№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әділетті сүйгенге әдемі ғұмыр тән

Әділетті сүйгенге әдемі ғұмыр тән

Ұстаздық жолында бірнеше білім ошағын басқарған, соның әрбірінде әлі келгенінше әділдіктің орнығуына маңдай терін төге білген білікті ұйымдастырушы, аудан орталығындағы Садықбек Сапарбеков атындағы №125 орта мектептің директоры  Қалдыбек Ахметовтың 63 жасқа толуына орай ол осыдан бұрын басшылық еткен білім ошағы – Мұхамеджан Қаратаев атындағы №51 орта мектебінің ұжымы құрметпен орталарына шақырып, салтанатпен атап өтті.
Мазмұнды шараны мәртебе асырып, мерекелеу ғана емес, ел алдында есеп беруім деп сезінетін тұлғалар үшін ғибратты басқосудың мәні – өткен өмірдің өнегелік өрнегімен айшықталса керек.
Кейіпкеріміздің өз кәсібіне шынайы берілген кемел келбетінің астарында ата-бабасынан бері ұрпақ ұлағатына ұстын болуға ұмтылған ұлы міндеттілікті аңғаруға болар еді. Ұстаздар династиясының бастауында тұрған аталары – Досман өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап туған жерде ұстаздықты ұлық тұтқан, оның 20 жылында атамекені – Аққұмның мектебінде директорлық қызмет атқарған жан. Өз перзенттерінен ұлдары Қоңырат пен Қалдыбек, қызы Құралай ұстаздық жолын жалғастырса, қалған екі ұлы Камалы мен Сержанынан тараған ұрпақтарынан Ғалымжан, Ләззат мұғалім. Сондай-ақ, Қалдыбектің ұлы – Нұржан №168 орта мектебі тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі, Индира мұғалім, қыздары Алтыншаш, Гүлжан әкелер үлгісімен ұстаздықты жалғастыруда.
Бүгін зейнеткерлік жасқа жетіп отырған Қалдыбек Досманұлы ең алғаш еңбек жолын өзі туып өскен Аққұм разъезіндегі мектепте мұғалімдіктен бастаған. Өмірлік жары Гүлнар Қасымбекқызы да ауылдағы мектепте бастауыш сыныптарға сабақ берді.
Ұстаз – ананың өткен жолы артына қайырылып қарағанда қарапайым, бірақ көңіл қанаттандыратындай аяулы естеліктерімен қымбат.
1978 жылы Аққұм ауылына ұстаздар отбасына келін болып түсті. Үйдің сәнін кіргізген кербез ару ауыл мектебінің де ажарын ашып, шәкірттер жүрегіне сәуле себезгіледі.
Кейін отбасымен Қожакент ауылына қоныс аударуларына байланысты жас мамандар ауылдағы №168 орта мектебінде ұстаздық қызметтерін жалғады. 1992-1998 жылдар аралығында Қалдыбек аға аталмыш мектептің тәрбие және оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 2002 жылы осы ауылдағы №184 негізгі мектебінің тізгінін қолға алған. 2009 жылдан бастап қайтадан №168 орта мектебіне директор болып таңдалып, талап тұрғысынан таныла білді. 2017 жылдан бастап аудан орталығындағы №51 жалпы орта мектебін басқарса, биылғы оқу жылынан бастап аудан орталығындағы №125 мектептің директоры.
Бүгінде өзге оқу ошағының "отымен кіріп, күлімен шығып", жаңа жетістігіне негіз қалауға көшкен еңбекқор тұлғаны алпыс үш жасқа толған кемел сәтінде арнайы орталарына шақырып, құрмет көрсетуді ұйғарған мектеп басшылығының бастамасы ықыласты көңілдерден қолдау тауып, мерекедегідей шат-шадыман көңіл-күймен жалғасын тауыпты.
Кешті ашқан мектеп директоры Жеңіс Ибрагимов: "Ағалар жолы – әрдайым үлгі. Біз сол арқылы мақтанамыз", – дей келе, салмақты да сарабдал, әділ ұстанымымен ұжымда биік мәдениетті, зияткерлік әлеуетті, ортақ ауызбіршілік пен түсіністік ахуалды орнықтыруда ағалық өнегесі басым Ахметов Қалдыбектің қазірде өзі басқарып отырған қарашаңырақтағы қолтаңбасы жөнінде тоқталып өтті. Одан әрі осы мектепте ұзақ жылдар ұстаздық еткен, қазір құрметті демалыста Балжан Есетова апайымыз бен мектептің ардагерлер кеңесінің төрағасы Изатулла Құлахметовтер сөз алып, өздерінің алғаусыз тілектерін жеткізді.
Мерекелік кешті ән мен жырмен көркемдеген №51 орта мектебінің өнерлі ұландары құрметті қонаққа арнау оқып, ұстаз көңілін бір толқытты. Мұғалімдер Бейсенбаева Маржан, Әділханов Ерсұлтан, Балғабаева Айжан және Нұрманова Фариза,  Майлыбаева Жаннаның орндауында әндер көрермен жүрегінен жол тапты.
Өзінің жүрекжарды лебізімен бөліскен кеш иесі, ағарту саласының майталманы Қалдыбек Ахметов өзі басқарған ұжымға алғаусыз рахметін жеткізді. Ал мектептің оқу және тәрбие меңгерушілері Бағым Мұратбайқызы мен Ерман Ахметов педагогикалық ұжым атынан ұстазға Арнау хат және портретін тапсырып, иығына шапан жапты.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ

29 ақпан 2020 ж. 639 0