. Картоп, пияздан басқа, қызылша, маш, қауын-қырбыз, асқабақ, сәбіз, тарыға дейін ектік. Шеңгелді шауып, қоршалап, қора жасап, егінге мал түсіп кетуден қорыдық. Кереметі сол, есік алдында үлкен бақ болатын. Әкем сол бақты баладай мәпелеп, алманың, өріктің өзінен будандастырып басқа түрлі сорттарын шығарды.
Әкеміз өмірден кеткен соң бау да қурап қалды. Бірақ бала кезінде баудың баурайында ойнап қайтатын балаларым осы құндылықтың құдіретін бойға сіңіріп үлгергеніне ризамын. Өз ұлдарым Құттықожа ауылынан жеке адамның иелігіндегі бауын сатып алып, көркейтуді қолға алды. Атаның ісін жаңғырту – ол да жақсының соңында қалған бір із деп санаймын», – дейді ол.
Жақсының көзі, өзі де қырық жыл ұстаздық еткен Әшіркүл апайымызды тағдыр басынан сипай қоймады. Өмірлік серігі, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, сол қасиетімен көпке танымал болған ері-Жаңабек қырық жасында дүниеден озып кетті. Соңында қаған бес перзентті ұстаз-ананың өзі өсіріп-тәрбиелеуіне тура келді. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, небір ауырпалықтарды төзіммен жеңіп, балапандарын ешкімнен кем етпей, өсіріп-жетілдірді.
Әшіркүл Пірімбетова 1993 жылдан бастап аудан орталығындағы №169 орыс-қазақ мектебіне қазақ сыныптарының мұғалімі болып ауысты. Қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Қазірде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген шәкірттері арасында Нұргүл Назарымбетова, Гүлжазира Ертасова, Рабиға Сыздықова сынды оқушыларының есімін айрықша атады.
Әшіркүл Манапқызы 2019 жылдан бері зейнеттік демалыста. 40 жылға жуық еңбек өтілінде бірнеше рет саланың Құрмет грамотасын иеленді.
Ол 2016 жылы «Білім KZ» электронды порталы ұйымдастырған республикалық байқауда «Ең үздік сабақ» номинациясы бойынша жүлдегер атанғанын айтты.
– Бүгінге дейін өмір жолымнан түйгенім, өзі адал тер төгіп, еңбек еткен жан ғана кісінің қадіріне жетеді. Ал өзі бейнет шекпеген, өзі арқалаған мехнаттың жемісін татып көрмеген өзгелердің де бағасын білмейді. Ұққаным, өмірдің мектебі – тек қана еңбек. Ол адамның ой-санасын жарқыратып көкіректі иманға кенелтеді, өмірде бақытты етеді, – дейді Әшіркүл Манапқызы.
Осынау ұстанымын шынайы өмірімен дәлелдеп келе жатқан педагогті нағыз қазақ қызы деуге болады.

Баян ҮСЕЙІНОВА


15 сәуір 2025 ж. 165 0